Жуырда Астана қаласындағы Ұлттық музей қорына Қажымұқанның кезекті заты табысталды. Қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуанға тиесілі «Джамбия» қанжары мамандардың қолына салтанатты жағдайда тапсырылды.
Қанжарды салтанатты табыстау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, Қажымұқан Мұңайтпасовтың шөбересі Әйкен Мұқанова және басқалар қатысты.
— Музей қоры құндылығы жоғары экспонатпен толықты. Бұл – күллі әлем мойындаған күш атасы, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжары. Бір жағынан Джамбия қанжарының өзі қолөнер туындысы ретінде құндылығы жоғары болса, ал оны араб ұсталарының Қажымұқанға арнайы жасауының өзі араб, түркі әлемінің балуанға деген жоғары құрметі деп білеміз», —
деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.
1912 жылы Мұқан Түркиядағы белдесуде жергілікті балуан Нуруллахты жеңеді. Оның өнеріне тәнті болған Ыстамбұл қаласының әкімі Шағыр паша қазақ батырын қажылыққа шақырған. Ал сапар соңында естелік ретінде осы араб қанжарын тарту етіпті. Содан кейінгі 111 жыл бойы жәдігердің қайда болғаны белгісіз. Жуырда жеке коллекционерлердің қолынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров тапқан.
— Бұл жәдігерді сатылмастан бұрын көрген едім. Кейін белгілі бір адамдарға сатылайын деп жатқан жерінен тоқтаттым. Оны біздің ұрпақтарымыз көруі керек және тарихи жәдігер халықтыкі болуы тиіс. Сол себепті, олар көріп-білсін деген мақсатта музейге тапсырдық, — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров.
«Джамбия» қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар. Мәселен, сол жағында «Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жағында «Бізден қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл) деген жазуларды оқуға болады.
Сонымен қатар, шара барысында Ұлттық музей қорындағы Қ.Мұңайтпасұлына тиесілі жәдігерлерден көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі күні музей қоры қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігерлер саны 27-ге жетті.
Өз тілшіміз