Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мейрамына қатысты әркім әр түрлі ой-пікір айтады. Күллі әлемді нұрға бөлеп, табиғат тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған мерейлі мерекеміз жайлы қанша рет сөз етсек те еш артықтық етпесі анық. Бұл жолы көптің ішінде жүретін өнер адамы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Еңбек даңқы» және Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісінің иегері, Торайғыров университетінің өнер факультетінің профессоры, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, Шарбақты ауданының құрметті азаматы Дәурен Нәжімиденұлы Әділді сөзге тартып, Наурыз мейрамы жайлы ой-пікірін білген едік.
— Дәурен Нәжімиденұлы, өнер адамы ретінде ел арасында көп жүресіз. Бүгінде халық Наурыз мейрамын қалай тойлап жүр?
— Наурыз – жыл басы, яғни әлем халықтарының көбі осы мейрамды жаңа жыл ретінде қарсы алады. Бұл күні әр шаңырақтың дастарханына наурызкөже қойылып, әр ауыл-аймақта мерекелік іс-шаралар өтуі тиіс. Әсем ән шырқалып, күй тартылып, би биленіп, қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт бірін-бірі мерекемен құттықтап, мәре-сәре болуы қажет. Түркі мемлекеттерінде де Ұлыс күні осылай аталып өтеді екен. Әрине, біздің елде де бұл мерекелік нышандардың бәрі жасалады. Дегенмен де, қателікке жол беріп жүрген жайымыз да баршылық. Шыны керек, әлі күнге дейін көпшілік Наурыз мейрамы десе, көз алдына бірден қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын елестетеді. Сөйтіп, наурыз қарсаңында аяғын басын жүгіріп жүрген сәбиді жылатып әкеліп, қайтадан тұсауын кесіп, «Тұсаукесер» дәстүрін көрсетеді. Тұрмыстағы жас келіншектің немесе тұрмыс құрмаған қыздың бетін ашып, «Беташар» жасап жатады. Осылай үлкен-кішілі мекемелерден бастап мектеп, балабақшаларға дейін көрініс қойып, Наурызды қатырып тойлап тастадық деп ойлайды. Біздің салт-дәстүріміз Наурыз кезінде ғана емес, орайына қарай әр сәтте орындалуы керек. Айтпағым, мұндай ұлттық дәстүрдің наурызға еш қатысы жоқ. Наурыз деген – той, оны тойлатып, көңіл көтеріп, думандатып атап өтуіміз қажет. Сонда ғана мереке болады. Өкінішке қарай, бұл мейрамның мән-маңызын түсінбегендер күрделендіріп, қиындатып жіберді. Осы мәселені жүрген жерімде айтып, түсіндіріп келемін. Тіпті, бірнеше рет тоқтау салған сәттерім де болды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын театрға бір шенді ағамыз келіп, екі батырдың киімін сұрады. Мен ол кісіден оны не үшін пайдаланатынын білгім келді. Ол да ойланбастан: «Наурыз мерекесіне арнап киіз үй тігеміз. Соның есігінің екі босағасында қос батыр күзетіп тұрады. Сол үшін керек», — деді. Мен оған бұл дұрыс емес екенін түсіндірдім. Мереке, той-думан кезінде қазақтың есігі баршаға айқара ашық болған. Сол арқылы халқымыздың пейілі кең, көңілі ақ, жүрегі пәк екенін көруге болады. Ал есікті қандай жағдайда батыр күзетеді десеңіз, бұрында, яғни жаукершілік заманда қолбасшылар, билер ақылдасып, құрылтай өткізген кезде ғана сол жиын болып жатқан ақ орданы батырлар күзетіп тұрған. Себебі, сырт жақтан тыңшылар естіп, жоспарды біліп қоймасын деген ой болған. Сонымен қатар, бұл маңызды шараға жиналған зиялы қауым, данагөй ақсақалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзет қойылған. Ал молшылық пен тоқшылықтың символы саналған Наурыз мейрамында үйді күзету — салтымызға сын жағдай, дедім. Әлгі ағам бірден менімен келісе кетіп, жөн-жосықты білмегені үшін кешірім сұрап, рақметін айтты. Бұл – бір ғана мысал.
