Жұмат Шанин театрының 95 жылдығы қарсаңында оның тарихындағы кесек-кесек талантты актерлер, режиссерлер еңбегі ескеріліп, әсіресе Шаниндер әулеті өкілдерінің де театрдың «алтын кітабының» едәуір бөлігін алатынын ескеріп қойғанымыз бек дұрыс. Сол әулеттің осы өнер ордасына мейлінше көп еңбек еткен тұлғасы Қасымхан Шанин туралы әңгіменің өзі талай зерттеуге арқау болуға әбден лайық. Соның бір парасын саралап көрейік.
Театрдың жарқын белесі бас режиссер Ғ.Хайруллина істеп тұрған 1950-1960 жылдар аралығындағы кезеңмен байланысты. Театр 1958 жылы Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Театр көктемі» фестивалі аясында «Жазықсыз айыптылар» (А.Островский), «Өгей шеше» (О.Бальзак), басқа да спектакльдерімен барып, республика астанасының рухани атмосферасын дүр сілкінткені бар. Сол өнер сапарының негізгі базарлығы – С.Мұқанов пьесасы бойынша қойылған «Шоқан Уәлиханов» туындысы болды. Спектакльдегі басты кейіпкерді – Шоқан рөлінде астаналық көрерменге бейтаныс есім Қасымхан Шанин ойнады. Көрерменді алғашқы минуттан тамсандырған нәрсе – Қасымхан Шаниннің Шоқанға портреттік ұқсастығынан бөлек, жалындаған жастық жалыны мен актерлік шабыт арқылы біртуар тұлғаны кереметтей етіп сомдағаны болды. Сол көктемгі гастроль шымкенттіктердің өз «көркемдік рейтингін» көтеріп алуына айтарлықтай септігі тиіп, шығармашылық ұжым үшін, Шымкент үшін көп кезеңге азық болды.
1938 жылы театрдың актерлік құрамына ел ішіндегі талантты жастарды іріктеу жұмысы жүреді. Сол толқынмен жас өнерпаз Қасымхан Шанин де жұмысқа қабылданады. Домбырамен ән салуы, аккордеонда шебер ойнауы, білімпаздығы, қимылының жарасымдылығы жігіттің жұтынып сахнаға шығуға дайын екенін дәлелдеп тұр. Қасекеңнің актерлік жұмыстары ішінде Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» Дүрбіт, К.Симоновтың «Прага каштаны саясындағы» Жокич көпке дейін жақсы аталып жүрді.
Қасымханның бойындағы орга-никаға толы табиғи болмысын, актерлік зеректігін, халық тәрбиесін жақсы меңгергенін кинорежиссерлер Е.Арон, Ш.Айманов жақсы бағалап, өздері түсіріп жатқан «Ботагөз» (1957), «Алдар көсе» (1964) фильмдеріне шақырады. Білімін жетілдіру үшін Қасекең Мәскеуге оқуға түседі. Оны қабылдаған көрнекті ұстаздар қанша жақсы көрсе де, Қасымхан Шанин «халық жауының баласы» деп танылып, ешкім қорғап қала алмады. Оқудан шеттетілді. Бірақ салы суға кетпей, өзін қолға алып, режиссерлікпен айналысты. Кезінде ұлттық театр жолбасшысы болған Жұматтың шаңырағында композитор Е.Брусиловскиймен «Қыз Жібек», «Жалбырдың» операларының клавирін дайындау барысына куә болған жас режиссер Қасымхан Шымкент драма театрының сахнасында «Шұға», «Айман-Шолпан», «Жалбыр», «Аршын мал алан», «Тау қызы» секілді әуені шалқыған спектакльдердің қойылуына үлкен қозғау салады. Жұмыстан қол үзбей жүріп А.Островский атындағы Ташкент Театр-көркемөнер институтының режиссерлік бөліміне оқуға түседі.
