Жарты ғасырға жуық уақыт… Тамырын тереңнен тартатын театр тарихы үшін бәлкім көп те емес шығар. Ал қырық жылдан аса ғұмырын сахнаға арнаған саңлақ үшін бұл дегеніңіз бір адамның тұтас өміріне татитын қажырлы еңбек. Төзім мен жігер. Ізденіс пен ілім. Сезім мен сергелдең. Осының барлығын бір басынан өткеріп, киелі сахнаға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожа қай кезде де шығармашылық бабын бәсеңсіткен емес. Үнемі үздіксіз ізденіс үстінде. Қашан көрсең өнер үшін өрекпиді, театр үшін толғанады. Жуырда кейіпкерімізбен кездесуге мүмкіндік алып, әңгімеге тартық.

— Бақтияр Абдуллаұлы, көпшілік көрермен сізді кино актері ретінде таниды. Бүгінге дейін «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясына, «Қара шегіртке», «Офицер мырзалар», «Сталинге сыйлық», «Қызғылт қоян туралы хикая» секілді фильмдерге түстіңіз. Осы отандық кинолар сізге не бере алды?

— Театр болсын, кино болсын екеуі де – өнер. Екі бағытта да өзімді сынап, көп тәжірибе жинадым. Мәселен, өзіңіз атап өткен «Сталинге сыйлық» фильмін алатын болсақ, онда мен Сталиннің оң қолы атанған жағымсыз кейіпкер Балғабайдың рөлін сомдадым. Негізі, жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдау қиынға соғады. Актер болғандықтан әр фильмде әртүрлі мінездегі кейіпкерлердің рөлін сомдаймыз. Бірі – жағымды, бірі – жағымсыз болуы да мүмкін. Осы рөлдерім арқылы мол тәжірибе жинадым. Біз кейіпкерді таңдамаймыз. Басты мақсатымыз – сол кейіпкердің ішкі жан дүниесіне ене отырып, көңіл-күйін, сезімін көрермендерге жеткізу. Болашақтағы мақсатым – өзге де қызықты кейіпкерлердің рөлін сомдау.

— Өнер жолына қалай келдіңіз? Бойыңыздағы талант ұшқыны бала кезден бастау алды ма, әлде өсе келе пайда болды ма?

— Кино десе көз алдымызға алдымен Шәкен Айманов атамыз келеді. Режиссердің түсірген фильм-дері бүгінде көпшілікке етене таныс. Бізде бала кезден сол фильмдерді көріп өстік. Ондағы әртістердің түрлі эмоциясы, өздерін ұстауы, сөз саптауы өзіме ерекше ұнайтын. Мәселен, «Қыз Жібек» фильмі жарыққа шыққанда Бекежанның рөліндегі Асанәлі Әшімовтің, Төлеген рөліндегі Құман Тастанбековтың және Қыз Жібек рөліндегі Меруерт Өтекешованың кинодағы актерлік шеберліктері мені ерекше тәнті етті. Сонда аға-әпкелермен бірге бір киноның көпшілік сахнасында немесе эпизодында болсын рөл сомдасам екен деген арманым дүниеге келді. Алайда, негізгі арманым театр әртісі болу еді. Алғашында өзім таңдаған мамандығым бойынша жоғары оқу орнына түсе алмадым. Алайда араға бірақ уақыт салып Алматы қалалық М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында орналасқан (қазіргі М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры) екі жылдық студияға оқуға түстім. Күндіз дәріске қатысып, кешке көпшілікке сахнада өнер көрсетіп жүрдім. Сол кезде 1926 жылы Қызылорда облысында алғаш театр ашқандардың бірі Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров секілді белгілі әртістерді көрдік, олармен бірге бір сахнада өнер көрсеттік. Олардан бөлек, Сәбира Майқанова, Фәрида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев сынды сол кездегі сахнаның жұлдыздарымен сахналас болдық, олардың ақылын тыңдап өстік, өнерін тамашаладық. Соның нәтижесінде өнер дейтін салада өзіміздің орнымызды таба алдық. Бүгінде осы жолда 40 жылдан аса еңбек етудеміз.

— Әр театр әртісі үшін алғашқы рөлі ыстық екені анық. Ал сіздің оқу орнын аяқтап, кәсіби актер атанған сәтіңіздегі алғашқы рөліңіз қандай болды?

— Көпшілік сахнада сомдаған шағын рөлдерді айтпай-ақ қояйын. Менің үлкен сахнадағы алғашқы басты рөлім – Антон Чеховтың «Шағала» қойылымындағы Константин Треплевтің рөлі. Ол кезде Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрында еңбек етіп жүрген кезім. Театр директоры Райымбек Сейітметов болды. Басшымыз Ресейден Мажурин деген театр режиссерін арнайы шақыртып, осы қойылымды қойғызды. Спектакльдегі Константин Треплевтің рөлін маған сеніп тапсырды. Оған дейін де түрлі рөлді сомдадым. Дегенмен, алғашқы басты әрі қатты қиналған рөлім осы болды.

— Кино мен театрда ойнаудың айырмашылықтары қандай? Театр мен кино тілі деп бөліп жатамыз ғой…

— Кино мен театр ұғымы мен үшін — егіз. Себебі, екі сала да жаныма жақын. Алайда 2 айырмашылығын атап өтейін. Біріншіден, театрдағы спектакльге 2-3 айлап дайындаламыз. Ал кинода, керісінше уақыт аз. Сенің рөлің 1-2 дубль, әрі кетсе 3-4 дубльді ғана қамтиды. Осы уақытта сөзді де жаттап, образды да жасап тез ойлану керек. Яғни, шапшаңдық қажет. Екіншіден, театрда сын бар. Осы арқылы сен бір қойылымда жіберген қателігіңді келесі қойылымда жібермеуге тырысасың. Ал кинода оған мүмкіндік болмайды. Аздаған айырмашылықтары бар болса да екі саланы бөліп жарғым келмейді.

