Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, театр әрі кино актері Бекжан Тұрыстың есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Театр әртісі көпшілікке «Ұят болмасын» телебағдарламасындағы Ақылбай ата, «Сыған серенадасы» спектакліндегі Шәмші, «Қожанасырдағы» Қожанасыр атты рөлдерімен белгілі. Бүгінде өнер иесі Алматы қалалық М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында еңбек етіп келеді. Жуырда гастрольдік сапармен Кереку өңіріне келген театр әртісімен сұхбаттасудың сәті түсіп, шығармашылығы мен қазақ театрларының тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.
— Бекжан Асаубайұлы, Алматы қалалық М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында 30 жылдан аса қызмет етіп келесіз. Бұл салаға келуіңізге балалық шақтағы арманыңыз себеп болған шығар. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз…
— Иә, дәл солай. Әр адам балалық шағында армандап, біреуге еліктейтіні анық. Сол кездегі отандық фильмдердегі актерлердің кәсіби шеберлігінің маған әсер еткені соншалық, «Мен де актер боламын» деген ой туындады. Сөйтіп, арманым мақсатқа айналып, актер болуды жөн санадым. Алайда ол уақытта театр барын, онда әртістер еңбек ететінін білсек те, тарихынан хабарсыз болдық. Дегенмен өнерге деген құштарлығымның нәтижесінде Қазақ ұлттық Өнер академиясына актерлік мамандық бойынша оқуға түстім. 3-курста білім алып жүргенімде театр режиссурасының тайбурылы Әзірбайжан Мәмбетов универси-
тетте осы бағытта білім алып жүрген 3-4 студентті таңдап алды. Олардың арасында мен де болдым. Сөйтіп, 1991 жылы М.Әуезов атындағы театрға қызметке қабылдандым. Сол уақыттан бері осы өнер ордасында еңбек етіп келемін.
— Бұрынғы қазақ театрынан қарағанда бүгінгі қазақ театрында өсу бар ма?
— Әрине, бар. Әр есті театр әртісі осы сұраққа жауап бергенде алдымен театрдың тарихынан бастайды. Өйткені, олардың театр өнеріне қосқан үлестері өлшеусіз. Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы қазақ халқының ұлттық музыкасына үлес қосса, Ә.Мәмбетов секілді ағаларымыз театрдың өркендеу жолына еңбек етті. Олардың жеткен жетістіктеріне біздің жете алмасымыз әбден анық. Себебі, олар бар жән-тәнімен өнерге беріліп қызмет атқарды. Ал бүгінде кейбір өнер адамдары өнердегі ағалары секілді өз саласын жақсы көреді дегенге сеніңкіремеймін. Өйткені, олардың көбінің ойлайтыны — танымалдылық, атақ алу. Бұған ескерту жасай қалсаң, біреудің қалтасына қол сұғып, өнерін қызғанғандай көрінесің. Алайда өзім ағаларымның аманатына адалмын.
Әр буынның өз ойы, өз пікірі болады дегендей, қазіргі театр өркендеп-өсіп келе жатқаны рас. Бүгінде талантты жастарымыз әр шығармаға жаңаша көзқараспен қарап, тарихи оқиғаларға өзінше реңк беріп жүр.
– Сіз актер ретінде театрға адалдық танытып келесіз. Арасында бірнеше фильмге түстіңіз. Алайда бүгінде отандық фильмдерде бой көрсетпей жүрсіз. Себебі неде?
– Мен мамандығым бойынша кино және театр актерімін. Киноға түсуді ұнатпаймын десем, өтірік әңгіме болар. Театрдың босағасын аттағанымда алдыңғы буын аға-апаларымыздың айтқан сөздері: «Осы театр сенің төрің болсын», –
деген еді. Біз сол кісілердің театр сахнасын өз үйінің төріндей көрген мектебінен өттік. Алдымен ағалардың қолына су құйып, сол кісілердің батасын алдық. Ол кісілер бізге көбінесе театрға деген адалдықты айтатын.