Міне, өнер адамы болғандықтан, осыған ұқсас жағдайлар жиі орын алып жатады. Шамам келгенше Наурыз мейрамының мән-маңызын түсіндіруге тырысып жүремін. Әрине, бес саусақ бірдей емес, әркімнің деңгейі мен таным-түсінігі әр түрлі. Бірден менімен келісіп жататындар да бар, керісінше теріс-қағыс сөйлеп, кейінгі ұрпақты шатастырып жүргендер де жоқ емес. Естуімше, негізі 1986 жылы билік басына келген Геннадий Колбин қазақтарға тән қандай мереке, құндылықтар бар дегенде, біреулер Наурызды бетке ұстап, «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар» сынды салттарымызды көрсетіпті деседі. Содан бері Наурыз десе, ұлттық дәстүрлерді көрсету әдетке айналып кеткен екен. Енді бүгінде егемен ел атанғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтті, ес жиятын кез келді деп
ойлаймын.
— Шыны керек, әлі күнге дейін Наурызда салт-дәстүр көрсету үрдісі үзілген жоқ. Сіз бұл дұрыс еместігін айтып, ескерту жасағанда көпшілік тарапынан «неге, сонда не істеу керек?» деген сауалдар қойылатын шығар… Қалай жауап бересіз?
— Иә, бәрі дәл осы сұрақты қояды. Олардың әрқайсысына ерінбей түсіндіремін. Негізі, бұл сұрақты қоятындар 31 желтоқсанда Жаңа жылды жаны қалмай қарсы алатындар ғой. Мен оларға айтамын, біз үшін жаңа жыл, яғни жыл басы – Наурыз. Ал сіздер 31 желтоқсанда тойлатасыздар ғой, сол сәтте салт-дәстүр көрсетесіздер ме? Әрине, жоқ. Сол сияқты Наурызда да көрініс қойып қателеспеу қажет. Сөз басында айтып өткенімдей, бұл – той, мереке. Күн мен түн теңеліп, жаңа күн туатын шақ. Көпшілік 31 желтоқсан күні жақсы киімдерін киіп жарқырап, отшашуын атып, ән шырқап, керемет көңілді қарсы алуға тырысады ғой. Наурызда да дәл солай керемет мейрам екенін сезіне білу керек. Бір-бірін жаңа жылдың басталуымен, табиғат ананың жаңаруымен құттықтап, үлкен-кішінің бәрі мәре-сәре болуы тиіс. Барлық адам көңіл көтеріп, демалуы қажет.
— Өзіңіз білесіз, былтырдан бастап елімізде Наурызнаманың онкүндігі жарияланды. Бұған не дейсіз?
— Наурызнаманың онкүндігі Көрісу күнінен бастау алып, ары қарай қайырымдылық, шаңырақ, мәдениет, тағы да ұлттықсалт-дәстүр күні деп жалғаса береді. Меніңше, бұл нәрселер осы Наурыздың алдындағы онкүндік аясында ғана емес, күнде жасалуы тиіс әрекет қой. Мысалы, біз театрда күнде көрісеміз, яғни бір-бірімізбен құшақтасып амандасамыз. Ал шаңырақ күнінде отбасы құндылықтары насихатталуы керек дейді. Бұл көріністер де күн сайын әр отбасында болып тұруы қажет. Қайырымдылық шаралары да үнемі үздіксіз жасалуы тиіс. Логикалық тұрғыдан ойлап отырсаңыз, мұның бәрін онкүндіктің аясына сыйғызу мүмкін емес, ауқымы тар болып кетеді. Сондықтан мен осы онкүндіктің ар жағында жастарды мейірімділікке, қайырымдылыққа, бауырмалдыққа, тәрбиеге шақырып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға, ұмытпауға баулитын ұлы мақсат тұр деп ойлаймын. Сол үшін ұлттық мейрам саналатын Ұлыс күнінің алдында осы құндылықтарды ел болып насихаттап, жас буынның санасына сіңіру көзделіп отырған сияқты. Әйтпегенде, қазір қиын заман болып барады. Ағайын арасы ашылып, араздық туындап жатқан жайы бар. Бесіктен белі шықпаған балалар арасында буллинг орын алуда. Жан-жағымыздағы көрші елдерде де не болып жатқанын көріп отырмыз. Міне, мұндай жайсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бастамасы — осы онкүндік болар деп топшылаймын.
