Биыл Кереку-Баян өңірінің дарындар легін жалғастырған атақты майдангер, жазушы, публицист Қалмұқан Исабайдың туғанына — 100 жыл. Осыған орай Палодар қаласы әкімдігінің қолдауымен жазушының «Шоң би» трилогиясы қайтадан жарық көрді.
— Қазақ әдебиетінде бір тақырыпта трилогия жазған жазушылар көп емес. Жерлес ақын Дихан баба Әбілевтің Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы жазған трилогиясы бар. Бұл қатарға майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың «Шоң би» трилогиясын жатқызуға болады. Қаламгер бұл тақырыпты мұқият әрі терең зерттеп, сүбелі шығарма жазуға
40 жыл уақытын арнаған. Павлодар қаласының әкімдігі тарапынан қаржы бөлініп, бұл кітапты қайтадан басып шығару туралы шешім қабылданды. Кітап қайтадан 500 дана-
мен Қарағанды облысының «НВ Принт» ЖШС-нің баспаханасында басылып шықты. Алғаш рет «Шоң би» трилогиясы 1980 жылдары жарық көрген болатын. Арада 40 жыл өткенде қайтадан баспа бетін көрді», деді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.
Павлодар қалалық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен ашық аспан аясында өткен кітаптың тұсаукесерінде батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов, ғалым-филолог Ертай Жүсіпов, журналист Болат Аманбаев және бірқатар зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысып, туғанына 100 жыл толып отырған жазушы Қалмұқан Исабайдың шығармашылығы туралы және кейіпкері, қазақтың тұңғыш аға сұлтандарының бірі — Шоң бидің тарихи рөлі туралы біршама әңгіме өрбітті. Айтыскер ақын, ұстаз Таңат Ахатов жырдан арнау төксе, өнерпаз әнші Әлия Нұрбаева мен әнші Батырбек Сәрсебеков әннен шашу шашты.
Айтып өтсек, Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» трилогиясы алғашқы бөлімі «Серт» деген атаумен 1982 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Шығарманың басты кейіпкері – қазақтың атақты биі, Баянауыл сыртқы округінің тұңғыш аға сұлтаны, «Төртуыл» рулар одағының төбе биі Шоң Едігеұлы. Тарихи тұлға 18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың басында Орта жүзге қарасты Арғын тайпасынан Ертіс-Баян өңірінде ел билеген дала данышпаны, Ресей империясымен тең дәрежеде байланыс жасап, ел мүддесін көздей білген ірі қайраткер. «Шоң би» трилогиясын жазу арқылы автор өзінің мақсатына жетті. Яғни, оқырмандарға ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген архивтік құжаттар мен ел аузындағы әңгімелердің басын құрап, бірін бірі жалғайтындай тұтас дүниені суреттеп шыққан.
— Бұл шығарма кеңестік уақытта жазылғанын ескерсек, жазушының өзі кейбір тарихи тұстарды толық ашып көрсете алмағанын өзі де айтқан болатын. Соңғы нұсқасын барынша жетілдіріп шығуға тырыстық, — дейді кітаптың құрастырушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман.
Жаңадан басылып шыққан Қалмұқан Исабайдың «Шоң би» трилогиясы тарихтың көзін іздеген, рухты аңсаған оқырмандарға таптырмас азық болары даусыз.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсріген — Е.Исабек.