2026 жылы еліміздің бірегей театрларының бірі — М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына бір ғасыр толады. Осыған орай өнер ұжымы еліміздің әр өңіріне гастрольдік сапармен шығып, көпшілік назарына түрлі спектакль ұсынуда.

 

Алғашқы гастрольдік сапарын Талдықорған қаласынан бастаған «Әкемтеатр» Ертіс-Баян өңіріне келіп жетті. Сапар барысында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі әрі театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, театр басшысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек және театр әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, театрдың жұмысы, қазақ өнері туралы ой-толғаныстарын ортаға салды.

Кездесу барысында аты аңызға айналған театр әрі кино актері Асанәлі Әшімов ұлттық театрдың тарихы Павлодар өңірімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Өйткені, театрдың құрылуына, жұмысының жандануына Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовпен бірге жерлесіміз, ақын Иса Байзақов, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, академик Қаныш Сәтбаев, тұңғыш қазақ кинорежиссері Шәкен Айманов та өз үлесін қосқан.

— Отандық кинолардың көбі Баянауыл өлкесінде түсірілді. Олардың арасынан «Алдар көсе», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді белгілі фильмдерді атап өтуге болады.  Мен де фильмдерімнің көпшілігін осы өңірде түсірдім. Сондықтан бұл мекен бізге жат емес, — деді аңыз адам.

Асанәлі Әшімов, сондай-ақ, театр және киноның айырмашылығы, қазақ өнерінің бүгінгі  жағдайы туралы сөз етті.

— Театр — актердің шеберлігін шыңдайтын орын. Актер алдымен сахнада жұмыс істеуі керек. Ол әр қойылымына ұзақ уақыт дайындалады. Қаншама дайындық жасайды. Осының нәтижесінде кейіпкердің образына еніп, өз рөлін алып шығады. Ал киноға келетін болсақ, бүгінгі кинотүсірілімдерде мәтінді түсірілім алдында бере салады. Оны актер зуылдатып оқып шығады. Осыдан кейін қандай дұрыс образ шығады? Сол себепті, алдымен мәтінмен танысып, ол бойға сіңуі керек. Яғни, өзіңнің сөзің секілді болуы керек. Интонация бар, подтекст бар. Соның барлығы дұрыс шығуы — міндет. Ол үшін ең бірінші дайындық қажет, — деді ол.

Театр басшысы Еркін Жуасбек 2026 жылы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрына 100 жыл толатынын, осы айтулы мерейтойға орай еліміздің өңірлерін  және қазақ ұлты көп шоғырланған елдерді гастрольдік сапармен аралауды жоспарлап отырғандарын айтты.

— 2026 жылы Әуезов театрының ашылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы мерейтой қарсаңында өнер ұжымының екі жылдық гастрольдік турнесі бастау алды. Шығармашылық сапармен еліміздің барлық қаласын аралау және қазағы қалың алыс-жақын шет елдерге де бару жоспарлануда. Үлкен сапарымыздың тұсауы мамыр айының басында Талдықорған қаласында кесілді. Екінші кезекте Ертіс-Баян өңірінің халқымен жүздесуді өзімізге парыз санадық. Осы өңірден кейін Өскемен қаласына жол тартамыз, — деді Е.Жуасбек.

Ал театр актері Асылбек Боранбай өнер көрсететін актерлердің есімдерін атап, көрермендерге жол тартқан қойылымдар туралы толығырақ хабарлады.

— Павлодарлық патша көңілді көрерменнің алдында өнер көрсету үшін театр ұжымындағы бірнеше буын актерлер легі келді. Олардың қатарында өздеріңіз жақсы танитын Бекжан Тұрыс, Омар Қиқымов, Саят Мерекеұлы, Мұрат Нұрасылов, Айдос Бектемір, Бақтияр Қожа, Шынар Жанысбекова, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқарова сынды әртістер бар. Сондай-ақ, өнер жолында шыңдалып жүрген жастар да бар, —
деді ол.

Кездесу соңында белгілі өнер иелері қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті.

Айта кетейік, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры осыдан тура 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылы аймағымызға гастрольдік сапармен келген еді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА