Қазақ журналистикасының теориялық бағытын дамытуға зор үлес қосқан ғалым, тарих ғылым-дарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергеновтің есімі Ертіс-Баян өңіріне кеңінен танымал. Бүгінде ол ортамызда жоқ болса да жарқын бейнесі мен елі үшін атқарған еңбегін жерлестері ешқашан ұмытқан емес. Соның дәлеліндей, жақында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Ғалым. Ұстаз. Ақын» атты марқұмды еске алуға арналған тарихи конференция өтті.
Аталмыш шараға Қырықбай Алдабергеновтің жары, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бақыт Баткеева, сондай-ақ, ұлағатты ұстаздың әріптестері мен шәкірттері қатысты. Алқалы жиында алғаш болып сөз алған Бақыт Тілеубайқызы ұзақ жыл бойы бір шаңырақта өмір сүрген жолдасының көзі тірісінде атқарған еңбегі мен қазақ руханиятына қосқан үлесі жайлы сыр шертті.
— Біз Павлодарда 20 жылға жуық жұмыс істедік. Жолдасымды Торайғыров атындағы университет қызметке шақырды. Ол осында тарих кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды, мен филология кафедрасына бардым. Кейін ол жоғары оқу орнында журналистика кафедрасын ашып, білікті маман даярлауға бар күш-жігерін жұмсады. Павлодар өңірінің журналистикасын дамытуға көп үлес қосты. Бүгінде оның шәкірттері бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етуде. Кейбірі Астанада республикалық телеарналарда жүр. Осындай жастарды мақтан етеміз. Арасында ол педагогикалық институтта ғылыми проректор болып та қызмет етті. Өте еңбекқор жан еді. Оқудан, жазудан жалықпады. Біраз кітабы жарық көрді. Қазір өзі жоқ болса да, көзіндей болып көптеген ғылыми еңбегі қалды, — деді Бақыт Баткеева. Оның айтуынша, ғалымның «Әлем баспасөзінің тарихы», «Біртуар дара тұлғалар» сынды зерттеулері мен «Қазақ журналистикасының очерктері», «Қазақ журналистерінің тарихы», «Біртуар дара тұлғалар», «Айдабол сары батыр» және басқа да авторлық кітаптары баспадан шыққан. Келесі болып сөз сөйлеген Торайғыров университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай да ғалым жайлы естеліктерімен бөлісті.
— Қырықбай аға туралы айтылар әңгіме өте көп. Бұл кісінің білім-ғылымға қосқан өлшеусіз үлесімен қатар, ашық-жарқын мінезі, ақ көңілділігі, жомарттығы жайлы жақсы қасиеттері бір төбе. Өзім куә болған бір оқиғаны айтар болсам, ол бұрын бір шара барысында қазіргі облыстық мәдениет басқармасының тізгінін ұстап отырған Медет Тауасқан бауырымыздың өлең оқығанын ұнатып, оған қолындағы алтын сағатын сыйға тартқан еді. Өнерге деген мұндай құрмет, қолдау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ, біз ағамыздың еңбекқорлығына әрдайым тәнті болатынбыз. Ол шамамен 30 шақты кесек туынды жазды. Туған елін, жерін сүйді. Әсіресе, Баянауыл туралы әңгімелерін ерекше тебіреніспен айтатын. Кезінде Павлодарға еңбек етуге жан-жақтан бір топ ғалым келді. Солардың ішіндегі елге еңбегі сіңген, билік іздеп немесе басқа себептермен емес, халқына деген шынайы махаббатпен келгендердің бірі Қырықбай аға дер едім, — деді ол. Тарихи конференцияға қатысқан Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Зәмзагүл Сабданбекова, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті, тарихшы Зият Айткенов және өзге де ғалымдар мен шәкірттері сөз алып, Қырықбай Мазанұлы жайлы аяулы естеліктерімен бөлісті. Еске алу кеші барысында көпшілік назарына ғалымның өмірі мен шығармашылығы, еңбектері туралы бейнекөрсетілім ұсынылды. Атап өтерлігі, Қырықбай Алдабергенов — ұлтымыздың тарихын зерттеумен қатар, қазақ журналистикасының кәсіби және ғылыми тұрғыда қалыптасуына зор үлес қосқан ғалым. Оның 300-ден астам ғылыми еңбегі мен монографиясы бар. Бүгінде ол бағыт-бағдар беріп, алға жетелеген 10-нан астам шәкірті ғылым кандидаты атанған.
— Ғалымның зерттеулерінде тек қазақ тарихы мен журналистика тарихы емес, сондай-ақ, әлем баспасөзінің тарихы да бар. Мәселен, 1998 жылы С.Қозыбаев, А.Рамазановалармен бірге «Әлем баспасөзі тарихынан» еңбегін жазды. Бұл еңбек әлемдік журналистиканы зерттеудегі басты оқулықтардың бірі ретінде әлі де құнды. Ал 2000 жылы академик М.Асылбековтің ғылыми жетекшілігімен «Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері мерзімді басылымдар материалдары бойынша» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Ол – әдебиетті терең білетін ғалым. Әдеби шығармаларды оқып, талдап қана қоймай, өзі де өлең жазған. 2005 жылы оның жыр жинағы жарыққа шыққан екен. Қырықбай Мазанұлының жылы жүзі әріптестерінің, шәкірттерінің, оны білетін барша жанның есінде қалды. Ағамыздың шығармашылығынан әлі талай жас ұрпақ нәр алатыны сөзсіз, — дейді С.Торайғыров атындағы кітапхананың кітапханашысы Гүлбаршын Жайсаңғалиева. Шара соңында жиналған қауым кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Баласымын халқымның артқан сенім» атты кітап көрмесін тамашалады.
Нұржайна ШОДЫР.