Ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан мамандықтың түрі — тігіншілік. Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болады. Себебі тігін тігу үшін де ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез-келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады.

Инара Маратқызы — жас тігінші. Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп жүрген қолөнер шебері халқымыздың ұлттық киімдерімен қоса, түрлі оюмен өрнектелген көрпе тігеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер, тігіншілік — бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені, қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артқан. Қолөнерді жанына серік еткен Инара бұл іске бала кезінен әуес болған.

— Бала кезімнен қолөнерге, тігіншілікке жақын болдым. Өсе келе болашақта тігінші болсам деп армандайтынмын. Мақсатыма жету үшін Астана қаласындағы «Бизнес және менеджмент» колледжіне модельер-құрастырушы мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. Колледжде оқып жүргенде тәжірибе жинау мақсатында өндірістік цехтарға, ательелерге, перде тігетін дүкендерге, әскери форма тігетін фабрикаға көп жіберетін. Осының нәтижесінде тігіншілерден пайдалы нәрселерді үйрендім. Оқуды бітірген соң ұлттық киімдер тігетін үлкен сән үйіне жұмысқа орналастым. 6 айдың ішінде ұлттық костюмдер тігіп, оюлармен, тастармен безендіруді, түрлі бас киім, сәукеле тігуді үйрендім. Осыдан кейін табыспен қатар, мол тәжірибе жинадым, – дейді ол. Қолөнерші колледжден кейін білімін жетілдіру үшін Астана қаласындағы «Қазақ технология және бизнес» университетіне модельер-технолог мамандығына оқуға түсіп, киім құрастыру және модельдеу, пішу, түрлі тігу әдістерін тереңінен оқып меңгереді. Оқумен қатар балаларға тігін тігуді үйретіп, жұмыс істейді. Қазір жас тігінші цифрлық ди-зайн мамандығы бойынша магистратурада 2-курста оқиды. Өмірін қолөнерсіз елестете алмайтын ол бүгінде сүйікті кәсібінің нәсібін көріп отыр. Тапсырыспен жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетіп отырған Инара құрақ көрпе, жастық, ұлттық және сахналық киімдер тігеді. Сонымен қатар, киімдерді қайта өңдейді. Осылайша, жастайынан еңбекке араласқан, он саусағынан өнер тамған арудың қолынан шыққан бұйымдар талай үйдің сәнін келтіріп тұр.

— Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Тігін өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Бұл – көз майын тауысып істейтін шығармашылық еңбек. Өзім тіккен бұйымдарыма қарасам, әрқашан көңіліме қуаныш сыйлайды. Тапсырыс берушілердің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені шабыттандырады. Көпшілік қауым қыз жасауына, ұлттық нақыштағы қазіргі заманға сай қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген бұйымдарға көп тапсырыс береді, – дейді қолөнер шебері.  Инараның жасаған дүниелері тапсырыс берушілерге құны жағынан әлдеқайда тиімді. Мәселен, жастықтардың бағасы 5000 теңгеден басталса, ұлттық, күнделікті өмірде киетін киімдер тігу қиындығына байланысты тек тігу үшін (мата дайын болса) орташа 30 мың теңгеге бағаланады. Ал 4 көрпеден тұратын жиынтықтың орташа бағасы 52 мың теңгені құрайды.  Қазір қолдан жасалған бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Адамдар, әсіресе эксклюзивті, яғни өзінің авторлық дизайны бойынша тігілген ерекше, сәнді бұйымдарға қызығады. Тігіншілік – тиімді кәсіп. Бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көруің керек. Кейіпкеріміз Инара Маратқызы тек тігумен шектелмей, қолөнерге қызығатын жандарды осы кәсіпке баулып, курс өткізіп жүр. Айтуынша, елімізде тігін тігудің қыр-сырын үйренуді қалайтын келетін қыз-келіншектердің қатары жыл сайын көбейіп келеді.

— Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жетелейді, қанат-тандырады. Алдымен ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Енді өзімнің тігін шеберханамды ашсам деп әрекет етіп жатырмын. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді. Қолөнермен ғана айналысып қоймай, тігін тігуді үйренгісі келетін қыздарға курс өткізіп те табыс табуға болады. Мысалы, өзім тәжірибеммен бөлісуге дайындалып жүрмін, ізденіс үстіндемін. Еліміздің әр өңірінен хабарласып, сұрап жатқандар көп. Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, сапалы бұйымдар тігіп, Қазақстан мәдениетін, тігін өнерін әлемге танытқым келеді, – дейді Инара.

 

А.БОРАНБАЕВА.