Қазіргі уақытта кино саласында маған аса бір сұраныс та жоқ. Осы уақытқа дейін бірнеше сериалға түстік. Бірақ менің қатып қалған қағидам, тәртібім бар. Телевидениеде болсын, кинода болсын, мен басқа жерде жұмыс істегенде театрға кедергім тимесе екен деймін. Мен үшін театр төріндей құдіретті әлем жоқ. Мен үшін бірінші кезекте театр тұрады. Бәріміз сұхбат берген кезімізде мықтымыз ғой, қатырамыз. Ал күнделікті тірлігімізде сөз бен іс қабыспай жатады. Біздің актерлердің көбі киноға түсіп жатады. Олар неге кино мен театрды бірге алып жүрмеске, театрдағы жұмысыма кедергі келтіріп жатқан жоқпын ғой дейді. Бос сөз. Талай рет театр сахнасына уақытылы келмей қалған кездері де болды. Кейін сұхбат берген кезде «Менің театрға деген адалдығым сұмдық» деп сайрай жөнеледі. Өзімізден кейінгі буынды тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Кей кездері ақыл айтып, дұрыс жолға салғың-ақ келеді. Олар болса, өзіңе ақыл айтуға құштар. «Бекжан ағамыздың жастарға көңілі толмайды» деп айтуы мүмкін. «Менің сіз сияқты болғым келмейді, бұл не тірлік» дейтіндер де кездеседі. Талғамға талас жоқ. Таңдаған жолы өзіне ұнаса, біз не істемекпіз?
– Сіз ойнаған рөлдерді халық жылы қабылдайды. Кейбір көрермендер сіздің өнеріңізді тамашалау үшін бір қойылымға бірнеше мәрте келетінін де естідік. Тарихи, классикалық, зама-науи кейіпкерлердің көбін ойдағыдай алып шықтыңыз. Белгілі бір рөл тапсырылғанда оған қалай дайындаласыз?
– Ойнаған рөлдерімнің әрқайсысы мен үшін қымбат. Бастысы, сахнаға алып шыққан дүниелерімнің бәрі көрерменнің көңілінен шығып жатса, еңбегімнің еленгені, жұмысымның нәтижесі деп ойлаймын. Образ сомдағанда шынайы берілудің өзі — үлкен дүние. Әрбір рөлді алған кезімде оған үлкен дайындықпен келемін. Ол кезде мен бәрін ұмытамын, соның жетегінде кетемін. Адам баласының бір ғана өмірі болатын болса, актер адамдардың өмірі — екеу. Бірі – өз басының тіршілігі, екіншісі – шығармадағы кейіпкерлер. Біз де кейде сол кейіпкерлермен өмір сүреміз. Шын таланттың ойында басқа дүние болмауы керек. Қазір біз дүниені күйттеп кеттік. Қайтсек тұрмысты түзейміз, қайтсек байимыз дейміз. Әрине, кім тұрмысының жаман болғанын қалайды? Жақсы боламын, одан да мықты боламын деп жүріп, бір күні бұрқ ете қаламыз. Мен үнемі кейіпкерлеріммен бір жүремін. Олармен сырласу, сұхбаттасудан артық бақыт жоқ. Кейде маған «Неге ой үстінде жүресің?» деп айтып жатады. Қай кезде де ойсыз, мұңсыз адамнан ештеңе де шықпайтыны белгілі. Ойсыздық — адамның жауы. Бір образды алып шыққан соң, екіншісінің әлеміне ену үшін барымызды саламыз. Көшеде жүргенде, үйде отырғанда, тіпті ұйқыға жатар алдында да ойымыздан образдар кетпейді. Мұның бәрі актер болып қалыптасуымызға зор еңбек еткен Асқар Тоқпанов, Қадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова сияқты ұстаздарымның арқасы. Мен сол кісілерден дәріс алғаныма бақыттымын. Мұны мақтанышпен айтамын. Бүгінгі жас актерлерге қандай білім, қандай ілім беріп жатыр екен деп уайымдайтынымыз рас. Кейде театр ұлт руханиятының ұйытқысы екенін ұмытып кеткендей көрінеміз.