— Наурыз мейрамын тойлауға қатысты қандай ұсыныс-пікір айтар едіңіз?
— Наурыз – жыл басы ғана емес, жер-жаһанды жаңартып, жандандырып, барлық тіршілік иесіне жарқын өмір сыйлайтын, берер рыздығы мол мереке. Сондықтан да Ұлыстың ұлы күнін әркім жан жүрегімен сезініп, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтуі тиіс. Концерт тамашаласын, өздері де билесін, ойнасын, күлсін. Бірақ ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек. Менің байқағаным, біздің жақта Наурыз мейрамы кезінде жиналған жұртшылыққа қазан-қазан палау мен тегене-тегене бауырсақ тегін таратылады. Оны көбі төгіп-шашып жейді. Тіпті, кейбіреулер өзімен бірге дорбасын алып келіп, салдырып алып жатады. Себебі, мұндайлар тегін нәрсені олжа көреді. Осы жағдайды доғарған дұрыс деп есептеймін. Тегін дүниенің қадірін білетіндер кемде-кем. Ысырапшылдықтың басты себебі де – осы деп ойлаймын. Одан да әр нәрсені азын-аулақ тиын-тебенге болсын сатқан жөн.
Мен осыдан үш жыл бұрын Шымкенттің орталық алаңында Наурыз мейрамын жүргіздім. Оған елордада тұратын белгілі этнограф Әйгерім Мұсағажинова деген жиенім шақырып, бірге бардық. Таңқалғаным, біздің өңірде көшеде көліктің кептелісін көреміз ғой, ал оңтүстік өңірде адамдардың кептелісін көрдім. Ештеңені де тегін беріп жатқан жоқ, наурыз көжесін де, палауын да қолжетімді бағамен сатып жатыр. Ақшаға сатып алған тағам да қастерлі ғой, ешкім оны төгіп-шашпай, тамсанып ішіп-жеп, мәз-мейрам. Осы үрдісті бізге де енгізген дұрыс дер едім. Сонда ғана тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа жол берілмейді. Әйтеуір көбі осы мереке кезінде бірдеңе қамтып қалғысы келеді. Сонымен қатар, біздің жақта Наурыздан кейін алаң қоқысқа толып кетеді. Ана жер, мына жерде тамақтың қалдықтары мен майлықтар шашылып жатады. Бұл – мәдениетсіздік. Осының бәрін жою үшін тегін дүние таратуды тоқтату қажет. Одан да тегін тағамды жетімдер үйі, қарттар үйі сияқты мекемелерде тұратын нағыз мұқтаж жандарға апарып беру керек.
Сөз соңында тағы айтарым, Наурызда әр мекемеде салт-дәстүр көрсетіп, мерекені күрделендірмеу керек. Шындығына келгенде, осы мейрам қарсаңында әсіресе мұғалімдер мен тәрбиешілер шаршап жүреді. Олар жанталасып ұлттық тағам жасап, енді анау керек, мынау керек деп қызыл жінік, ала шапқын болады. Біресе балалармен, біресе ата-аналармен ақылдасып, азан-қазан болып, неше түрлі сайыс ұйымдастырып, әйтеуір мейрам аяқталғанша тыным таппайды. Мұның не қажеті бар? Наурызда адамдар көңіл көтеріп, дем алып, қызық көріп, той тойлауы қажет.
— Театрда, отбасыңызда Ұлыс күнін қалай қарсы аласыздар?
