Жұлдызбек Жұманбай – бір-біріне мүлде ұқсамайтын жанрларды бірегей көркем стильге айналдыра білетін режиссер. Мәселен, «Жусан иісі», «Қара», «Дөкей келеді…», «Райымбек! Райымбек!» сынды спектакльдері жанрлық тұрғыдан әртүрлі болса да, әрқайсысында көрерменге ой салатын, жүрекке жететін ерекше стиль бар. Әзілден терең философияға дейін, заманауи мәселеден отбасы құндылықтарына дейін оның режиссерлік қолтаңбасы спектакльдерді біртұтас шығармашылық әлемге біріктіреді. Жуырда оның кезекті туындысы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында сахналанды. Аталмыш қойылымнан соң режиссердің өзімен тілдесіп, шығармашылық жолы, өнерге деген көзқарасы және театрдағы негізгі бағыттары туралы әңгімелестік.

– Жұлдызбек Айтқалиұлы, Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіз. Алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстырып кетсеңіз.

– 1982 жылы қаңтардың бірінде Абай облысы Абай ауданы Кеңгірбай би ауылында дүниеге келдім. 1989-1999 жылдар аралығында мектепті оқып жүргенде өнерге жақын түрлі үйірмеге қатыстым. Ал 1999 жылы Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжінің «актер бөліміне» түсіп, 2002 жылы аяқтадым. Содан кейін актерлік мамандық бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, бұл оқу орнын 2002 жылы тәмамдадым. 3-нші курста оқып жүргенімде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа орналастым. Сол кезден қазіргі уақытқа дейін театрда қызмет етіп келемін.

– Ал бұл өнер ордасына кімнің ықпалымен келдіңіз? Бүгінге дейінгі сомдаған рөлдеріңіз қандай?

– Үшінші курста оқып жүргенімде Сергей Бодров, Талғат Теменов, Айвен Пассер атты режиссерлердің «Көшпенділер» фильмі түсіріліп жатқан кезең болатын. Мен Әсет Иманғалиевтің айтуымен бұл киноның кастингіне бардым. Ойламаған жерде актер Куно Беккер ойнайтын Абылай ханның дауысын дыбыстау бақыты маған бұйырды. Сол кезде Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Т.Теменовтің маған ерекше назары түсіп, өнер ордасына қызметке шақырды. Мұнда студент шағымның қызықты сәттерін өткізіп қана қоймай, алғаш рет еккен еңбегімнің жемісін татқандықтан бұл театр жаныма өте жақын. Алғашқы рөлім «Қайдасың, Бақыт?» ертегісінде құлыншақ рөлі әлі есімде. Осы спектакльді қойған қырғыз режиссері Нұрлан Әбдіқадыров маған «Сен күндердің бір күнінде актер емес, режиссер боласың. Себебі сенің рөлге деген көзқарасың бөлек», – деп айтқан болатын. Сол айтқан болжау сөздер қазіргі күні шындыққа жанасты. Орындап жүрген рөлдеріме тоқталсам: «Желтоқсан желі» драмасында – Қайсар, «Екі жүрек» драмасында – Дулат, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қозы, «Целиндр» трагикомедиясында – Родольфо, «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында – Әнуар, «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» лирикалық комедиясындағы Қасым, «Жұмақтағы жасын» элегиясында – Жігіт, «Мың бір күн» мюзиклінде – Ұзынтұра, «Тұншыққан сезім» драмасында – Әзиз, «Күшік күйеу» комедиясында – Кубик, «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясында – Сердәлі, «Қызыл орамалды шынарым» драмасында – Ілияс, «Ырылдақ күшік» ертегісінде – Тормоз, «Тазша бала» ертегісінде – Күзетші, «Ғажайып қобдиша» сазды ертегісінде – Мысық, «Батыл көжектер» ертегісінде – Арыстан және т.б.

– Жастайыңыздан актерлік өнерді меңгеріп жүріп, кенеттен режиссерлік өнерге ауысуыңызға не себеп болды?

