Шәкен ұстазға шәкірт құрметі

Қаз 16, 2025

Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақстанның мәдениет қайраткері, сазгер, ұстаз, ұлттық музыкалық аспаптарды жасау шебері Шәкен Рақышевтің 90 жылдығына арналған «Саз әлемі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен   Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды. Кешке сазгердің туыстары, шәкірттері, өнердегі серіктестері мен қала тұрғындары қатысты.

Кеш барысында сазгердің өмірі мен шығар-машылығы туралы айтылып, ән-күйлер орындалды. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі журналист Шолпан Байғалы алғашқы болып естелігімен бөлісті. Ол кезінде Шәкен ағаға қызына арнап домбыраға тапсырыс бергенін айтып, сол аспапты музейге табыстады. Қорабымен бірге сақталған домбыраның сыртында сазгердің өз қолтаңбасы бар.

Сондай-ақ, сазгердің шәкірттері Рымтай Сапар-бекқызы мен Жасталап Орынбаев ортаға шығып, ұстаздары жайлы жүрек-жарды сөздерін айтты. Олар ұстазы жасаған, түйе терісінен дайындалған екі қобызды музей қорына тапсырды. Рымтай апай ұстазының ерекше сабырлы адам болғанын, оркестрдегі 40-50 баланың бәріне бір аккорд арқылы өз сөзіне ұйыта алатынын еске салды.

Музей қызметкерлері Шәкен Рақышевтің «Баян әнім» туындысын орындап, көрермен көңілін толқытты. Қазақстан Журналистер ода-
ғының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, күйші, сазгер Балтабай Сыздықов та жылы лебізін білдіріп, өнер иесінің ұлт мәдениетіне қосқан үлесін атап өтті.

Өз кезегінде сазгердің туыстары да жылы сәттерді еске алды. Жиені әрі шәкірті, қолөнер шебері Бауыржан Ысқақов нағашысының оған өнер жолын таңдауына ерекше әсер еткенін тілге тиек етті: Шәкен ағам менің мамандығымды табуыма үлкен үлес қосты. Бала кезімде оның жанында отырып, аспап жасаған сәттерін қызыға бақылайтынмын. Сол кезде «Осы баланың қолынан бір дүние шығар», деді. Сол айтқаны дәл келді – бүгінде мен де домбыра мен қобыз жасаймын, — деп естелік айтты. Сонымен қатар, сазгердің жақын туысы Нұрлан Рақышев та үлгі тұтқан ағасының өнегелі өмірін ризашылықпен еске алды.

Кеш соңында музей қызметкерлері орындаған «Ауылым» әніне көрермендер қосылып, ерекше әсерге бөленді. Музей қызмет-кері Сәуле Арынғазинаның айтуынша, бұл кеш — тек естелік емес, ұрпаққа мирас. Осындай тұлғалардың мұрасын жинап, келер ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз. «Саз әлемі» кеші ұлттық өнердің қадір-қасиетін, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани қатынасты көтерген шара болды. Шәкен Рақышевтің өмірі мен еңбегі қазақ мәдениетінің алтын қорынан өз орнын тапқан әсерлі
мереке ретінде есте қалды.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.