— Біз таңертең театрдың босағасын аттай салысымен, бір-бірімізді мерекемен құттықтап, концерт қойып, мәре-сәре болып Наурызды думандатып атап өтеміз. Ақ дастархан жайып, көже ішеміз, көңіл көтереміз. Той екенін сезінеміз. Бірақ театрда қызмет істейтіндердің көбі өнер адамдары болғандықтан, біразы басқа жақтағы концерттерге қатысу үшін кетіп қалып жатады. Ал отбасыма келер болсам, жыл сайын міндетті түрде наурыз көже пісіріп, бір-бірімізге жақсы тілектерімізді айтып, у-шу болып тойлатамыз. Алайда 31 желтоқсан күні кейбіреулер сияқты тауықтың етін пісіріп, пәлен түрлі салат жасап, ертеңінде оны ашытып төгіп, ысырап жасауға жол берілмейді. Тек мемлекет басшысының құттықтауын тыңдап, бір шайымызды ішеміз. Менің шаңырағым үшін үлкен мереке – Айт. Сондықтан айт кезінде ағайын-туысты құттықтап, айтшылап, арқа-жарқа болып қалатынымыз бар.
— Наурызда жақсы тілектер, жылы сөздер айтылады. Сіз жерлестеріңізге қандай тілек айтасыз?
— Ең алдымен Алла елімді бірліктен айырмасын деп тілеймін. Елімді данасымен сақтасын, үйді анасымен сақтасын! Балаларымыз ақылды, саналы, сабырлы, абыройлы болып, тура жолдан таймасын! Санамызды қайырлы болатын нәрселер мен ырыздықтарға толтырсын. Істеп жатқан еңбегіміз жемісті болып, Алла берекелі қылсын. Келесі наурызға басымыз аман, бауырымыз бүтін, аман-есен жете берейік. Алладан сұраған тілектеріміз қабыл болсын деймін. Сондай-ақ, Ұлыс күні қарсаңында өзімнің өсіп-өнген жерім, Павлодар облысының шығысындағы Маралды деген қасиетті елім жайлы бір-екі ауыз айтып өткенді жөн көрдім. Бұл – өте қасиетті өлке. Ұлдары ұлықты, қыздары қылықты, шеттерінен бауырмал, мейірімді. Бұл елдің ұлдары түгіл қыздарының өзі елге жау тисе, найзасын қолына алып тұра шапқаннан тайынбайды. Олай дейтінім, олар-біреуінің басына қиыншылық түссе, тай-тұяғымен қалмай соған көмектесетін қамқоршы, ұйымшыл жандар. Басқа жұртты білмеймін, біздің елде той мен қайғыда бәрі бір кісідей жұмыла кірісіп кетеді. Сол ел-жұртыма айтатыным, Алла осы бірліктен айырмасын. Осынау керемет адамгершілік қасиетімен, кең пейілімен елдің атын шығара берсін деймін. Жалпы, белгілі ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаев жырлағандай, киелі Маралдының топырағынан нәр алып, суын ішкен азаматтардың қай-қайсысы да осал емес. Кейбіреу биік тауымен мақтанады. Біреуі қалың орманымен мақтанады. Енді біреу терең өзенімен мақтанады. Ал бізде орман жоқ болғанымен, қалың елім бар. Асқар тау жоқ болғанымен, биік азаматтар бар, терең өзен жоқ болғанымен, ауылымның әрбір жерінен ағып жатқан әдемі көздер бар. Қызылтаңға қызыға қараймын. Осы ауылдың ішінде «көз» деп аталатын жер астынан шығып жатқан су бар. Сол суды жаздың күні ішсең, таңдайыңды қатырып тастайды, қыстың күні ішсең, жып-жылы болып бал татиды. Бұдан бөлек, менің елімде Дариякөл, Аралтөбе, Байжырық деген әдемі жерлер бар. Байжырықтың басында ескі жұрт бар. Оны әлі күнге дейін ешкім зерттемеген. Баяғыда бала күнімде әкем марқұм сол жер өте киелі мекен екенін үнемі айтып отыратын.
Міне, осындай ғажап жері, қасиетті елі бар туған өлкемнің асыл азаматтарын Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алла береке-бірліктен айырмасын!
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.