Албырт, көп нәрседен хабары бар, шапшаң Қасымхан бірде атақты режиссер, ұстаз А.Гинзбургтің актерлік курстың дипломдық жұмысы ретінде өткізіп жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» репетициясына барады. Кеңестер Одағы көлемінде біліктілігімен танымал режиссер ұстазы Қодар рөліндегі Н.Жантөриннің монологы жүріп жатқанда қолындағы қамшысымен оның арқасынан осып жібереді. Жанайқайы шығып, ыршып түскен Н.Жантөринге Александр Осипович жай ғана: «Продолжайте!» – дейді. Арқасы ашып тұрған Н.Жантөрин монологын жалғастыра түседі. Бұл эпизод жас талапкерге үлкен әсер қалдырады. Кейін спектакль кезінде монологтың сол тұсына келгенде Қасекең, шын мәнінде, Гинзбургтей білгір маманның педагогикалық әдісінің ұтымдылығын бағалай түсті. Бірақ көп ұзамай Қасекең ол оқудан да «белгілі себептермен» шеттетілді.
Бірде театрда «Шұға» спектаклін қою жас режиссер Қ.Шанинге тапсырылады. Қойылымның ерекше
формасын табуы, оны мейлінше музыкамен көмкеруі, әуен лейт-
мотивін, кейіпкер мінезін сипаттайтын ария тектес әнді пайдалануы Қасекеңнің осы спектакліне ерекше көрініс береді. Алғашқы кіріспе сахнада идиллияға толы ауыл өмірі, халық ойындары атмосферасы көп ұзамай-ақ драматизмге толы қақтығысқа ұласады. Ырғақ ауысуы, оқиғалар ширауы лайықты музыкамен кестеленіп беріледі. Соңғы сахна – Шұғаның ақтық сөзін ести алмаған Әбіштің жаңа заманға, төңкеріс ісіне кірісуге шешім қабылдауы Қ.Дүйсековке арнайы жаздырған кабалетта іспеттес жігерлі әуенмен серпіле түсіп, спектакльдің оптимистік пафоспен аяқталуына алып келетін. А.Қалмырзаев, Х.Сазантаева, Е.Садақбаева, А.Тайғаринова, О.Жұмабеков, Р.Байкенов, М.Ильясқаровтар ғажап та үйлесімді ойнайтын спектакль көрерменнің жадында ерекше сақталды.
Кезінде ВГИК-ті бітірген талантты қырғыз кинорежиссері Б.Шамшиев Қасекеңді М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасына» Күшіков рөліне шақырады. Кешегі ғасыр басындағы қазақтың сауатты деген тілмаштық жұмыста жүрген «зиялыларының» өз есебінен жаңылыспайтын әккілігін, тарихи алмағайып кезеңді тиімді пайдаланған сарбазды айнытпай көрсете алған актер Қасымхан жұмысы көрермендердің назарынан тыс қалмады. Фильмдегі бірнеше рөлде тамаша орындаушылық өнерімен көрінген марқасқа актерлер ішінде Қасекең сомдаған Күшіков образы да жұрт көңілінен орын алды.
1967 жылы қос театр бір ортақ директордың жетекшілігімен қазіргі әл-Фараби алаңындағы жаңа ғимаратқа көшу керек болды. Шымылдық Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» драмасымен түрілмек. Режиссері – Қ.Шанин. Осынау заман талабына сай арнаулы датаға қойылған коньюнктуралық спектакль, монументалды масштабта, батальді сахналық эпизодтарға толы идеялық екпіні дұрыс қойылған туынды Қасекеңнің Шымкент театры сахнасындағы соңғы режиссерлік жұмысы еді.
1968 жылы жаңа сахнада жаңа жоба жасалды. Театрдың бас режиссері – ҚР еңбек сіңірген артисі Ә.Ордабаев Шымкенттегі қазақ-орыс театрлары шығармашылық құрамымен қазақ-орыс тілінде С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановын» қолға алды. Әрине, Шоқан рөліне театрдың жетекші актері Қ.Шанин бекітіледі. Есейген, жүріс-тұрысы баяулаған, салмақты актер бұл жолы екпінді Шоқанның ішкі сезіміне, ой топшылауына үңілдіреді. Бірақ Қасекеңнің элеганттық жүрісі, мундирді өз этикетіне сәйкес пайдалануы, «Мыс салт аттының» жанына барып, А.Пушкиннің «Люблю тебя, Петра творение» деп басталатын өлеңін оқуы нағыз бекзаданы паш ететін. Патша аудиенциясынан көңілі қалған, елдегі сайлау тартысынан шаршаған, Катаринаның ықыласын еске алған Шоқан-Қасымхан бір сәтте жайлау төсінде поручик погоны жарқыраған кителін шешіп тастап, қолына домбыра алып, «Еділ-ай» әнін сызылтатын. Офицерлік сымбат, ғалымдық таным – сарай мәдениетін еркін меңгерген бекзада Шоқанның бар болмысын аша түсетін. Ал орыс партнерлермен болатын сахна-дағы Қасымхан-Шоқанның келбеті Императорлық орыс География қоғамының ғылыми кеңесіндегі көріністің шынайы болмысындай әсер ететін.
