Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ерекше дауысымен талайлардың таңдайын қақтырған опера әншісі Шахимардан Әбіловтың есімі тек қазақ еліне емес, бүкіл әлемге әйгілі. Баритонды дауысты Шахимардан Әбіловтың темірқазығы — Абай әлемі, әндері және философиялық дүниетанымы. Сондықтан қазақ мәдениетінде, ән өнерінде Шахимардан Қайдарұлының орны бір төбе. Жуырда өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Шахимардан Қайдарұлы, өнер жолына келуіңізге кім себепкер болды? Осы жайында тоқталып өтсеңіз…
— Өнер деген ошақтан басталды. Әкем де, шешем де өнер қонған адамдар болды. Әсіресе, Тілеуқабыл деген үлкен ағамның өнерге деген талабы да, талғамы да зор еді. Домбыра мен баян тартып, ән айтатын еді. Дауысы ерекше болды. Жан-жақты кісілер еді. Анам әнді де, жырды да, арифметиканы да жақсы білетін. Ал әкем мінезді кісі болды. Коммунист бола тұра, сол заманда бес уақыт намазын қаза қылмаған адам. Ұлы Отан соғысына қатысып, қиындықты көп көрді. Бірақ сонда да өнерге деген шексіз махаббатын сөндірмей өтті. Сол талант әкенің қаны, анамның сүті арқылы менің де бойыма дарыса керек, әсіресе ән салуға айрықша құштар болдым. Бала күнімізде үйге қонақ көп келетін. Сондай сәтте домбырамызды сайлап, жыр-дастандарды жаттап алып, кештің түсуін асыға күтетінбіз. Ол кезде дастарханда бас қосқан ауыл ақсақалдары мен меймандары астан соң қазақтың эпостық жырлары мен дастандарын оқып, ән мен жырдан шашу шашып, барлығымыз бір жасап қалушы едік. Абайдың әндерін айтуды да осындай думанды ортада үйрендік. Әсіресе, ауылдың жастары үшін бұл ғаламат мереке болатын. Елдің үлкендері өздері оқып болған соң, дастандардан үзінді оқу кезегін балаларға беретін. Біз де мәре-сәре болып жамырай жыр оқып, ертегі айтып, ән салып бір жасап қалушы едік. Қазір ойлап қарасам, ертегі мен жырды жаттап өскеніміз өте дұрыс болыпты. Өйткені, ертегі қиялдауға үйретеді. Армандай білген адам ғана алысқа көз тігеді. Мен де ауылдың қара-сирақ балаларымен бірге ертегі мен жыр-дастандардың уызына қана жүріп, Алматыға жетуді, әнші болуды армандадым. Арманым алдамады. 1967 жылы эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ұлықпан Есенов, Қапаш Құлышевалармен тай-құлындай тебісіп бірге оқыдық.
— Жуырда Павлодар қаласында «Толық адам, ой-толғау, хәкім Абай» атты моно-опера, моно-реквием атты шығармашылық кешін өткіздіңіз. Ақын Абайдың шығармашылығын насихаттауға не түрткі болды?
— Иә, менің шығармашылығымда «Абай» рөлінің маңызы зор. Алғаш консерваторияны тәмамдайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде орындаған бейне мен үшін барлық шығармашылығымның темірқазығына айналғандай. Әйгілі туындыны қанша мәрте орындасам, өзім үшін сонша мәрте жаңалық ашамын. Мен Абай бейнесіне кездейсоқ келген жоқпын. Ұзақ дайындықпен, ізденіспен келдім. Мәселен, ұлы ақынның сахнадағы бейнесін сәтті шығару үшін әуелі романс-тарын орындадым. Одан кейін ұлттық композиторларымыздың мұрасына ден қойдым. Абайға түсу үшін әлемдік классиканың озық майталмандары – Шуберт, Малер, Чайковский, Рахманиновтардың шығармаларын шырқадым. Абай маған үлкен мектеп болды. Нағыз шеберлігім шыңдалар сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Міне, қанша жыл айтулы партияны орындап келемін, бірақ әлі күнге дейін кемеңгер бейнесінің кілтін таптым деп айта алмаймын. Қанша мәрте ойнасам да, бәрібір бірдеңе жетіспей тұрады. Абай — мен үшін жұмбағы шешілмес түпсіз терең тұңғиық. Абыз рөлі — кез келген өнер адамы үшін қалпақпен қағып алатын жай дүние емес. Бұл – классика, үлкен философия. Ойнап жүріп ойланасың. Тазарасың. Сонысымен де Абай бейнесі биік, қастерлі. Мәселен, шетелде Абай рөлін талай мәрте сахна төріне алып шықтым. Сонда операның отаны саналатын елдердің талғампаз көрермені тапжылмай тұрып тыңдаған сәтіне куә болдым. «Не деген деңгей!» деп таңырқасқан халықтың қарасында шек жоқ. Көрдіңіз бе, бұл – Абай бейнесінің күрделілігі, тереңдігі.
