Ұлттық сезім ұрпаққа дарысын десең, Атамекенді қорға, сыйла, мекеніңді біл,  таны. Әр адам ата-бабамыздың өткенін біліп, бүгінгіні талдай-сараптай отырып, болашақтан үміт күтіп, кешегіден бүгінгіміз жарқын, алда Алтын ғасыр, алтын ғұмыр тұр деген оймен өзі де, ұрпағын да сендіре тәрбиелеу қажет.

 

Қазақты басқа ұлт өкілдерінен бөлек тану, оның тарихын, шыққан тегін білу, оның тамырын білу, тану, ажырату қажет. Тамыр деген тарихымыз болса, онда сол ұлттың салт-дәстүрін білу абзал. Қазақ баласы өзінің ата-тегін біле отырып, шыққан руы мен ұлысын ұмытпаған, жеті атасын тарата білген. Белгілі ғалым, тарихшы академик Манаш Қозыбаев «Қазақ шежіресін зерттеуді, оны білуді рушылдық, жершілдік сияқты келеңсіз құбылыстармен шатас-тырмау керек. Ауызша тарих айту дәстүрінсіз қазақ халқының тарихын жасау мүмкін емес», — дейді. Тарихыңды тану – өзіңді өзің тану деген сөз. Орыстың ұлы ғалымы М.Ломоносов «Ұлттық сананы қалыптастыруда тарихтың атқа-ратын міндетін өзге бірде-бір ғалым атқара алмайды» деген екен. Тек қана тарихыңды біліп танығанда ғана өз ұлтыңды, Отаныңды сүйе аласың деген ұғым қалыптасуы — заңдылық. Бабаларымыздың қай өңірден шыққанын санамызда ұстай отырып, тарихи атамекенімізді тану, білу, құрметтеу арқылы ұрпақты тәрбиелеу, ата-анамыз, ата-әкелерімізге түскен қасиетті үлес екенін әрқайсымыз білген абзал. Қазақ — өмір бойы енжайлап емін-еркін өскен халық десек те, көптеген тосқауылдар мен қиыншылықты — жоңғарлар мен қалмақтардың, т.б. шабуылын көріп, төтеп беріп, аяғында жеңген халық. Патшалық Ресей Абылай хан кезінде, орыстардан қорғаныс іздеп, келіссөз жүргізгендіктен, патша үкіметі өмір бойы енжайлап жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген қазақтарға тыйым салып, отырықшы, жартылай отырықшы етіп, қазақ жерін өз меншіктеріне айналдыра келіп, орыстар мен украин шаруаларын қазақ жеріне көшіріп, шұрайлы жерлерді солардың қарамағына меншіктеді. Қазақ шаруаларын біртіндеп ығыстырып, жатақ ауылы деген атпен шөлейт жерлерге, қырға қарай ауыстырылды. Су жиегі — өзен-көлдер бойына сонау Өскеменнен Омбыға дейін Ресей әскерін орналастырып, Станциялар-бекеттер салынып орналастырылды. Әр станция–бекетте 1500 дейін солдаттар мен офицерлерге Ресей заңына сәйкес соларға тиесілі аймақ бола бастады. Офицердің мал жағдайы болмағанда өз жерімізді өзімізге жалға беретін болды. Осылай кешегі қазақ ауыл-дарының орнына Петропавловская, Покровская, Щучинское, Лобоновская, Семиярский, Песчанный, Чернорецкий, Ямышевский деген орыс ауылдары пайда болды. Тек қана Павлодар уезіндегі 52 уездің 27- сі орыстарға тән болды. Ағаш үйлердің көпшілігі келімсектердікі екені барлығына мәлім. Бір қызығы, қазақтарды басқарып, айтқандарын өткізу саясатымен кейбір қазақтың пысықтарын орысшаға үйретіп, өздерінің кейбіреулерін қазақшаға үйретіп, біз қазақ-орыспыз деген саясатты ұстаған. Олар тілге, дінге соншалықты қарсылық жасамай, уезд басшыларын, ауылнайларды, болыстарды сайлауға тікелей қатыстырып, өз ойларын өткізгенін білеміз. Бәрімізге аян қазақ елінің жері әртүрлі түсті кен рудаларына, кендеріне бай. Өзіміздің Екібастұз қаласында өмір сүрген жерлесіміз Қосым Пішенбаев деген тастың тілін білетін, қай жерде қай түсті кен, көмір жатқанын біліп айта алатын қасиет иесі адам болған. Орыстың көпесі Деров деген адамның қарамағында жұмыс істеген. Қосым қай жерде, қандай кен байлығы жатқанын айтып отырған. Семейдің тау-кен инженереі В.Концовский Қосым бабамыз туралы: «…часть открытия Екибастузкого, Мойылдинского, Рудного месторождения принадлежит киргизкому (казахскому) Косыму» — деп жазып жеткен тарихи дерек бар. Қосым Пшенбаевты көрген, білетін адамдар — ол адам палуан, ірі адам болған. Бүгінде «Қосым кеніші», «Қосым линиясы» деген жерлер бар дейді. Патшалық Ресей үкіметінің қазақ жерінің байлық қазбаларын білгесін «…Всякого рода металлов, минералов, соли вся киргизкая (казахская) степь очень богата, необходимо открыть заводы, месторождения» деген үкім шығарылып қазақ жерінде, оның ішінде Павлодардың Баянауыл өңірінде де кен байыту, өңдеу зауыттары салынып – балқытылып еліміздің байлығы тонналап Ресей мемлекетіне жеткізілгендігін ұрпақ білгені дұрыс деген ойдамын. Бүгінде ол өндіріс біздің аймақта жоқ, алып кеткен болуы керек. Кеңес өкіметі келер қарсаңында 1919-1920 жылдарда Қазақстандағы зиялы қауым «Алаш» партиясын құрып — Мыржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты ғұлама ел жанашырлары жеке-дара қазақ мемлекетін құруға жаңа келген большевиктер партиясының басшылары – Ленин, Сталин, т.