– Бала кезден музыканың, сурет өнерінің не екенін үйреніп, жалпы өнер туралы көптеген ақпарат алып өскендіктен менің жаныма режиссура мамандығы да жақын екендігін сезіндім. Себебі ұстаздарым мектеп кезінен бастап дұрыс музыка қандай болатынын, пейзаж, натюрморт, мүсін өнерінің ерекшеліктерін және түрлі түсті түстердің дұрыс үйлесімін үйреткен. Сондықтан, шыны керек, мен мектеп қабырғасынан бастап режиссураны оқыған екенмін. Содан соң қызық та күрделі мамандық актер шеберлігі де режиссураға жақындаудың келесі баспалдығы іспетті. Актерлік мамандықты оқып жүргенде үзінділер қоятынбыз. Оларды сахналауда кішігірім декорация мен мизансценалар құру арқылы өзімнің ойларымды жүзеге асырып, эксперимент жасағанмын. Көбіне режиссер Қуандық Қасымовтың қасында жүріп, режиссура ілімі жайында көп нәрсені көңіліме тоқыдым. Ол кісі маған режиссердің басты міндеті – актермен жұмыс істеуі екенін санама құйған еді. Жалпы, режиссердің идеясын жеткізетін актерлар болғандықтан, олардың жүрегінен орын тауып, нәтижелі жұмысты талап ету жағын маған Қуандық аға үйретті. Ал Ғ.Мүсірепов театрына жұмыс істеп жүргенімде режиссер Жанат Хаджиев қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  спектакліне мен ассистент болдым. Сол кезде де өнегелі режиссерден алған ілімім мені режиссураны оқып, ол туралы білімімді арттыруыма септігін тигізді. Негізі, бұл мамандықты меңгеруге тікелей жол салған Айгүл Иманбаеваның «Ай» театры. Себебі ол театр енді ашылған сәтте жаңа бағыт керек болды. Сол кезде маған ұсыныс түскен болатын. Мен оны толықтай қабыл алдым. Мәскеудегі ГИТИС оқу орнына жолдама осы театрдың атынан берілді. Турасын айтсам, А.Иманбаеваның ықпалымен, мем-лекеттің «Болашақ» бағдарламасының есебінен оқуға екі жылға барып, білім алып қайттым. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сияқты, менің өнердегі жолымның көзін ашқанына алғысым шексіз.

– Алдағы уақытта да тек режиссер ретінде спектакльдер қоясыз ба? Әлде екі өнерді де бірге алып жүруді жөн санайсыз ба?

– Әрине, екеуін де бірге алып жүруге тырысамын. Менің ойымша, режиссер болу үшін алдымен актер болу керек сияқты. Себебі актерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп, рөлді қалай орындау керектігін сезінесің, кез келген детальдарды аңғарасың, жалпы актерге не керек екенін байқап тұрасың. Өйткені сен өзің актерсің, қойылым атмосферасын жақсы білесің. Енді, әрине, бұл — менің жеке көзқарасым. Байқасаңыз, шетел режиссерларының көбі алдымен актер, кейінен режиссураға ауысқан. Бірақ олар сахнада рөл де ойнайды, би де билейді, спектаклін де қояды. Ал олардан біздің жеріміз кем емес. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, сондай болу үшін өз-өзімізбен көбірек жұмыс істеп, еңбектене беру керекпіз.

– Жуырда Жүсіпбек Аймауытов театрында сіздің жетекшілігіңізбен «Балам, қашан келесің?» атты драманың премьерасы өтті. Жалпы, бұл  қойылымның идеясы қандай болды?

– Негізі, соңғы уақытта еліміздегі бірнеше театрдың шақыртуымен спектакльдерді сахналап жүрмін. Бұл жолы кезек Павлодар қаласына да жетті. Осылайша, көптен бері ойымда жүрген белгілі жазушы, аудармашы әрі журналист Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» атты әңгімесін таңдадым. Жалпы, шығарма қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – Қарттар үйін көтереді. Бұрын баласы немесе қызы ата-анасын қарттар үйіне тапсырып тастапты деген әңгімені жиі ести бермейтінбіз. Ал бүгінде мұндай жағдайдың қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны жанға батады. Әрине, мұндайда жүрегің ауырады. «Неге біз осындай жағдайға тап болдық?» деген сұрақ та үнемі ойымды мазалайды. Өкінішке қарай, оған нақты жауап табу қиын.

