Жуырда Қазақстанның Халық әртісі, опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты әрі ұлы ақын Абайдың шығармашылығын насихаттап жүрген жерлесіміз Шахимардан Әбілов 75 жасқа толды. Атаулы мерейтойға орай облыс көлемінде бірқатар шара ұйымдастырылды.
Өнер иесінің мерейтойына арналған шаралардың алғашқысы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада бастау алды. Рухани ордада «Шахимардан Абай шыңында» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш жиынға аймақ басшысы Асайын Байханов, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов және облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Асайын Қуандықұлы Шахимардан Қайдарұлын мерейтойымен құттықтап, өнер иесінің мәдениет пен қоғамға қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
— Шахимардан Қайдарұлы облыстың мәдениет саласына және қоғамға зор үлес қосып келеді. Мәдениет қайраткері қайталанбас дауыс иесі ғана емес, сонымен қатар көпшілігімізге ұлы ақын Абайды насихаттаушы ретінде белгілі. Ал бұл жинақ — тек бір адамның өмір жолы емес, тұтас бір дәуірдің мәдени тынысының айнасы. Кітаптың тұсаукесері құтты болсын! Өзіңізге мықты денсаулық пен күш-қуат тілеймін! – деді А.Қуандықұлы.
Аталмыш кітапта өнер иесінің өмір жолы, оның қазақ опера өнеріндегі орасан еңбегі, Абай мұрасын насихаттауға қосқан үлесі мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты баяндалады.
Кезекті шара өнер иесі қызмет ететін Торайғыров университетінде ұйымдас-тырылды. Аталмыш шараға Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының бас дирижері Айтқали Жайымов, медицина ғылымдарының докторы Серік Тоқпанов және Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Игорь Олексенко қатысты. Кездесу барысында жоғары оқу орнының концерт залына Шахимардан Әбілов есімі берілді. Ал кеш иесі университетке өзінің Petrof роялін сыйға тартты.
Шаралар легі кешкі уақытта Естай атындағы мәдениет сарайында Шахимардан Әбіловтің «Әуелетіп ән салсам…» атты концертімен жалғасты. Кеш барысында өнер иесі «Ақ қурай», «Япырай», «Бір бидай», «Құсни-Қорлан» және Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді әндерін орындады. Одан бөлек, Шахимардан Әбіловтің де шәкірттері өнер көрсетті. Әндерді астаналық Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы мен жергілікті И.Байзақов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Оркестрге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік етті.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.