1964 жылғы сәуір айында Жетісай ауданы Өзбек КСР Сырдария облысының құрамында құрылған болатын. Өзбекстан территориясында уақытша қалған Киров ауданындағы Халық театры кезінде Мәскеуде, Кремльдің Съездер сарайында «Қыз Жібек» музыкалық драмасын қою құрметіне ие болды. Одан соң кілең әншілер бас қосқан ауыл өнерпаздарына арнап, Қасымхан Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасын қоюды мақсат етті.
Осылайша Қасымхан дайындаған ел әртістерінің музыкалық драмасы Өзбекстан КСР Мәдениет министрлігінің ерекше назарына ілігеді. Алғашында Өзбекстан Респуб-ликасының Сырдария облысы «Қазақ музыкалық драма театры» аталып, Мәскеудегі зор жетістігінен кейін 1968 жылдың қаңтарында сол Халық театрының негізінде «Қазақ музыкалық драма театры құрылсын» деген өкімет қаулысы қабылданады. Кейін оркестр, хор, балет, солистер, драма актерлері қамтылған типтік штаттық кестесімен толыққанды кәсіби театр – 1969 жылы 18 қаңтарда Б.Майлин мен Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» музыкалық драмасымен шымылдығын ашты. Басты кейіпкер Жалбыр рөлін Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Ж.Қарғабаев сомдады. Театрдың тұңғыш бас режиссері – Қ.Шанин, директоры Т.Бәйімбетов болатын.
Шымкенттегі өзі қызмет етіп жүрген театрдың актерлік, режис-серлік жұмысынан қол үзбей, жаңа театрдың ашылуына барынша қамқорлық көрсетіп жүрген Қасекеңнің еңбегі бағаланып, жаңа театрға көркемдік жетекші болып тағайындалуға бұйрық алу үшін Ташкентке, Мәдениет министрлігіне барады. Онымен қоса
директор орынбасары болып Қ.Молдәулетов те өту керек болатын. «Министрліктегі шенеуніктер Қасымханға шүйлігіп: «Сіздің жоғары біліміңіз жоқ екен ғой», – деп тығырыққа тірейді. Біраздан соң бізді сол ресми мекеменің Өнер істері жөніндегі басқарма басшысы Рахманов жолдас өзіне шақырды. Кейін ол кісі аппараттағы қызметкерлердің біразын кабинетіне жинап, Қасымханға қарата: «Сіз — нағыз асылдың сынығысыз. Соның өзі бізге жеткілікті! Сізге ешқандай дипломның қажеті жоқ», – деп жұрт көзінше бұйрыққа қолын қойып, құттықтады.
1969 жылдың ерте көктемінде Шымкенттегі өзі тұрған қазіргі Қазыбек би көшесі бойындағы ауруханада Қасекең мезгілсіз дүниеден озды. Өкініштісі, Жетісай ауданының 1971 жылы Қазақ КСР Оңтүстік Қазақстан облысы құрамына қайтарылғанын көріп үлгермеді.
Ұлт театрының атасы болған режиссер, драматург Жұмат Шаниннің ықпалымен құрылған Шымкент қалалық қазақ драма театрына бозбала болып келіп, аянбай еңбек етіп, сахна сардары деңгейінде халқына танылған талантты актер, режиссер Қасымхан Шанин – қазақтың театр, кино өнеріне зор үлес қосқан талантты тұлға. Тұрған үйіне театр ұжымы 2006 жылы мемориалдық тақта орнатты. Көрнекті сахнагер Қасымхан Шанинді халық есіне сақтаудың, ұмыттырмаудың басқа да жолдары көп деп
есептейміз.
Асқар ӘЛИХАН, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.
(қысқартылып алынды)