Жалпы, шығарма оқуға қызықты болғанымен, ондағы кейіпкерлерді сөйлетіп, сахналық қойылым ретінде ұсыну да орынды деп санадым. Осы оймен Сәкен ағаның өзіне хабарласып, шығарманы драма үлгісінде жазып беруін өтіндім. Нәтижесінде пьеса дайын болып, театр ұжымына ұсынылды. Театр тарапынан бұл бастама бірден қолдау тапты. Ал спектакльдің өзіне шамамен бір жарым айдай дайындалдық. Қойылымда алты қарт адамның тағдыры мен қарттар үйіндегі өмірі баяндалады. Дегенмен, бұл жерде «кінәлі біреу» деп кесіп айту қиын. Өйткені әр адам өз тағдыры мен таңдауы үшін өзі жауап береді. Әркімнің өз шындығы мен қателігі бар. Бұл ойды көрермен де спектакльді тамашалау барысында сезінгендей болды.

– Режиссер ретінде сіз үшін маңызды қағида қандай?

– Мен үшін сахнадағы басты қағида – шынайылық. Көрермен қойылымды тамашалағанда сахнадағы оқиғаға сеніп, кейіпкерлердің тағдырын жүрегімен сезінуі керек. Театрдың құдіреті де осында деп ойлаймын. Сондықтан әр спектакльде актерлердің рөлге терең еніп, образды табиғи әрі нанымды жеткізуіне ерекше мән беремін. Кейіпкерлердің жан дүниесі мен ішкі толғанысын көрерменге шынайы жеткізе алсақ, қойылымның негізгі мақсаты орындалды деп есептеймін. Сонымен қатар, театр көрерменге ой салып, қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамауға жетелесе, оның тәрбиелік мәні де арта түседі.

– Актерлермен жұмыс істеу әдісіңіз қандай?

– Жұмыс барысында алдымен өзара сенім мен шығармашылық түсіністікке мән беремін. Әр актердің рөлді өзінше сезініп, кейіпкердің ішкі әлемін ашуына мүмкіндік беру маңызды. Қойылымға дайындық барысында образдың мінезі, психологиясы мен сахнадағы әрекеттері жан-жақты талданады.

Мен үшін әр әртістің кейіпкер тағдырын жүрегімен сезініп, оны көрерменге шынайы жеткізе білуі аса маңызды. Сондықтан жұмыс барысында актерлермен үнемі пікір алмасып, ортақ ізденіс арқылы қойылымның мазмұнын тереңдетуге тырысамыз. Осындай шығармашылық бірлік пен түсіністік сахнадағы шынайылықты арттырып, қойылымның әсерін күшейтеді.

– Қазіргі заманғы театр көрерменіне қандай әсер қал-дыруды мақсат етесіз?

– Қазіргі көрермен қойылымнан тез ой түйеді, эмоцияға ашық. Бірақ бір мезетте ол сұрақтар мен ойларға дайын тұруы керек. Сондықтан мен сахнаға тек оқиғаны қоюмен шектелмеймін. Әр туындыны көрерменнің жүрегіне, оның сана-сезіміне әсер етуге арналған тәжірибе ретінде жасаймын. Өйткені әр қойылым — мен үшін жаңа ізденіс, жаңа сұрақтар, жаңа сынақ.

Көрермен күліп, жылап, ойға батқанда ғана менің жұмысымның мәні ашылады. Мен үшін маңыздысы – тек эмоция емес, ой мен философияда. Сахнаның әр қозғалысы, әр жарығы, әр дыбысы көрерменнің санасында із қалдыруы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет! Театрда жолыққанша!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.