«Шеберлік шыңы — 2024» облыстық жыл үздігі байқауының жеңімпаздары анықталды. Ұлу жылының үздіктерін марапаттау шарасына облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, барша марапат иелерін құттықтады.
Биылғы жылдың үздіктері әдебиет, театр, көркемсурет, айтыс, музыка өнері т.б. салалар бойынша анықталды. Олардың арасында түрлі байқаулардың жеңімпаздары, лауреаттары, ақындар айтысының жүлдегерлері бар. Сонымен қатар, осы жылы кітап шығарып, өңірдің мәдениеті мен руханиятына үлес қосқан қаламгерлерге де құрмет көрсетілді. Іс-шараға жалпы 24 азамат арнайы шақырылып, оларға облыс әкімінің гранттары табысталды.
Аймақ басшысы Павлодар өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан азаматтарға жыл басынан бергі жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдірді және алдағы жылдан табыс пен сәттілік тіледі.
— Ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасын сақтау, сондай-ақ, оларды келешек ұрпаққа жеткізу — баршамыздың парызымыз! Біздің өңірдің мәдени және рухани мұрасын дамытуға және нығайтуға қосқан зор үлестеріңіз бен игі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды айтамын, — деді Асайын Қуандықұлы. Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай барша қатысушылар атынан сөз сөйлеп, аймақ басшысына қолдауы үшін алғыс білдірді.
Тілеуберді САХАБА,
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.