— Сіздің ойыңызша, жақсы опера әншісі болу үшін не істеу керек?
— Жақсы опералық әнші болу үшін әр адам әуелі өзінің тілін білуі керек. Мысалы, мен Жапонияның Токио, Нагасаки қалаларында концерт бердім. Сонда жапондардың өз тіліне деген құрметін, сүйіспеншілігін көріп таңғалдым. Сонысымен де жапондар мықты деп ойлаймын. Қазаққа да жапондардың осы бір тамаша қасиетінен үйренетін тұстары көп. Музыканы қазақтың жаны дейтін болсақ, біз орындаған әніміз арқылы ұлттық өнерімізді жаңа белеске шығара аламыз. Опера мен романсты айту үшін әншіге жан-жақты білім, жан дүниенің соған сай шынайы толқыныс-тебіренісі, үлкен философиялық сана қажет. Көптеген симфонияны, операны театрларға барып, қайта-қайта жалықпай тыңдап, көңіл құлағына құйып, зердеге тоқу керек. Әрине, мұның барлығы адам бойына бірден дарып, құйыла кетпейді. Әлемдік деңгейдегі жақсы әнші болу үшін үздіксіз, ұзақ ізденіс қажет. Бұл тұста ұлы Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» қағидасы бағдар болуы тиіс. Сондықтан мен де көздеген мақсатыма жету үшін сапаны, тереңдікті, бастысы, байыптылықты мұрат тұттым. Сол жолда іздендім.
— Павлодарда жыл сайын «Шахимардан достарын шақырады» атты халықаралық классикалық өнер байқауы өтеді. Осы жайында тоқталып өтсеңіз…
— Мен — Павлодар облысының тумасымын. Рахым дейтін нағашы атам көзі ашық, білімді адам еді. Өз анам да ғаламат әнші кісі болатын. Қазақ, татар, орыс әндерін құйқылжытқанда елітпейтін адам болмайтын. Әкем – Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Араб тілін жақсы білетін, құран оқитын, ән де салатын. Өзі колхоздың председателі болды. Үйден кісі арылмайтын. Бірақ ата-анам оларға қабақ шытуды білмейтін еді. Олар үнемі маған да «балам, үлкендерді сыйла, ешкімді ренжітпе» деп отырушы еді. Он бес жасқа келгенімде мен олардан айырылып қалдым. Сөйтіп, үлкен ағамның қолында тәрбиелендім. Бесінші сыныптан бастап ән салдым. Оныншы сыныпта республикалық фестивальдің лауреаты атандым. Республикалық эстрада студиясына оқуға түстім. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірдім. Тынымсыз еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттім. Туған жердің жөні бөлек. Павлодар өңірі мен үшін қашан да ыстық. Аталған байқау 2003 жылдан бастап өтіп келе жатыр. Байқауды қаржыландыруды облыстық әкімдік өз мойнына алған. Оған әлемнің ең мықты әншілері қатысады. Жалпы, мұндай шаралар керек. Осы іспетті байқаулардың арқасында талай мөлдір бұлақтардың көзі ашылады.
— Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен — Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.