С.Торайғыров атындағы кітапханада Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың жаңа жарық көрген «Тұлғалар — асыл жандар» кітабінің тұсаукесер-таныстырылымы өтті. Шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов және басқа да облыстың зиялы қауымы өкілдері қатысты. Қонақтар автордың кезекті кітабына жоғары баға беріп, Ертіс-Баян тарихы мен мәдениетіне қосылған құнды еңбек екенін атап өтті.
Басқарма басшысы Медет Тауасқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың құттықтау хатын оқып, автордың иығына шапан жапты.
— Бұл біздің өңір үшін өте құнды еңбек деп санаймын. Себебі, Ертіс-Баян өңірінен шығып, елге еңбегі сіңген, қазірде еңбек етіп жүрген көптеген танымал тұлғалар жайлы құнды мағлұматтар алуға болады. Көп адам жасы келгенде немере-шөбересін қарап, күйбең тіршіліктен ары аса алмай жатады. Ал Ғалия апамыздың жасы жетпістің белортасынан асса да, осы қоғамның жұмысына тікелей араласып, елге игілікті іс атқаруда. Астананың төрінде отырып, біздің өңірде туындаған іске дұрыс-бұрыс деп бағасын беріп отырады. Осы жанқиярлық еңбегіңіз үшін алғысымызды білдіреміз, — деді Медет Алпысбайұлы.
Кітап қазақ тарихында ерекше орын алған тұлғалар жайында жазылған. Атап айтар болсақ, қазақтың ұлы ойшылы Мәшһүр Жүсіптен бастап, дауылпаз әнші, ақын Иса Байзақов, ұлттық өнердің ұлықтаушысы, Ертістің ерке қызы Майра Шамсутдинова, танымал балерина Майя Плисецкая, ақын Нұтфолла Шәкенов, Нұрғожа Ораз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр актрисасы Сәбира Майқанова сынды ұлт мақтаныштары жайлы көлемді мақалалар бар. Одан бөлек, журналистің өзі кездесіп, сұхбаттасқан мемлекет және қоғам қайраткерлері – Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төра-
ғасы Рымтай Шөкеев, өңірімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын алғаш құрған Қанат Дәржұманов, шет мемлекеттерде Қазақ-станның Төтенше және Өкілетті елшісі болған дипломат Қайрат Лама Шариф, халық қалаулылары Манап Көбенов, Асхат Күзеков, Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантайұлы және тағы да басқа азаматтар жайлы мақалалар оқи аласыздар. Жалпы, еліміздің мәдени-рухани дамуына, әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне үлес қосқан және қазіргі күні түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар туралы сыр шертеді. Яғни, елімізге еңбегі сіңген 100-ден астам тұлғаны кейіпкер ретінде таңдаған.
— Тұлғатану деген дүние — әрбір жазушының, әрбір журналистің қолынан келетін шаруа емес. Осындай бағыттағы мақалалары өте сәтті жазылаған. Екінші атап өтетіні, кейбір кейіпкерлерімен көлемді де тұшымды сұхбаттар жасаған. Осы жерде автор өзінің журналистік шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. Кейіпкерге дұрыс сұрақ қоя білу, оған мардымды жауап алудың өзі шеберлік. Үшіншіден, автордың зерттеу еңбектері туралы атауға болады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп, Майра апамыз сияқты ұлылардың өмір тарихын жақсы көрсете білген. Сол секілді Роза Бағланова, Сәбира Майқанова апаларымыз туралы естеліктерді тұшынбай оқу мүмкін емес. Сондықтан осы кітаптан Ғалия Құсайынқызының шығармашылығын жан-жақты көруге болады, — деді филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина.
Айта кету керек, жаңа кітап осыған дейін жарық көрген «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабының заңды жалғасы. Бұған дейін жарыққа шыққан алғашқы томына да елге елеулі 100-ден астам кейіпкер қамтылған болатын. Екінші кітаптың алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова жазған болса, әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты, профессор Маржан Бектұрсынқызы пікір білдірген.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал еңбек, адал табыс, адал адам» деген қағидаларды жиі айтады. Осыған байланысты осы өмірде адал адамдар, асыл азаматтар, ғажап жандар бар екенін көрсеткім келді. Шынында, соңғы кезде адал еңбек ететін адам азайып, жемқорлар көбейіп кетті ғой. Бірақ біздің арамызда жақсы адамдар да бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Себебі, әр кейіпкермен сұхбаттасқаннан кейін осы адалдық жайлы сұрақ қойып отырдым. Олар да өздерінің ойларын, толғанған дүниелерін ортаға салды, — деді «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, Ғалия Балтабай.
Тілеуберді САХАБА.