Театр мен жүректер тоғысы

Сәу 9, 2026

Бүгінде облысымызда мәдениет саласында тек өнерімен емес, өнегелі өмірімен де көпке үлгі болып жүрген жарасымды жұптар аз емес. Сахна мен тағдыр тоғысқан мұндай отбасылар көрерменге тек рөл арқылы емес, шынайы өмірдегі сыйластық пен түсіністіктің үлгісін көрсетіп келеді. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрында 9 өнерлі жұп еңбек ететінін білдіңіз бе? Олардың арасында сахнадағы әртістер де, оның артында реквизит пен бутофор болып еңбек  ететіндер де бар. Осы орайда олардың өмірлік жолы мен шығармашылық тәжірибесі туралы өздерімен сөйлесуді жөн көрдік.

Мәселен, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Әділет Ақанов пен оның жары актриса Ақтілек Ақанова осы театр қабырғасында танысып, бір-бірін шығармашылық тұрғыдан түсініп, құрметтегеннен кейін жүректері де жақындасты. Уақыт өте келе олар бірге өмір сүруді ұйғарып, отау құрды. Осылайша театр тек олардың қызметтік алаңы емес, махаббат пен отбасының бастау алған ерекше орнына айналды.

– Әділетпен 2016 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы колледжде оқып жүргенімде таныстым. Сол уақытта ол менің дипломдық спектакліме қатысқан болатын. Кейін мені өзі жұмыс істейтін Ж.Аймауытов театрына шақырды. Сол сәттен бастап өнеріміз бен өміріміз бір арнағы тоғысты. Биыл танысқанымызға 10 жыл, ал отау құрғанымызға бес жылдан асты. Әрине, бір салада еңбек еткен-діктен, бір-біріміздің жұмысымызды құрметтейміз. Өйткені, кейде түнгі, демалыссыз дайындықтарға қатысуға тура келеді. Қазақстанның өзге өңірлеріне гастрольдік сапармен шығып тұрамыз. Сондайда бір-бірімізге түсіністік білдіріп, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп отырамыз. Егер саламыз әртүрлі болса, мүмкін түсіне алмас та едік. Жалпы, жұмыс пен жеке өмірді тең ұстауға тырысамыз. Себебі, екеуі — бөлек дүние. Қызметте мен — әртіспін, ол – режиссер. Ал үйде ол – отағасы, әке болса, мен әйелмін, анамын. Кейде туыстарымыз: «Сен режиссердің әйелісің. Сондықтан басты рөлдердің барлығы сенікі  шығар» деп әзілдейді. Бірақ олай емес. Өйткені, әр кейіпкер әртістің қабілеті мен жеке ерекшелігіне сай таңдалады, – деп баяндайды Ақтілек Ақанова.

Олардың бір-біріне деген сенімі мен қолдауы тек сахнада емес, жеке өмірде де оларға күш береді. Қиын сәттерде бір-біріне демеу болып, шығармашылықтағы қиындықтарды бірге еңсеру оларды одан әрі жақындастырады және отбасының берік тірегіне айналдырады.

Аталмыш театрда аға буын өкілдері арасында ерлі-зайыпты әртістер Бейбіт Шәнім мен Дина Құспанды да үлгі тұтатын жандар баршылық. Өнерлі жұп осы театр қабырғасында танысып табыспаса да, қазіргі жас жұптарға үлгі боларлық-ақ отбасылық жұп болып отыр.

– 1987 жылы Алматыдағы мемлекеттік театр және көркем-сурет институтындағы (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсына қабылданған едім. Сол жылы Бейбітпен танысып, отау құрдық. Ол менен жоғары курста оқитын. Сол уақытта ол Алматыдағы Қуыршақ театрында уақытша актер болып жұмыс істейтін. Кейін 1991 жылы оқуды аяқтағаннан кейін осы Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрына жолдамамен келдік. Бүгінде осы өнер ордасында 35 жылдай еңбек етіп келеміз, – дейді Д.Құспан.

Дина Шайдоллақызының айтуынша, өнер әлемінде қатар жүрген ерлі-зайыптылардың өмірі
бір арнаға тоғысқан қос өзен іспетті. Бұл үндестік олардың тағдырын жақындастырып, жүрек-терін шығармашылықпен табыс-тырса да, өзімен бірге түрлі сынақ та ала келеді.

– Егер қойылым барысында кем-кетігіміз, қателіктеріміз болса, бір-бірімізге ескертіп, айтып оты-
рамыз. Себебі, сын түзелмей мін түзелмейді. Негізі, өзім өнерлі отбасында тәрбиелендім. Әкем де өнер адамы болатын. Сондықтан бұл жолдың қандай ауыр екенін түсінемін. Бірнеше жыл бала күтімімен кеткенде өнерден сәл алыстағандай болдым. Дегенмен, жолдасымның қолдауының арқа-сында жұмысыма қайта оралдым. Бүгінде 3 баланың ата-анасымыз. Бір қызым ән  айтады, – дейді Дина Шайдоллақызы.

Актриса қазіргі өнерлі жас жұптарға алдымен өзара сыйластық пен терең түсіністікті басты орынға қоюды ұсынады. Оның айтуынша, шығармашылық ортада бірге жүрген екі адам үшін маңыздысы бір-бірінің жетістігіне қуанып, сәтсіздігіне демеу бола білу. Сондай-ақ, ол жеке өмір мен өнер жолының ара-жігін ажырата білудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, өнер иесі жас жұптарға үнемі бір-бірін қолдап, шабыттандырып отыруды, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуды және қандай жағдайда да диалог пен түсіністікті жоғалтпауды кеңес етеді. Себебі, берік қарым-қатынастың негізі – ашық әңгіме мен өзара құрмет.

Бұдан бөлек, өнер ордасында қызмет ететін  жұп әртістер қатарында көпшілікке белгілі әртістер – Жұмахан Доспаев пен Гүлжанат Омарова, Темірлан Мұқатай мен Райхан Мұқатай және Арман Серікқазыев пен Жанар Назикенова бар. Ал Қайрат Қоңқаев пен Жанар Қоңқаева, Дулат Хасанов пен Самал Оразалимова, Қайрат Құсайынов пен Айгүл Құсайынова және Бауыржан Атығаев пен Анар Әубәкірова реквизит, бутофор болып еңбек етеді. Олар театрдағы әр қойылымның шынайы әрі әсерлі шығуына үнсіз үлес қосып келеді.

Құрметті театрі сүйер қауым! Әңгімеге арқау болған отбасылық жұптарды, олардың сахнадағы рөлдерін жақыннан тамашалағыңыз келсе, театрға келіңіз!

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.