Ол — еліміздегі, Павлодар облысындағы талай тарихи сәттің куәгері. Оның таспасында ешкімде жоқ ерекше кадрлар көп сақталған. Өйткені өз мамандығының майталманы аймағымызда болып жатқан барлық оқиғаның бел ортасында жүреді. Сондықтан өткен жылы ол түсірген фотосурет «Үркерде» үздік деп танылды. Бүгін тәжірибелі фотожурналист Валерий Бугаев жайында әңгіме қозғамақпыз.
Валерий Бугаев жүрек қалауымен келген журналистика саласында талай жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде өртті де, су тасқыны кезеңін де, сәбидің өмірге келу сәтін де, қайғылы оқиғаларды да таспасына түсірді. Кәсіби фотограф таңертең үйден шыққан кезде кешке қай оқиғаның ортасында жүретінін білмейді. Өйткені тәуліктің кез келген минутында шақырту түсуі мүмкін. Мұндай сәттердің бәрін Валерий Бугаев қалыпты жұмыс деп қабылдайды.
— 2022 жылы қақаған аязда Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде орын алған жағдайды әу баста алапат апат деп қабылдамадық. Таңертең қоңырау шалып, кеншілер шаһарына аттанатынымызды айтты. Кешке дейін үйге ораламыз деп ойладым. Бірақ магистральді құбырлардың жарылуы салдарынан жылусыз қалған қалада бір апта болып, жергілікті тұрғындардың күйін кештік. Жедел штаб құрылып, барлық ақпарат сол жерде жарияланды. Жауапты мамандар ұйқысыз жұмыс істеген еді, — деп еске алды фотограф.
Оқыс оқиғаның ортасында жүрген В.Бугаев мамандардың төтенше жағдаймен күресуде жанын салып жұмыс істеген сәтін фотоға түсірген. Жедел штабта түнеп, сағат сайын өзгеріп отырған жағдайды таспасына басып отырған.
— Екібастұздағы алапат апат жұртшылықты уайымға салды. Қалада жылу құбырлары, жылу беру жүйесі жарылып, су құбыры мен кәріз жүйесі қатып қалды. Коммуналдық қызмет апат салдарымен күресу үшін қақаған аязда күндіз-түні жұмыс істемеді. Ұйықтауға, шаршауға уақыт болмады. Қала орталығындағы барлық жол қазылды. Кешкі уақытта -30 градус аязда көшеде келе жатсақ, 3 адам шұңқырдың ішінде жұмыс істеп жатыр екен. Ондағы судың температурасы белгісіз, физикалық тұрғыдан жұмыс істеу ауыр еді. Бір жігіт суды сорумен айналысса, екіншісі құбырды кесіп тұрды. Айналаның бәрі мұздай су. Кез келген сәтте ток соғуы мүмкін еді. Осындай жанкешті еңбекті жылдам түсіріп алдым. Өте сәтті кадр шыққанын да түсіндім. Жұмысшылардың жанқиярлық еңбегі кадрда айқын көрініп тұрды, — дейді фотограф.
Дәл осы Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай кезінде түсірілген сурет «Үркер» ұлттық журналистика сыйлығын жеңіп алған болатын.
Атап өтерлігі, Валерий Бугаев өз тәжірибесінде талай төтенше жағдайларда жұмыс істеген. Ол 90-ыншы жылдардың басында орын алған Баянауылдағы алапат өрттің қалай сөндірілгенін де өз көзімен көрген.
— Жасыбайда орман өртеніп, тілсіз жау тікұшақпен сөндірілді. Өрт сөндірушілер жанын салып жұмыс істеді. Қызыл жалын мен түтінге оранған оқыс жағдай кезінде фотоға түсіру оңайға соқпады. Тауға көтеріліп жатқанда өрт лапылдайды. Әсіресе, қылқан жапырақты орман тез жанады. Осындай жағдайларда да қызметімізді атқардық, — дейді Валерий Бугаев.
