Облыстық музыкалық байқауда бас жүлдеге ие болған Дәния Усинаның авторлық әні жарық көрді. Ал әніне түсірілген бейнебаян «MUZZONE» телеарнасында көрсетілмек.
Биыл жаз айларында «Ertis Promenade» сахнасы әдеттегідей ән мен әуенге толы болды. Әсіресе, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен және қолдауымен өткен «Ertis dauysy» байқауы өңірдің жас таланттарына зор мүмкіндік сыйлады. Ән байқауына қатысушылар алдын ала іріктеуден өтіп, үлкен сахнада көрермен мен қазылар алқасының алдында өз өнерлерін паш етті. Музыка мен жарыстың көрігі қызған сәтте көрермендер дауыс беріп, үздіктердің есімін анықтады. Нәтижесінде, ерекше дауысы мен сахнадағы тартымдылығымен көзге түскен Дәния Усина жеңімпаз атанды. Байқау жеңімпазына авторлық ән жазу, кәсіби бейнебаян түсіру, сондай-ақ бейне-баянды «MUZZONE» телеарнасы мен радио эфирінде ротациялау мүмкіндігі берілді. Алдағы уақытта аталған бейнебаян аталмыш телеарнада көрсетілмек. Жас әншінің бейнебаяны қазірдің өзінде «MUZZONE» телеарнасының ресми YouTube арнасында көрерменге жол тартты.
– Жарқын, әсерлі және шабытқа толы бейнебаян жаңа жұлдыз Дәния Усинаның таланты мен ерекше дауыс қуатын паш етеді. Бұл бейнебаян – жеңістің, музыканың және шынайы сезімнің белгісі. Онда «Ertis Promenade» сахнасынанүлкен арманға дейінгі жол бейнеленеді, – делінген MUZZONE ақпараттық-танымдық музыкалық телеарнасының парақшасында.
«Ertis dauysy» – жастарға сенім ұялатып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған мәдени бастама. Байқау арқылы жас орындаушылар өз талантын танытып қана қоймай, кәсіби сахнаға алғашқы нақты қадам жасайды.
Музыкалық мәдениетті дамытуды, жас өнерпаздарды қолдауды мақсат еткен бұл жоба Павлодар өңіріндегі өнер өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ал Дәния Усинаның жаңа бейнебаяны – осы жобаның табысты жемісінің жарқын дәлелі.
Айдана БОРАНБАЕВА.
