Әміре Қашаубаев атындағы Абай облыстық филармонияның вокалды аспаптық ансамблі гастрольдік сапармен Ертіс-Баян өңіріне келді. Кеш барысында өнер десе ішкен асын жерге қойған павлодарлық тыңдармандар семейлік өнерпаздардың өнерін тамашалап, керемет көңіл күйге бөленді.

Өнер алмасу, шығармашылық байланыс әр уақытта да маңызды. Ертіс бойында орналасқан екі облыстың өнердегі терең мазмұнды байланысы бұрыннан бар. Бұл байланыс бүгінде де жалғасын тауып жатыр.

Жуырда Павлодар қаласына Абай облысының Әміре Қашаубаев атындағы филар-монияның вокалды аспаптық ансамблі концерттік бағдарламамен келді. Аталмыш шара Павлодар және Абай облыстарының филармония ұжымдары арасындағы меморандум негізінде іске асты.

— Өткен жылы қазақ халқының өнерін дәріптеу әрі өңірлер арасындағы өзара байланысымызды нығайту мақсатында Абай облыстық филармониясымен меморандумға отырған едік. Алғашқы жеребені өзіміз қабыл-дадық. Сөйтіп, сол уақытта Абай және Өскемен өңірлеріне барып, дайындаған концерттік бағдарламамызды ұсындық. Енді көршілес аймақтың өнерпаздары біздің облысымызға келіп, өз өнерлерін көрсетті. Келесі жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облыстарымен меморандум жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожанов.

Концерт барысында семейлік өнерпаздар жергілікті тыңдар-мандарға ән қоржынындағы таңдаулы туындыларын ұсынды. Өнерпаздардың әні мен күйіне қол соққан жұртшылық мұндай мазмұнды концерттер алдағы уақытта да жалғасатынынан үмітті.

Айдана БОРАНБАЕВА.