Түркітектес ұлттар достығы

Нау 27, 2025

Қазақстан халқы Ассамблеясының және Түркімен мәдени орталығының 30 жылдығы, Түркі халықтары мәдени қоры мен «Түркі әлемі» газетінің 25 жылдығына орай Алматы қаласының «Достық үйінде» «Бірлігіміз – әралуандықта»  атты мерейтойлық шара ұйымдастырылды.

Аталмыш шара түркімен этносының тарихымен, дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстыру, мәде-ниетаралық диалогты сақтау және дамыту, Қазақстан халқының бірлігін, достық пен ынтымақ-тастығын нығайту мақсатында өтті.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР Сыртқы істер министр-лігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшелері, республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам өкілдері қатысты. Біздің аймағымыздың атынан халықаралық «Қайырымдылық және денсаулық» қорының облыс бойынша директоры Үміт Даржұманова және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің Ақсу қаласы бойынша төрағасы Рымкеш Сламбекова шақырылды.

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың атынан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің құттықтау хаттары оқылып, ҚХА Хатшылығының атынан Түркімен этномәдени орталығы мен Түркі халықтары мәдениеті қорының белсенді мүшелеріне Алғыс хаттар табысталды. Мерейтойлық кездесуде елші-ліктер мен консулдықтардың өкілдері сөз сөйлеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты дамытудың маңызды-лығын атап өтті. Сондай-ақ, ҚХА мен этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы, этностарды азаматтық бірегейлік қағидаттары бойынша интеграциялаудағы, қоғамда мемлекеттік тілді насихаттаудағы маңызды рөлі баса айтылды.

Түркі халықтары мәдениет қоры осыдан 25 жыл бұрын Түркия елінің Құрметті азаматы Ахмет Дагдуран мырзаның ұсынысымен және бірқатар құрметті академик пен көрнекті қайраткерлердің қолдауымен құрылды.

Түркітектес ұлттар арасында достық қарым-қатынас пен өзара түсіністік орнатуды және ортақ рухани құндылықтарды анықтап, дәріптеуді мақсат еткен қор бірнеше жұмысты атқарды. Мәселен, түркі әлемі ғалымдарының еңбектері жарық көрді. Бірқатар конференция, семинар, презентация ұйымдастырылды. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің кезде-сулері өтті. Алматы қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарында дәрістер оқылып, тарихи және мәдени-танымдық бағыттағы фильмдер көрсетілді.

Қор қызметінің тағы бір маңызды бағыты – жыл сайын түрік және қазақ тілдерінің тегін курстарын өткізумен қатар, жастардың аз қамтылған топтарын жұмысқа орналастыру. Қор осы 25 жыл ішінде мәдениет пен өнер саласында Түркі тектес елдердің өңірлік қауымдастығын жүзеге асырып келеді.

Шара аясында қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, түркі халықта-рының мәдени қорының қызметі туралы ролик және концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Үміт ДАРЖҰМАНОВА, Халықаралық «Мейірімділік және денсаулық» қорының Павлодар облысы бойынша директоры, Алматы қаласы.

WhatsApp