Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада музыкаға бейімділігі бар оқырмандар баршылық. Жуырда осындай талантты адамдарға арналған «Домисоль» атты бірегей жоба өз жұмысын бастады. Нәтижесінде келушілер музыка бағытын меңгере алады.
Арнайы кітапхананың 83 жастағы тұрақты оқырманы Жеңісгүл Садықова мекеме қызметкері Жәмилә Жигомпардың көмегімен музыкалық ноталарды Брайль жүйесі арқылы меңгеріп, оларды арнайы дайындалған трафарет арқылы қағазға түсіреді. Кейін бедерлі нүктелі тактильді шрифт шығарады.
Кітапхананың меңгерушісі Жамал Кенжебекованың айтуынша, жобаны құру идеясы Қостанай қаласындағы әріптестерінен туындаған. Жергілікті кітапхана бұл бастаманы бірден қолдаған.
— Кітапханамызда музыка саласына қызығушылық білдіретін және одан хабары бар адамдар көп. Сондықтан әріптестеріміз бұл жобаны ұсынғанда бірден қолдадық. Бүгінде жобаның іске асырылып жатқанына 1 жылдан аса уақыт болды. Сол уақыттан бері 20-дан астам еңбек жарық көрді. Зағип және көзі нашар көретін адамдар көбінесе есте сақтау қабілетіне сүйенеді. Сол себепті олардың алдымен ноталарды оқып, есте сақтауына басты назар аударылады. Қазіргі уақытта кітапхана қорында 70 мыңнан аса кітап бар. Оның ішіндегі 7 мыңға жуығы Брайль қарпімен басылған, — деп атап өтті Ж.Кенжебекова.
Алайда қорда қазақ тілінде жарық көрген еңбектер аз болғандықтан, басшылық аудиокітаптарды шығаруды жөн көрген. Оларды жергілікті мәдени мекемелердің басшылары мен қызметкерлері дыбыстаған. Бүгінде олардың саны 28-ге жеткен.
Облыс орталығында 400-ге жуық бала көру қабілетінен айырылған. Жуырда олар үшін облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана «Елестер әлемі – Қазақстан бойынша саяхат» және «Книжные жмурки» атты мультисенсорлық екі қызықты жобаны әзірледі. Енді кішкентай оқырмандар еліміздің көрнекті жерлеріне қаладан шықпай-ақ саяхат жасай алады. Ол үшін балалар полиссенсорлық тәжірибені пайдаланады.
Кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ольга Фаткинаның айтуынша, адам қоршаған әлемді 90 пайыз көру арқылы қабылдайды, ал нашар көретін адамдар есту, дәм, иіс және тактильді сезімдерді пайдаланады.
– Балалар арасында өлкетану бағытында жазылған еңбектерді насихаттауға тырысамыз. Сондықтан Қазақстанның белгілі жерлеріне тифлосаяхат турларын өткіземіз. Енді олар бөлмеден шықпай-ақ Баянауыл ұлттық саябағын, Қорғалжын қорығын, Көлсай көлдерін және Алматы қорығын аралай алады. Біз балаларға ерекше әсер сыйлау үшін түрлі дыбыс-
тармен сүйемелдеуге тырыстық, — дейді ол.
Айта кетейік, жоба биыл жаңғыртылмақ.
Айдана БОРАНБАЕВА.