Ғасырлар диалогы

Қаз 9, 2025

«Ertis» мұражайының қызметкерлері Г.Н.Потаниннің туғанына 190 жыл толуына орай «Музей және Потанин: ғасырлар диалогы» атты ауызша журнал шарасын өткізді. Мектеп оқушылары ғалым фольклоршы, ботаник, публицист және қоғам қайраткерінің ғылыми мұрасын танып, баяндамаларын қорғады.

Аталмыш шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақты атақты тұлға Г.Н.Потаниннің ел үшін жасаған еңбектерімен таныс-тыру. Тарихын білген ел ғана жетістіктерге жетеді демекші, өсіп-өнген өлкесінің тарихи тұлғаларын тану – міндет. Сол себепті мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылар қатары ғұлама ғалымның ел дамуына қосқан орасан зор үлесін түйіп, өлкетанушылыққа қызығушылықтарын оятқан жөн.

Григорий Потаниннің басты ғылыми жетістігі – Орталық және Шығыс Азиядағы бес ғылыми зерттеу экспедициясына қатысуы. 1876-1899 жылдар аралығында Орталық Азияда аса танылмаған, зерттелмеген аймақтар туралы ауқымды мәліметтер мен үлкен гербарий, зоологиялық коллекция жинаған. Сондай-ақ, Сібір, Орталық Азия, Қытай тұрғындарының мәдениеті, тұрмысы мен халық шығармашылығы, тарихы мен эпосына қатысты құнды мате-риалдар көбейді.

– Ұлы тұлғаның 190 жыл-дығына орай түрлі шаралар өтуде. Бүгінгі жиында мектеп оқушыларына танымдық шара ұйымдастырылып отыр. Олар Г.Н.Потаниннің құнды еңбегімен танысып, тарихи білімдерін толықтырды. Сонымен қатар, мерейтойға орай өткізіліп жатқан ауқымды шаралардың бірі – мұражайдың келбетін жаңарту. ERG компаниясы мекемеміздің кейпін жаңартып, көркейтуде қолдау көрсетіп, демеушілік етті, – деді Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық мұражайдың басшысы Арман Әлиақпаров.

Шара барысында оқушылар біртуар ғалымның зерттеулері жайлы баяндамаларын ортаға салып, дайындаған ақпарат-тарымен бөлісті. Жиын соңында «Ertis» мұражайын аралап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.

Салтанат ҒАББАС.