Жуырда Г.Н.Потанин мұражайында қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сөзінің философиясы» атты тақырыптық кеш өтті. Шараға жоғары инновациялық көп салалы колледжінің студенттері қатысып, өңірлік беделді тұлғаның әдебиет әлемінің зерттеушісі Сәбит Мұқанов жайлы дәрісін тыңдады.
Сәбит Мұқанов – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның әдеби мұрасын мың ғасырлық тарихи шежіре деп білеміз. Ол өз заманындағы қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, оқырмандарына шындықты ашық та өзгеріссіз жеткізе білген. Күні бүгінге дейін қазақ жастары ұлы дарынның еңбектерімен етене танысып, зерттеп келеді.
Аталмыш «Қазақ сөзінің философиясы» тақырыптық кешінде Сәбит Мұқанов жайлы деректі фильм көрсетілді. Мұнда атақты жазушының еңбек жолы, қиындыққа төтеп берген жылдары мен адамгершілік қасиеттері жайлы айтылды.
– Сәбит Мұқанов поэзия, проза, драматургия және публицистика жанрында көп дүние жазған. Оған қоса, ғалым ретінде еңбек сіңірген. Неге десеңіз, ол методологиялық, монографиялық мектептен бастап университетке дейін қазақ әдебиеті тарихын реттеп, жазған. Тек теориямен шектелмей, әдебиеттегі деректерге тоқталып, жәдігерлерін тауып, сол заманның идеологиясын сипаттаған. Қазақ әдебиетіне әрі теориялық, әрі көркемдік үлес қосқан, – дейді филология ғылымдарының докторы Айман Зейнулина.
Сондай-ақ, қатысушылар жазушының қазақ еңбекшілерінің бостандық-теңдік жолын сипаттаған белгілі шығармаларының бірі «Ботагөз» романын да талқылады. Шығарманың идеялық мазмұнын күшейте түскен көтеріліс кезі өскелең ұрпақтың ел тарихын тереңірек ұғынуына ықпалын тигізері анық.
Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Мирас Сағындықтың айтуынша, бүгінгі ақпарат заманында ұлт санасын тәрбиелейтін, қазақ елінің көрнекті тұлғаларын таныстыратын кештерді жиі өткізген абзал.
Студенттер кеш барысында қызықты сауалдарын қойып, ұлттық аспаптың әуенін тыңдап, патриоттық рухқа кенелді.
Салтанат ҒАББАС.