Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық кітапханалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге бағытталған жобалар мен бағдарламаларды белсенді түрде іске асыруда.
Осы мақсатта жыл бойы өңірдің кітапханаларында көптеген шара жоспарланған. Олардың ішінде дәрістер, дөңгелек үстелдер, көрмелер және жұмысшы мамандықтарының өкілдерімен кездесулер бар. Басты жобалардың бірі — С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Адал еңбек» әлеуметтік жобасы. Оның мақсаты — жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың беделін арттыру. Бұл жобаға Торайғыров университеті, түсті металлургия мен Павлодар жоғары мұнай-газ колледжі және өңірдің басқа да оқу орындары, сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауыты секілді кәсіпорындар қатысады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдасты-руымен өткен көшпелі брифингте С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова мәлімдеді.
Кітапхана басшысының сөзінше, облыстық кітапханалар жұмысшы мамандықтарды қолдау орталығы ретінде керек ақпаратты ұсынады және өзін-өзі кәсіби тұрғыдан анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және жастар арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу мақсатында түрлі шара жоспарланған.
— Таяуда «Адал азамат. Адал еңбек. Адал табыс» атты кітап көрмесін ұйымдастырдық. Оған кітапхана қорындағы тігінші, дәнекерлеуші, аспаз, электромонтер сияқты техникалық салаларға қатысты еңбектер қойылды. Ал жалпы облыстық кітапханалар қорында 3 миллионға жуық кітап бар. Оның 167 мыңнан астамы техникалық тақырыптарға арналған. Кітапханамызда техникалық және ауыл шаруашылығы қоры жұмыс істейді. Мұнда әр жылдары басылып шыққан машина жасау, энергетика, металлургия, көлік, құрылыс, ақпараттық технологиялар, экология, ауыл, орман және балық шаруашылығы туралы кәсіптік еңбектер ұсынылған. Алайда қазақ тілінде жарық көрген оқу құралдары саусақпен санарлық. Алдағы уақытта мемлекеттік тілдегі кітаптарды көбейту ойда бар, — дейді Шолпан Шахметова.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақсу қалалық кітапханасы жастар арасында аталмыш сала өкілдерінің мәртебесін арттыруға бағытталған «Жұмысшы мамандықтарының атласы» жобасын ұсынбақ. Ал Железин аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дөңгелек үстелдер мен техникалық әдебиеттерге шолуларды қамтитын «Таңдау уақыты келді», «Табыс зертханасы» жобаларын жүзеге асырады. Аталған жобалар шеңберінде жұмысшы мамандықтарының табысты өкілдерімен және әулеттерімен кездесулер өткізбек.
Айдана БОРАНБАЕВА.