Муслим Магомаев. Кеңес Одағында бұл есімді білмейтін адам кемде-кем болған шығар. Халыққа әнші әрі сазгер ретінде танылған ол 31 жасында КСРО Халық әртісі атағын алды. Көзі тірісінде-ақ «Ән падишасы» атанып, аты аңызға айналған әншінің әндері бүгінде де танымал.

Жуырда Иса Байзақов атындағы филармонияда Муслим Магомаевты еске алуға арналған «Махаббат әуені» атты еске алу кеші өтті. Лирикалық бағдарламада Муслим Магомаевтың репертуарындағы көрермендердің сүйікті әндері орындалды.

Кешті филармонияның солисі, «Шабыт» ұлттық өнер университетінің түлегі Әлижан Қазыбеков ашты. Жас баритон Арно Бабаджанян мен Роберт Рождественскийдің «Ноктюрн» әнін шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Грейс» хореографиялық дуэті нөмірді әрледі. Сондай-ақ, көптеген байқаудың лауреаттары Алмас Мұқатай мен Айбар Әшкеев, «Ретро» вокалдық тобы, «Самиян» квинтеті, солистер Сара Садығұлова мен Шолпан Ақылбек өнер көрсетті. Олар сазгердің «Королева красоты», «Ты моя мелодия», «Синяя вечность», «Не спеши» секілді әндерін орындады.

— «Не спеши» әні бір қарағанда қарапайым болғанымен, оған көркем образ беру оңай емес. Біз көптен бері шешімін іздедік. Мен режиссерлерге, хореографтарға, декораторларға және жарықтандырушыларға барлығын жан жақты ойластырғаны үшін алғыс айтамын. Менімен бір уақытта фортепианода ойнаған концертмейстер Ерлік Сайырхан мен талантты саксофоншы Еркебұлан Алдабергенов болды, – дейді әнші Шолпан Ақылбек.

Хореографиялық қойылымдар вокалистердің әндерін ерекше көркемдей алды. Әсіресе, «Верни мне музыку», «Свадьба», «Лучший город земли» әндерін орындау кезіндегі нөмірлер көрермен назарында есте қалды. Бұл қойылымдар бойынша хореографтар Айгүл Дайырбаева мен Нұрлан Беков көп уақыт бойы жұмыс істеген. Жалпы, кеште 18 музыкалық нөмір ұсынылды.

— Мені біздің вокалистер таң қалдырды. Олардың ән айтып қана қоймай, бишілермен бір ансамбльде болуға деген ұмтылысы тамаша. Біз екі апта бойы қимыл-қозғалыстарды жаттықтырдық, бәрі ойдағыдай болды. Бұл — саундтрек емес, жанды дауыстағы концерт. Вокалистерге партияларын абыроймен орындап қана қоймай, көп әрі әдемі қимылдауға тура келді», — дейді «Шернияз» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Беков.

Т.Жүргенов атындағы академияның театр өнері факультетінің биылғы түлегі үшін бұл музыкалық кеш алғашқы үлкен авторлық режиссерлік жоба болған.

— Кеште билеттердің барлығы сатылып кетті. Әрине, бұл көңіл қуантады. Өйткені мәдени іс-шараларымызға қатысып, өнерге жақын павлодарлықтардың саны көбейіп келеді. Ал біздің шығармашылық ұжым көрермендердің үмітін ақтау үшін барлығын жасауға тырысты», — дейді концерттік бағдарламаның режиссері Малика Катай.

— Алғашқы жоба болғандықтан дайындық барысында қобалжу болды. Бұл филармония мен үшін үлкен зертханалық алаң болды. Күнде шығармашылық процестер қарқынды жүрді. Кейде сценарийден тыс шешімдер болып жатты. Олардың барлығына түсіністікпен қарадық. Концерт барысында жоғары деңгейде өнер көрсеттік деген ойдамын, — дейді пианист әрі концертмейстер Ерлік Сайырхан.

Кеш аяқталған соң павлодарлық тұрғындардың көпшілігі билет жетіспеуіне байланысты аталған концертті қайта қоюларын сұрады. Өнер ұжымының шешімі бойынша концерттің қайталауы 8 наурыз сағат 17.00-де осы филармонияның концерттік залында өтетін болады.

 

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Айдана БОРАНБАЕВА.