«Ғалымның хаты өлмейді…»

Нау 19, 2026

Баянауыл өңіріндегі рухани-мәдени орталықтардың бірі – академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемориалдық музейі. Ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасын дәріптейтін бұл музейдің тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. Алғаш рет 1964 жылы Баянауыл аудандық мәдениет үйінің жанынан ашылған музей араға 3 жыл салып дербес мекеме ретінде жұмыс істей бастады. Содан бері ғалымның өмір жолын таныстырып, ғылыми еңбектерін насихаттайтын маңызды мәдени орталыққа айналды.

Музейдің басты міндеті – ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа қатысты тарихи жәдігерлерді жинау, сақтау және зерттеу. Сонымен қатар, мұнда мәдени құндылықтарды қалпына келтіру, көрмелер мен дәрістерді өткізу, келушілерге экскурсиялар ұйымдастыру секілді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Музей экспозициясы төрт залдан тұрады. Әр залда ғалымның балалық шағы, Семей мен Баянауылда өткен жастық кезеңі, сондай-ақ Жезқазғандағы ғылыми және өндірістік қызметі туралы мол мәлімет берілген.

Экспозициялардан ғалымның Жезқазған, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл аймақтарын аралап, пайдалы қазбаларды зерттегені туралы көптеген деректі көруге болады. Сонымен қатар, оның еліміздің өнеркәсібі мен экономикасының дамуына қосқан зор үлесі, Ертіс–Қарағанды каналы жобасына байланысты еңбегі де кеңінен таныстырылады. Музейде келушілерге арналған 60 орындық кинозал жұмыс істейді. Мұнда Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі, сондай-ақ, Баянауылдан шыққан ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнер қайраткерлері жайлы деректі фильмдер көрсетіледі. Музейдің Торайғыр және Жаңажол ауылдарында бөлімшелері бар.

Бүгінде музей қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып келеді. Өткен жылдың өзінде 109 жәдігер есепке алынып, олардың 61-і негізгі қорға қабылданды. Соның ішінде ерекше құндылығы бар дүниелердің бірі – ғалымның жары Таисия Сәтбаеваның жұмыс барысында пайдаланған микроскобы. Бұл құралды кейін оның қызы Мейіз Сәтбаева да ғылыми зерттеулерде қолданған. Аталған жәдігерді музейге Қаныш Сәтбаевтың жиен немересі Александр Третьяков табыс етті.

Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев есімімен аталатын жоғары оқу орны жанындағы музеймен де байланыс орнатылған. Сол мекеменің қор бөлімінде еңбек ететін Нина Неретина арқылы Баянауыл музейінің қорына бірнеше естелік фотосурет келіп түсті. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-зерттеу университетінен алынған кітаптар да музей қорын толықтыра түсті.

Еліміздің тәуелсіздігімен бірге дамып, бай қорымен танылған музей бүгінде Баянауыл өңірінің маңызды рухани орталықтарының біріне айналды. Оның құрамына тарихшы-этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мемориалдық музейлері де кіреді. Ұлы тұлғалардың өмірі мен еңбегін дәріптеуді мақсат еткен бұл мекеме ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа таныстыру ісін жалғастырып келеді.

Алдағы жылы, яғни 2027 жылы аталмыш музейдің құрылғанына 60 жыл толмақ. Дегенмен, мерейтой қарсаңында музей алдында шешімін күтіп тұрған мәселелер де баршылық. Әсіресе, уақыт талабына сай музейдің экскурсиялық залдарына реэкспозиция жасап, экспозицияларды жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Алайда биыл бұл жұмыстарға қажетті қаражат бөлінбеген. Қазіргі уақытта музей ұжымы осы маңызды істі демеушілердің қолдауымен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып отыр.

Ұлт ғылымының ұлы тұлғасына арналған музейдің алдағы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында оның экспозициялық кеңістігін жаңғырту – тек музей қызметкерлерінің емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті екені анық.

Айдана БОРАНБАЕВА, Баянауыл ауданы.