Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Астана, Алматы және Алтай өңірлерінен келген атақты өнерпаздардың қатысуымен «Turan alemi» атты түркі әндерінің ауқымды концерті өтті. Кеш барысында павлодарлықтар түркі елдерінің әндерін тыңдады.
Кеште көрермендер тек дәстүрлі қазақ әуендерінен бөлек, қырғыз, әзербайжан, Алтай өңірлерінің әндерін тыңдап, башқұрт ұлтының ұлттық биін тамашалады.
— Концертте өнер көрсеткен Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Владимир Кончев өзімен бірге мультиинструменталист музыкант Айсур Нонуковты алып келді. Ол аспаптар арқылы табиғи сипаттағы элементтерді жеткізе біледі. Мәселен, құстардың ән айтуын, аттың шабысы және басқа да дыбыстарды сала алады. Ол кеште үш шығарманы орындады, — дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, дирижер Дәурен Глымов.
Ерекше өнер иесі Айсурдың айтуынша, көмеймен ән айтудың эстетикалық жағынан басқа емдік әсері бар. Яғни, ішіндегі жинақталған жағымсыз ойлар мен негативті нәрселерден арылуға көмектеседі.
— Көмеймен ән айту өнерінің мыңжылдық тарихы бар. Ол төменгі «Карга», орташа «Хоомей» және ысқырған жоғары дыбысты үш әдіспен орындалады. Ал барлық үш түрді біріктіру өнерін бәрі бірдей меңгере алмайды, — дейді ол.
Түркі музыкасының концертінде павлодарлық көрермендер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дәурен Глымовтың, Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфо-ниялық оркестр дирижері Әбілқайыр Сағымбаевтың және облыстық филармония дирижері Талғат Кәрімовтың жетекшілігімен қазақ халық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.