Өнердің әр бағыты ерекше. Әрқайсысы әркімге беріле бермейтін талантты, көп уақытты, табандылықты қажет етеді. Әсіресе, фьюзинг, яғни шыныдан бұйымдар жасау бағытын ерекше атап өтуге болады. Облысымызда осы бағытта еңбек етіп жүрген шеберлер саусақпен санарлық. Солардың бірі — мүсінші Шолпан Садуова. Талант иесі 20 жылдан бері шыны қалдықтарын қолдана отырып, қазақтың ұлттық мұрасын дәріптеп келеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз Шолпан Садуова Шарбақты ауданында дүниеге келіп, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында білім алған. Осы уақыт арасында өнерге деген қызығушылығы арта бастаған.

— Бала кезімде қарағайдың ішінде жалғыз өзім жылтырап жатқан құммен ойнағанды жақсы көретінмін. Бұл құм неге шыны сияқты жылтырайды деп ойлайтынмын. Ол кезде әлі мектепке бармаған кезім. Әкем Есілбай ауылында тарих және география пәнінен 45 жыл мұғалім болды. Сонда ол сол құмнан шыны жасалатыны туралы айтқаны есімде қалыпты. Сол кезден бастап үйге шыны тасып, түрлі композицияны құрастыратынмын, — дейді ол.

Бала арманын жүзеге асыру үшін шебер Семей педагогикалық институтында бейнелеу мамандығы бойынша білім алып, сол жақта муфельді пешпен екі жыл жұмыс істейді. Кейін Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектепте ұстаз болады. Бүгінде Торайғыров университетінде 20 жылдан аса еңбек етіп келеді.

Өнер иесі көбінесе ұлттық нақыштағы бұйымдарға баса назар аударады. Мәселен, шыныдан бесік, домбыра, қобыздың түр-түрін ойлап тапқан. Бастапқыда әшекей заттар, кәдесыйлар жасап, тәжірибе толысқаннан кейін күрделі дизайндарға көшкен. Оның қолынан шыққан алғашқы туындысы – 1,5 метрлік домбыра. Ол бұл жұмысын өзінің туған жеріне сыйға тартқан. Ал туындыларының ішіндегі ең үлкені – таза шыныдан жасалған 3,5 метрлік домбыралар. Ең күрделісі – Батыс Қазақстан облысына жіберген 3,5 метрлік қобыз мүсіні.

— Алдымен бұйымның нобайын сызып, сол бойынша кесілген шыныдан аппликация жасаймыз, сосын пешке салып, балқытамыз. Пештен көздің жауын алатын дайын өнім шыққанымен, қырлау, әрлеу жұмыстары ұзақ уақыт алады. Көздің майын тауысатындай еңбекті қажет етеді, — дейді ол.

Шыны – өмірдегі ең қатты қалдық. Темір 300 жылда шіріп кетсе, шыны миллион жыл өтсе де өз қалпын жоғалтпайды.

— Шыныны «бағындыру» шыдамдылықты талап етеді. Әлемде шыны шеберлері сирек кездеседі. Жапонияда кейбір скульпторлар 70 см-ден артық бұйым істемеген. Шыны бояуларын Германиядан, Австриядан аламын. Түркия, Қытай, Жапония, АҚШ, Германия елдерінде шыны зауыттары бар, алайда олар құпиясын жария салмайды. Мысалы, қызыл шынының бір шаршы метрі 600 доллар, сары шыны 1,5 мың доллар тұрады. Ал мұның бәрін мен өзім істеймін, – дейді ол.

Шолпан Садуованың айтуынша, бұл өнерді толық игеру үшін алдымен математиканы, кейін сызуды жақсы білу керек. Онсыз жұмыс оң нәтижесін бермейді.

— Әр шыны кірпішті тоңазытқышта қатырып қоямын. Егер суыққа төзімді болса, 50 градус аяз тұратын Павлодар үшін төтеп бере алады деген сөз. Шыны балқытатын пештер 3,5 млн теңге тұрады. Мендегі екі пештің біреуі керамиканы да «пісіреді». Шеберханамда шыны саймандары көп. Дүкенге барғанда бірінші кезекте саймандар қарап, үлкен, кіші балғалар, тістеуік, шыныны құятын заттар, шыны қиятын қайшы іздеймін, – дейді шебер.

Шолпан көптеген халықаралық көрмеде бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынған. Ресейдің Омбы, Петербург, Новосібір қалалары мен Түркия елінде өткен көрмелерде өнерсүйер көпшілік оның туындысына оң бағасын берген.

Шын шебер дамуын тоқтатса, тоқырап қалмақ. Өз ісінің шебері Шолпан Садуованың басты ұстанымы да осы – шеберлігін тоқтаусыз дамыта беру.

Айдана БОРАНБАЕВА.