Үш күн бойы облыс орталығында Ресей Федерациясының Новосібір облысының мәдениет күндері өтті. Атаулы күндер аясында бұрнағы күні «Еrtis» мультимедиялық музейінде Новосібір мемлекеттік өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Сибирь здесь» атты көрме өтті. Аталмыш көрмеге жалпы 400-ден аса жәдігер қойылды.
Музей басшысы Антон Рубшевтің сөзінше, тарихи әрі мәдени мекеме облысымызға жылжымалы көрмемен алғаш рет келіп отыр. Алдағы уақытта әріптестік қатынасты нығайтып, біздің аймаққа тағы бір мәрте көрмемен келу жоспарда бар екендігін атап өтті.
— Санаулы күндер бұрын Павлодар облысының мәдени мекемелерімен әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында келісімшартқа отырдық. Енді сіздерді өзіміздің қаламызда күтеміз, — дейді А.Рубшев.
«Сибирь здесь» көрмесі сібірліктердің ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі өмірінің көп қырлы тарихын ашады. Экспозиция үш бөлікке бөлінген. Олардың әрқайсысы аймақтың дамуын, мәдениетін және осы жерлерді мекендеген адамдар туралы баяндайды.
Біріншісі, палеонтологияға арналған. Ондағы экспонаттар арасында атақты палеонтологиялық олжалардың көшірмелері бар. Ал «Аспан балалары» жобасында біздің заманымыздың VI-VIII ғасырларындағы Батыс Сібір тұрғындарының дүниетанымы мен наным-сенімдері қозғалады. Мұнда 2017-2020 жылдары Сузунск ауданындағы Новосібір мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы тапқан қола антропоморфтық және зооморфтық бейнелердің көшірмелері ұсынылған. Темір дәуірінің киелі орнынан табылған бұл олжалар біздің дәуіріміздің І мыңжылдықтың екінші жартысындағы аймақтағы культтік құймалардың үлкен жинағын құрайды. Мәселен, олардың қатарында 230 млн жылдық миксозаврдың басы мен дене бөлігінің ізі, 200 млн жылдық стенозаврдың басы мен алдыңғы жағы және 220 млн жылдық целофизистің көшірмелері бар.
Қорытынды бөлімде суретші Борис Смирновтың ХХ ғасырдың басында Сібірді аралау кезінде қағаз бетіне түсірген эскиздері ұсынылған. Суретшінің суреттері сол кездегі көптеген кейіпкерді өмірге әкеледі. Олардың қатарында мұғалімдер, шенеуніктер, шаруалар және дінге сенушілер бар.
Новосібір мемлекеттік өлкетану музейінің палеонтология, геология және тастар коллекциясының сақтаушысы Ольга Советованың сөзінше, көне жәдігерлердің қатарында 400 млн жылдық алып трилобиттің көшірмесі бар.
— Трилобиттер – буынаяқтылар типінің құрып кеткен класы. Трилобиттердің қазба қалдықтары кембрийдің алғашқы кезінен табылған. Олардың көп тараған кезеңі – кембрийдің соңы, палеозойдың соңында жойылып кеткен, — дейді ол.
Новосібір өлкетанушылары мен ғалымдарының экспозициялары павлодарлықтарға көрші аймақтың мәдениетімен және тарихымен жақын танысуға мүмкіндік береді. Көрме 15 маусымға дейін жалғасады.
Айта кетейік, үш күнге созылған Новосібір облысының мәдениет күндері барысында шекаралас елген келген делегациялар тарихи жәдігерлер мен әртүрлі техникада орындалған картиналардың көрмесін, концерттік бағдарламалар және театрлық қойылымдарды сахналады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.