Ақын әрі журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұтфолла Шәкеновтің 95 жылдығына орай Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Сондай-ақ, қоғам қайраткерінің қолданған заттарынан және естелік фотосуреттерінен көрме ұйымдастырылды.
Аталмыш шараны ұйымдас-тырушылардың бірі Ақсу қалалық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлжанар Ақшолақова ақынның мерейтойына орай Ақсу музейінде сақталған Нұтфолла Шәкеновтің қолданған заттарын және фотосуреттерін алып келген.
— Биыл — ақын Нұтфоллла Шәкеновтің 95 жылдық мерейтойы. Осыған орай Алматы қаласына арнайы барып, туыстарымен кездесіп, жазушының қолданған заттарын алып қайттық. Сол бұйымдарды осы көрмеге қойдық. Мәселен, бал сақтайтын бөшке, дәрі және шай ішуге арналған ыдыс. Бұл ыдыстардың тарихы тереңде. Әсіресе, шай ішу үстінде «Жан сәулем» атты ән дүниеге келген. Әнін Нұрғиса Тілендиев, сөзін Нұтфолла Шәкенов жазған. Ендігі мақсат – ақынның мерейтойына орай кітап шығару, — дейді ол. Кеште ақынның шығармашылығы жайлы сөз қозғаған Ақсу қаласының Құрметті азаматы, тіл жанашыры Светлана Қондыкерова ақын жайлы естілігімен бөлісті.
— Нұтфолла ағай біздің үйімізге жиі келетін. Сол кезде шабыты келіп қалса, дастарханның шетін қайырып, соған өлең жазатын. Кейін соны бізге оқып беретін, — дейді С.Қондыкерова. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Көктем вальсі», «Ақ шағала» секілді әндері шырқалды.
Айдана БОРАНБАЕВА.