«111». Бұл — Марғұлан университеті жанындағы «Ғибрат» шығармашылық ұжымының жақында ғана сахнаға шығарған жаңа қойылымының атауы. Спектакльдің премьерасы облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында өтті.
Бұл ретте «Қойылым неге «111» деп аталды?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл — қоғамдағы зорлық-зомбылыққа, яғни отбасындағы балаларға немесе әйелдерге қатысты орын алған құқық бұзушылықты хабарлауға арналған жедел желінің нөмірі. Ендеше жаңа спектакльдің мазмұны да қоғамдағы әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты қатаң айыптау. Яғни, әлдінің әлсізді, үлкендердің кішілерді қорқыту, қорлауына бүкіл адамзат баласының қарсы екенін сахна тілімен жеткізу. «111» сахналық қойылымының сценарийі белгілі жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасының желісі бойынша жазылған. Сценарий авторлары — Орынбасар Ермек пен Еркеш Сая. Режиссері — Арайлым Сүндет. Басты рөлдерді MU студенттері Аян Давлетяров пен Жанерке Досжанқызы сомдады.
— «111» сахналық қойылымының бас кейіпкері — Айша есімді қыз. Мен сол Айшаның рөлін сомдадым. Ол — өте нәзік қыз және сондай ауыр тағдыр иесі. Осындай кейіпкерді сахналау маған ауыр болды. Бірақ сәтті шықты деп ойлаймын. Осы қойылым арқылы бір адамның болса да жүрегіне ой салар болсақ, мақсатымыздың орындалғаны, — дейді Жанерке. Жас актерлердің сахнадағы шеберлігіне көрермен қауым да ерекше тәнті болып, алған әсерлерімен бөлісті.
— Сахналық қойылымдарға арналған көптеген материал игерілмей жатыр. Соларды сахнаға шығарып, көрерменге жеткізу — бүгінгі өнер саласында жүрген жастардың міндеті. Қоғамдағы толғақты да өзекті мәселелерді дәл осылай өнермен жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан «Ғибрат» шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз, алар асулары биік болсын! — деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан. «Ғибраттың» жетекшісі Арайлым Сүндеттің айтуынша, «111» қойылымын сахналауға екі апта дайындалған. Ал қазір «Ертегісіз өткен балалық шақ» атты жаңа спектальдің дайындығына кіріскен. Сонымен қатар, келесі жылдың ақпан айында республикалық байқауда бақтарын сынап көрмек. Премьераның билеттерінен 107 мың теңге көлемінде қаражат түсіп, қайырымдылыққа аударылды. Атап айтар болсақ, қан қатерлі ісігінің сирек түрімен ауыратын Даниял Бугумбаев есімді баланың еміне берілді.
Тілеуберді САХАБА.