б. бастаған басшылары қазақ зиялыларына қарсы болып, бас көтертпей  тұтқындап, «халық жауы» деген жалған жаламен  көпшілігін жер аударып, 25 мыңдай қазақтың  маңдайына біткен көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлерін ату жазасымен үкім шығарып, өмірден оздырғанына тарих куә. Патшалық Ресей үкіметін алмас-тыра келген мемлекеттік алғашқы қадамы Кеңес үкіметі, сол кездегі мемлекеттік саясатына сәйкес жеке шаруашылықты ұжымдық-біріккен кооперативтер — колхоздар құрып, жергілікті қазақтарды – «Сендер өз еріктеріңмен, мүдделік ұстанымдарыңа сәйкес ұжымдасуға кіріңдер» — деген жалған саясатпен мал –мүліктерін тәркілеу бірнеше жылға созылған. Ал аздаған малы барларға ет, сүт, заттай салық салынып, халықтың әл-ауқатын тіпті нашарлатып, мүлдем кемуіне әкелген. 1931 жылдар шамасындағы аштыққа ұласып, көп қазақтардың елінен, жерінен безіп, шекара асып – Ресей, Қытай, Монғол, Сібір жаққа қашып кетіп, паналауларына тура келген. Қандастарымыздың көпшілігі өздерінің ата мекендеріне келе алмай бөтен елді мекендеп жүрулері сол бір келеңсіз, жалған саясаттың нәтижесі екенін бүгінгі ұрпақ тарихтан оқығандарына қосымша айтуға тура келіп тұр. Ел арасындағы зиялы әрі жанашыр, ұлт қамын ойлайтындарға әртүрлі бөгеттер жасап, әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыратып, тек қана Павлодар өңірінде ғана 4 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшырап, 800-ден аса адам атылған (Тарихи-мұрағат деректерінен). 1941-1945 жылдар аралығында бүкіл әлемге белгілі Ұлы Отан соғысы деп аталатын Кеңес (Совет) – Герман соғысы болып, мыңдаған ер азаматтар әскерге шақырылып, жартысынан көбі елге оралмай, бөтен елдің жерінде жер жастанды. Қайтып келгендерінің көбі жарымжан, жаралы болғаны мәлім. Қоғамда, елде әйел адамдар мен жастар еңбек етті. Соғыс жылдары Кавказ өңірінен шешен, ингуштар, сол сияқты карачай, балкар, қарақалпақ, Волга бойының (Поволжье) немістері, т.б. ұлттар қазақ жеріне жер аударылып, Қазақстан халқы келімсектерімен толықты. 1954 жылдан бастап қазақтың ен даласындағы тың жатқан жерді игеру үшін Ресей қалаларынан тың игеруші орыс, украин халқын мыңдап қазақ жеріне орналастырып, жаңа совхоздар, аудандар пайда болды. Осының бәрі қазақтың баласы үшін пайдасы мен зияны болды десем артық болмас. Әрбір ауданда, ауылда орыс тілді мектептер көбейіп, қазақ мектептері азая келіп, қазақ тілі өзінің ұлттық биік мәртебесінен түсе бастады. Осылай біртіндеп қазақ балалары өзінің ұлттық мектебінен орыс мектебіне ауысып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мұрадан азды-көпті алшақтай бергені өкінішті болса да шындық. КСРО-ның соңғы коммунистік партия мен үкіметтің бірінші басшысы Михаил Горбачев пен ұшқыр мінезді Борис Ельциннің билікке таласуының арқасында Кеңес үкіметі өз дәуірін аяқтап, мемлекеттің ыдырап, бұрынғы 15 республиканың әрқайсысы ешқандай мылтықтың дүмпуінсіз ыдырап, жеке-дара тәуелсіз мемлекет болып шыға келді. Біздің елді – Қазақстанды басқаруды халық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Ол сол отырғаннан Қазақ елін 30 жыл басқарды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының көпшілік дауысына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның дамуына бірлесіп адал да таза, сапалы еңбек етуге біріккен жастарға тәуелсіз Қазақ еліне сенім арта отырып, үміт күтуде. Бұл мақала жазудағы басты мақсатым — соңғы ұрпақ – жастар ата-бабамыздың ғасырлар бойы әртүрлі қиыншылықтар мен таршылыққа көне, төзе отырып, атамекеніміздің туын биік ұстап, түсірмей ұрпақтан ұрпаққа жеткізсе екен тілегім. Мақаламдағы ниетті тілегім мен сөзімді жалғастыра келе, мектеп ұжымдарының басшылары оқушыларға ұлттық рух, ұлттық сана мен сапаға мән бере отырып, әрбір жас буынға атамекені, атажұрты туралы құлақтарына сіңістіре отырып ата-бабаларының бастарынан өткен тарихты елестете отырып айтса деген ойды жеткізбек едім.