– Сөзіңізден байқағаны-мыздай, бүгінгі жас актерлерге қояр талабыңыз жоғары секілді… Аға буын өкілдерінен кейінгі жас толқынның бойында қандай қасиеттер орын алуы тиіс?
– Жастардың бәрін бір шыбықпен айдап, көңілім толмайды десем дұрыс болмас. Араларында ізденімпаз, өзіне қатаң талап қоятын жастар бар. Өкініштісі, көп емес. Өнердегі оның ойнаған рөлі жақсы шығар, бірақ өзінің жақсы адам болып қалыптасуы — бөлек нәрсе. Өмірде жақсы адам бола алса ғана, одан жақсы актер шығады. Актер қалай болуы керек? Өнердегі марқұм ағамыз Әшірбек Сығай айтқандай, актер әнші, жыршы, күйші, тарихшы болуы керек. Немесе сол өнерді терең зерделей алатын қабілеті болғаны жөн. Өкінішке қарай, қазіргі жастарымыз мұндайға салғырттық танытады. Өйткені, кітап оқымайды. Өзінің тегін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Ал өзінің тарихын білмеген адам – тамырсыз дарақ дерсіз. Олар көп болса, өнердің де көсегесі көгермейді. Мәселе жақсы рөлді бір рет ойнап шығу емес. Адам бір жақсы рөлмен тарихта қалуы мүмкін. Ондай деңгейге жету үшін ұшан-теңіз білім мен рухани тазалық қажет. Баяғыда Әшірбек ағамыз айтатын: «Актер адамының жаны нәзік хрусталь сияқты, ар жағы көрініп тұрады, абайламасаң сынып кетеді» деп. Кейде хрустальдің іші-сыртын шаң бүркеп қалмады ма екен деген ой-сананы сан саққа жүгіртеді.
Кейде бізде жалған сөйлейміз, атақ пен танымалдылықтың құрбаны боламыз. Біздегі ішті үңгитін күйзеліс сол.
— Біздің театрлардың әлемдік деңгейдегі орны қандай?
— Кешегі тақыр жерден театр ашқан ағаларымыздың мектебі – өте мықты мектеп. Олар ұлттық болмыстың таза қайнарынан өріп шығып, қазақтың өз әлемін көркем деңгейде қайта өзіне ұсынды. Мен өзіміздің мектеп пен одан шыққан актерлердің шетелмен салыстырғанда артық болмаса, кем түскен тұстарын байқаған жоқпын. Шетелдерге шыға жүріп, қазақ театр мектебінің мықты екеніне көзім жетті. Шетелдерде өнер көрсеткенімізде халық орнынан тік тұрып құрмет көрсетіп жатады.
Қазір біздің театрды әлем таниды. Біздің мектептің Әуезов пен Мүсірепов негізін салып кеткен сара жолы бар. Біздің Батыс пен орыстарға негізделіп, солардағы элемент пен жаңашылдықты алғымыз кеп тұрады. Біз, керісінше, олардан қашуымыз керек. Біз олардан не алдық деп емес, оларға не ұсынамыз деп ойлауымыз керек. Ал олардың алары, біздің береріміз қайсы? Оларға нені кесе-көлденең тартамыз? Ол Әуезов пен Мүсірепов негізін қалаған мектеп болуы тиіс. Қазақстандағы барлық театрлар Әуезов театрынан бөлініп шыққан. Бүгінде бас театр бабында деп сенімді түрде айта аламын.
— Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Өнер жолыңыз өрлей берсін!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.