Этносаралық бірлік — ел байлығы

Нау 27, 2025

Биыл аймағымызда облыстық «Айреник» армян қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығы және аталмыш ұйымның жанынан ашылған «Эребуни» вокалдық тобының 15 жылдығы аталып өтіледі. Осы уақыттан бері қоғамдық ұйым елдің тұтастығы мен келісімін сақтап, армян халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғыртуда елеулі қызмет атқарады. Бүгінде құрамында ақсақалдар кеңесі, жастар қанаты, әдеби және би ұжымы еңбек етеді.

Армяндар — Қазақстанның этникалық палитрасында ерекше орны бар ұлт. Олар еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өркендеуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, бизнес, өнер, білім беру, медицина саласында да ерен еңбек етуде.

Армян этносының аймақтағы ұлтаралық келісім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ олардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дамыту мақсатында 1995 жылдың 24 ақпанында «Айреник» армян қоғамын құру туралы шешім қабылданды. Бұған Ассамблеяның облыстағы алғашқы төрағасы Қанат Даржұманның үлесі зор.

Белгілі басшы өзге ұлттар секілді армян өкілдерінің мәдениеті мен тарихын жақсы білді. Сөйтіп, армян диаспорасының құрылтай жиналысында қоғамның жарғысы бекітіліп, басқарма мен ақсақалдар кеңесі сайланды. Сөйтіп, 1995 жылдың 24 ақпанында ресми түрде этно-мәдени бірлестіктің алғашқы төрағасы болып Сержик Мартиросян тағайындалды. Ол сегіз жыл бойы бұл қызметті абыроймен және зор жауапкершілікпен атқарды. 2004 жылдан 2006 жылдың тамызына дейін армян қоғамын тың игеруші, еңбек ардагері Петровиан Иорданян басқарды. Сол жылы қоғамның жалпы жиналысында төраға болып Бадоян Камо Вагенакович, ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып Григорян Карлен Артоваздович сайланды. Кейін орталықты басқару Эльмира Петросянға тапсырылды. Ал 2023 жылдан бастап «Айреник» армян қоғамының облыстық «Ақсақалдар кеңесі» мүшесі және ҚХА ақпараттық-түсіндіру тобының белсенді қатысушысы Колаян Хачатур Ашотович ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды.

2001 жылдың ақпан айында жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, шығармашылық әлеуетті дамыту мақса-тында орталықта жастар бірлестігі құрылды. Онда Дарзиян Гаспар алғашқы көшбасшы болды. Кейінгі жылдары жастар қанатын Владимир Хидирян, Анаида Маргарян, Аракел Хидирян, Сергей Маргарян, Араик Оганисян, Артур Сафарян, Роксана Погосян басқарды. Ал 2024 жылы төрағасы болып жеке кәсіпкер Тигран Паноян болып сайланды.

Бұл жыл «Эребуни» вокалдық тобы үшін де ерекше. Себебі, осы жылы ұжым өзінің 15 жылдығын атап өтеді. Аталмыш топ 2010 жылдың 1 наурызында «Айреник» армян қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылды. Сол уақыттан бері ұжым өз шығармашылығымен көрермендерді қуантып келеді. «Эребуни» вокалдық тобы — қалалық, облыстық шаралардың, қайырымдылық концерттік бағдарламалардың тұрақты қатысушысы.

«Айреник» армян қоғамы 30 жылдан бері Қазақстан халық Ассамблеясы құрамындағы халық досты-ғының, келісімнің, облыстағы азаматтық бейбітшіліктің сақтаушысы ретінде ұлттық келісімнің бірегей үлгісіне, армян диаспорасын біріктірудің берік іргетасына айналды. 2001 жылдың ақпан айында жастардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында орталық жанынан жастар бірлестігі құрылып, оның бірінші жетекшісі Дарзиян Гаспар сайланды. Одан кейінгі жылдары жастар қанатын Владимир Хидирян, Анаида Маргарян, Аракел Хидирян, Сергей Маргарян, Арайик Оганисян, Артур Сафарян, Роксана Погосян басқарды. Қоғамның құрамына басқарма, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, «Наири» жастар бірлестігі, «Эребуни» вокалдық тобының шығармашылық ұжымы, «Тикнаик» әйелдер клубы кіреді. Орталықтың негізгі мақсаты — армян халқының ұлттық мәдениетін, тілін, тарихын, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жаңғырту, көршілес тұратын әртүрлі этностардың мәдениеттерін өзара байыту. Бұл іске «Айреник» ұйымының белсенділері Г.Акопян, М.Агекян, А.Гюржян, А.Ефремян, С.Мартиросян, Е.Петросян, С.Аракелян секілді азаматтар атсалысты.

Қоғамдық жұмысқа мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру, ұлттық дәстүрлерді сақтау, тарихты Отанмен байланыстыру, түрлі мемлекеттік және ұлттық мерекелерге қатысу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ армян мәдениеті мен білімін дамыту және насихаттаудан енген.

«Айреник» қоғамдық бірлестігі әртүрлі деңгейдегі шараларға жиі қатысады. Олардың қатарында концерттік бағдарламалар, көрмелер, дөңгелек үстелдер бар. Мәселен, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатыстық. Халықаралық қарттар күні аясында ардагерлер мен жалғызбасты азаматтарға құрмет көрсету жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Сондай-ақ, өзіміздің ұлттық мерекелерімізді атап өтеміз.

Облыстық Ассамблеяның жанынан құрылған Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінде армян бөлімі 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Оған жоғары педагогикалық білімі бар Сусанна Аракелян жетек-шілік етеді. Аталмыш бөлім 7 жастан 19 жасқа дейінгі балаларды аралас топтарда оқытады. Оқу процесінің басты мақсаты – түлектерді ана тілінде еркін меңгеруге үйрету және көп мәдениетті тұлғаны дамыту. Білім ордада армян халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы  оқытылады. Мемлекеттік тілді білу – елімізде тұрып жатқан әр тұрғынның азаматтық міндеті. Ал сондағы өзге этностар сол елдің тілін меңгеріп жатса, онда бұл елдің халқына деген құрметінің белгісі. Армян қоғамының көптеген мүшесі де мемлекеттік тілді үйрену арқылы сол елге құрмет көрсете алатынын түсінеді.

2025 жыл Павлодардағы армян қауымы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды. Себебі, осы жылы тек облыстық «Айреник» армян қоғамынан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясы да 30 жылдығын атап өтеді.

Қазақстан Республикасының ұлттық саясат саласындағы отыз жылдық тәжірибесін саралай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдегенін, идеялары, ұстанымдары мен нормалары мемлекет пен қоғам дамыған сайын айқындала түсетінін атап өткен жөн. Ал біз, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына жыл сайынғы Жолдауларында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға күш салатын боламыз.

 

Сусанна АРАКЕЛЯН, облыстық армян «Айреник» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Қ.Даржұман атындағы
Ұлттық жаңғыру мектебінің қосымша білім беру педагогы.