Осы жерде Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер» өлеңінен:

«… Жаратылдым

   топырағыңнан, сен — түбім,

Жалғаны жоқ,

             бәрі сенен жан-тәнім.

(Еліне деген сүйіспеншілікті жырлау)

Сеннен басқа жерде

                           маған қараңғы,

Жарық болар Шолпан,

                     Айым, Сен — Күнім,

…Тәтті суың дәмі

               аузымнан еш кетпес,

Қалың нуың, қыр,

                  суыңа жер жетпес.

…Түнде – ақсүйек,

             алтыбақан, ал күндіз.

Үйретем деп асау

                        тайға жабысып,

«Адам басы — Алла добы»

                                      деген рас,

Қалай қуса, солай

                      кетпек сорлы бас,

Кім біледі, мен де

                       шетке кетермін,

Туған жерім,

           сені тастап, басым жас.

Осыған орай, жазарым да, айтарым да қай заманда, қашанда болса адам туған жерін, атамекенін сүйіп, жырлап өткен. Оны білу, тану, сену керек. Бәрін білу, көру, тану өмір жолы дегенді еске алып қорытынды – түйінді ақын Мәриям Хакімжанованың «Кім білген?» атты өлең жолдарымен тәмамдаймын.

Қиындық көрмей өмірден

Өмірдің құнын кім білген?

… Ашығып асқа тарықпай,

Тоқтықтың құнын кім білген?

Жоқтықты көріп жұтамай,

Бардың құнын кім білген?

Жесірлік көріп жыламай,

Жардың құнын кім білген?

Қубастың зарын тартпаса,

Баланың құнын кім білген?

Қайратың кеміп қартаймай,

Жастықтың құнын кім білген?

Жауыздықты тойтармай,

Қаруын қарсы қайтармай,

Достықтың құнын кім білген?

Отан үшін аттанбай,

Ойран салмай жауыңа

Ортақ болмай дауына,

Отанның құнын кім білген?

Алла тағала ел арасына тыныштық беріп, дау-дамай аулақ қылсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел іргесі берік болсын!

Қабидолла ӘЛІБАЕВ,

КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, Қазақстан білім саласының «Құрметті қызметкері», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, «Ақсақалдар тағылымы»  қоғамдық бірлестігінің мүшесі.