Жалпы, журналистика Бугаевтар әулетінің отбасылық кәсібі десек, қателеспейміз. Әкесі Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде аудандық газеттің редакторы болған. Үлкен ағасы Владимир Бугаев та Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде талай жыл еңбек етті. Валерийдің қызы Ольга Бугаева да өмірін журналистика саласымен байланыстырған.
Валерий Бугаев бала күнінде әкесінің жұмысына жүгіргенін айтады. Ол газеттің қалай жасалатынын, онда басылатын суреттерді кішкентайынан бақылаған. Оған алғашқы фотоаппаратты ағасы сыйлаған. Сонымен қатар, бала Валерий радиоэлектроникаға қызығушылық танытқан. Әкесі ұлының техникалық білім алуын талап еткен. Алайда тағдыр кіші Бугаевты фотожурналистикаға алып келді.
Үлкен ағасынан кейін Валерий де Павлодар қаласына көшіп келген. Алдымен ол телерадио орталығында, аппараттық-студиялық блокта жұмыс істеді. Жаңа жабдықты орнатуға көмектесті және жұмыс барысын таспаға түсірді. Ал облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде фототілші орны ашылғанда, өз кандидатурасын ұсынды. Сол кезде аталмыш редакцияда оның үлкен ағасы Владимир Бугаев жұмыс істеді. Редакция 20 жастағы жас маманның шеберлігіне сене қоймады. Сол сәтте Валерийге трактор зауыты қызметкерін фотоға түсіру туралы тапсырма берілді.
— Жүрек қалауындағы мамандық бойынша жұмысқа тұру үшін бар мүмкіндікті пайдаландым. Алдын ала өнеркәсіп туралы жазған газеттерді қарап шықтым. Мен Харьков және Челябинсктегі трактор зауыттарын қалай түсіргенін көрдім, ұтымды кадрларды қалай жасауға болатынын ойладым. Сондай-ақ, трактор зауытына барар алдында мен кеме жөндеу зауытына да бардым», — деп еске алады Валерий Бугаев.
Ол дайын фотоларын редакцияға алып келді. Сәтті жұмыстарының нәтижесінде қызметке қабылданады.
— Газетте жұмыс істегенде маған дейін ешкім түсірмеген кадрды түсіруге тырысам. Мен Екібастұздағы саяси тұтқындар жерленген жерді фотоға түсірдім. Бастамашыл топ бұл орынды күл үйінділерінің астынан тапты. Қазір аумақ қоршалған, ескерткіш тұр, ал біз барғанда адам сүйектерін көрген едік. Ағам екеуіміз алғашқылардың бірі болып 80-ші жылдардың аяғында Екібастұзда теміржол апатын түсірдік. Күн бұлтты болып, қалың қар жауғаны есімде, бірақ соған қарамастан біз жақсы жұмыс істедік, — дейді фототілші.
Бір жылдары Павлодар мұнай өңдеу зауытында жанармай құйылған бөшке жарылды. Валерий Бугаев бұл сәтті қалт жібермей фотоға түсіріп алды, кейін аталған кадр елдің бас өндірістік газетінде жарияланды. Бір кездері білікті маман Семей полигонында болып, фотокадрлар түсірді.
Валерий Бугаев Павлодар облысының тарихымен байланысты барлық нәрсені фотоға түсіру ерекше қызықты екенін айтады. 40 жылдан астам уақыт осы салада жүрсе де, мамандығына деген құлшынысы жыл сайын артып жатқанын айтады.
Иә, фототілші үшін уақыт тапшы, мүмкіндік мүлдем қайталанбайды. Ізденіс үлкен жетістікке жетелейтінін де ұмытпаған жөн. Бүгінде Валерий Бугаев Павлодар облысы әкімінің жеке фотографы ретінде ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етуде. Осы күнге дейін бірнеше фотокөрме ұйымдастырып та үлгерді.
Биыл облысымызға танымал фотожурналист ардақты асу – кемелденген 60 жасқа толып отыр. Әріптесімізді туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.