— Сіздің ойыңызша, «таны-малдылық», «атақты болу» ұғымдары қандай?

— Жұлдыз ауруына «шалдығатын» әншілер шығар. Неге? Себебі, оларда ұжым жоқ. Олар — жеке дарынды адамдар. Ал біздің театрда ұжым, салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар. Ал егерде ондай сезім басталатын болса, өнердегі аға-әпкелеріміз «тәйт» деп қалса бітті, басылып қаламыз. Осыдан кейін қалай жұлдыз ауруына «шалдығамыз»? (деп күліп жіберді). Бізде сондай-ақ қатаң тәртіп бар. Өзіміздің соңынан ерген жастарды да соған тәрбиелеп жатырмыз.

— Қазақстанда театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалынып, мүмкіндіктер берілуде?

— Театр әртісі болғандықтан бізге берілген рөлдерді сомдау – парыз. Кейде рөлдер берілмей жатса немесе өзімізге берілген кейіпкерді дұрыс ойнай алмай жатсақ қынжылып қалатынымыз бар. Алайда, бүгінде дейін үлкен мәселелердің бірі жалақы болды. Бұл мәселені кез келген өнер адамы айтуы мүмкін. Дегенмен театрымызға «ұлттық театр» атағы берілгеннен кейін көңіл бөлініп келеді.

— Бүгінгі жас актерлер туралы сөз қозғасақ. Оларға көңіліңіз тола ма?

— Жастардың өнеріне көңіл толатын да, толмайтын да кездер болады. Неге десеңіз, әр адам өз саласына әртүрлі жолмен келеді. Бірі бала кезден армандаса, бірі адасып келеді. Өнер жолы да дәл солай. Әсіресе, театрға адасып келген жастарға көңіліміз толмай жатады. Себебі, екінің бірі театр әртісі бола алмайды. Ал бұл саланы кішкентай кезінен армандап, ізденіп, рөлден рөлді шығарып, әнді де, биді де келістіретін жастарға қолдау көрсетуге, ағалық ақыл-кеңесімізді айтуға әр кезде дайынбыз. Болашақ жас әртістерге айтарым, алдымен төзімді болу қажет. Себебі, өнер жолы – ауыр жол. Бұл жолда түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Алайда өзің таңдап алған мамандық болғандықтан соңына дейін бару керек. Сонымен қатар, бұл жолға түскен жастар танымал, әйгілі болуды ойламауы тиіс. Өйткені, атақ, танымалдылық деген нәрсе өз уақытымен келеді. Бастысы, еңбектену қажет.

— Театр өнерінің қазіргі қоғам үшін маңызы қандай?

— Театрдың маңыздылығы бұрынғы деңгейінен өте қатты өзгере қойған жоқ. Маңызы дегенде, «Театр халыққа не береді?» деген сұрақ туындайды. Бүгінгідей озық технология қарыштап дамыған уақытта компьютер мен ұялы байланыс құралдарының көбеюі адам психологиясына да кері әсер ететіні белгілі. Спектакльді қаншама рет смартфоннан көргеніңмен, көзбе-көз қарап, әртістердің шынайы эмоциясымен жеткізе білген сахнадағы образдың әсеріне ештеңе жетпейді. Театр кез келген жанды адамгершілікке, тазалыққа шақырады. Бойыңдағы мініңді көзіңе көрсетеді. Дұрыс жолдан адаспауға жөн сілтейді. Оның артықшылығы да осында. Осы сәтті пайдаланып, жастарға айтарым, бос уақытын тиімді пайдаланса деймін. Театрға барып, жанына рухани азық жинау керек. Себебі, театрға келу арқылы адам өзгеге қарай отырып, өзін таниды. Өзін табады. Өз-өзіне есеп беруге қадам жасайды. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таба бастайды. Әрине, бірден емес, біртіндеп. Театрға екі-үш рет келген адам өзінің ішкі жан-дүниесі нені қалайтынын, не керек екенін сезіне бастайды.

— Қалай ойлайсыз, еліміздегі театр өнеріне деген жастардың қызығушылығы жоғары ма?

— Менің байқағаным, елімізде небір керемет жастар, туа бітті таланттар көп. «Жастық – ерлік жасайтын кез» деген қанатты сөз бар ғой. Өте орынды айтылған. Бізден де жастар театрын жасақтауға болады. Бірақ оған, алдымен басшылар тарапынан қолдау керек. Осының басы-қасында жүретін, жанашыр адамдар қажет. Оған алып бара жатқан білімнің, әртістік шеберліктің қажеті жоқ.

Көрсеткен дүниені алып кету – халқымыздың қанында қалыптасқан. Мәселен, осы театрға кәсіби шеберлерді емес, күнделікті өзіміз көріп жүрген мұғалімдерді тартып, сахналық өнерді асыл арманына айналдырған қарапайым қызметкерлерді әкеліп, шамалы баулып, үйретсе, міне, солардан шынайы образ туады, керемет әртіс шығады!

— Әңгімеңізге рақмет! Өнер жолында жаңа табыстар тілейміз!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.