Бейнелеу өнерінің бел ортасында жүрген жандар осы бір павлодарлық қылқалам шеберінің бояулар үндестігін бірден таниды. Табиғатқа біртабан жақын таланттың қолтаңбасын білетіндер «Пах, мынау Шорановтың салған суреттері ғой!» деп дөп басып жатады. Иә, біз әңгімелеп отырған суретші – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Өсербай Шоранов.
Өсербай Аманжолұлы көбінесе пейзаж жанрында еңбек етіп, сұлу Баянауылдың табиғатын бейнелеумен ерекшеленеді. Оның картиналарынан туған өлкенің тынысы мен таулардың асқақтығы анық сезіледі. Жуырда қылқалам шеберін арнайы іздеп, облыс орталығындағы шеберханасына ат басын бұрдық. Есіктен енген сәттен-ақ бұл жер бізге ерекше әсер қалдырды. Қабырғаға сүйелген кенептер, түрлі түске боялған қылқаламдар мен палитра, жартылай аяқталған картина – бәрі «сөйлеп» тұрғандай. Сол шеберхананың жылы кеңістігінде суретшімен бейнелеу өнерінің бүгінгі келбеті мен ертеңгі үміті, жас буынның ізденісі мен өз бағытын табу жолындағы толғаныстары туралы әңгіме өрбіттік.
– Өсербай Аманжолұлы, әр суретшінің жүрегінде өнерге жетелеген ерекше бір сәт, ұмытылмас әсер болады. Сізді қылқалам мен бояу әлеміне жетелеген сол алғашқы құштарлық қай кезде оянды? Балалық шақтағы естелік пе, әлде өмір жолындағы кездейсоқ бұрылыс па?
– Иә, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығымның бастауын оқушы шағыммен байланыстырамын. Сол кездері біздің білім ордасы басқа мектептер сияқты қабырға газеттерін шығаратын. Аптасына бір рет кезекшілік ету дәстүрлі міндет болатын. Біреулер мақалалар мен жаңалықтар жазуға жауапты болса, мені үнемі сурет салуға тағайындайтын. Қолыма қылқалам тиген сайын ерекше шабыт пайда болып, қағаз бетіне қиялымдағы бейнелерді түсіруге ұмтылатынмын.
10-сыныпта оқып жүргенде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Соған орай біздің сыныпқа ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ашық сабақ ұйымдастыру тапсырылды. Сабақ барысында оқушылар баяндамалар жасап, ақынның өмірбаяны мен шығармалары туралы ақпарат берді. Ал ұстазымыз, бәлкім, бойымдағы суретшілік қабілетті аңғарған болар, қасыма келіп:
– Сен ақынның бейнесін кітаптағы суретке қарап салып көрші, – деді.
Мен үшін бұл зор сенім еді. Қағазға үңіліп, Жамбыл Жабаевтың жүзіндегі даналық пен мейірім нұрын жеткізуге тырыстым. Сол сурет кейін сыныптастарым мен ұстаздарымның да көңілінен шықты. Сол сәт менің жүрегімде бейнелеу өнеріне деген шынайы махаббаттың отын тұтатты десем, артық емес.
Мен Ақсу ауданы Ермаковский совхозындағы (қазіргі Мәмәйіт Омаров ауылы) Жамбыл атындағы орта мектепте білім алдым. Сол мектеп қабырғасындағы ұстаздарым менің болашағыма бағыт беріп, үнемі шабыттандырып отырды. Олар:
– Сенің суретке бейімің бар. Осы жолды таңда. Алматыдағы көркемсурет училищесіне түс, – деп кеңес айтатын.
Дегенмен, ол уақытта зоотехник, мал дәрігері секілді мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Ата-анам да сол бағытты құп көріп, менің тұрақты кәсіп иесі болғанымды қалады. Бірақ ішімде өнерге деген құштарлығым маза бермеді. Соның жетегімен 1976 жылы Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемөнер училищесін бітірдім. Кейін Ресей елінің Мәскеу қаласындағы М.Суриков атындағы институтқа оқуға түсуге ниеттендім. Мұны үлкен ағам сезіп қалып, маған жігер беріп:
– Өскен, қорықпа. Барып оқып кел. Өнеріңді тұншықтырма, – деп қолқа салды.
Алайда ата-анам:
– Біз қартайып қалдық, сен бізден жырақ кетпе. Жеті жыл оқыдың – жетеді. Басқаларының балалары оқымай-ақ еңбек етіп жүр ғой, – деп пікірлерін білдірді. Сол себепті ауылымдағы мектебіме жұмысқа орналастым. Бес жыл бойы сол мектепте сурет пәнінен сабақ бердім. Жолдасым да сол мектепте химия мен биология пәндерінің мұғалімі болып қызмет етті.
– Алғашқы туындыңыз есіңізде ме?
– Нақты есімде жоқ, бірақ бейнелеу өнеріне деген қызығушылығымның оянуына үлкен ағамның және оның достарының әсері зор болды. Үлкен ағам Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Ал оның жан жолдасы, талантты жас суретші Әбу Уахитов көркемсурет училищесінде білім алды. Әбу ағам әр демалыста ауылға келген сайын қасында түрлі бояу мен альбомдарын ала келетін. Біз үшін ол нағыз сиқыршы сияқты көрінетін: ақ параққа бірнеше қозғалыспен-ақ суретті жандандырып жіберетін.
Сол күндер әлі көз алдымда. Әбу ағайым әр келген сайын менің сурет салуға деген ынтамды байқап, қолыма қылқалам ұстатып, сабырмен бағыт-бағдар беретін. Қылқаламды қалай дұрыс ұстау керектігін, бейненің жарығын қай жақтан түсіру маңызды екенін, кейіпкердің жүзін қалай беру керектігін түсіндіріп, өнердің заңдылығымен таныстырды.
Мен де қолым қалт етсе, оның үйреткен тәсілдерін қайталап, бірде табиғат көрінісін, бірде ауыл адамдарының бейнесін салып көруге тырысатынмын. Қазір ойласам, сол алғашқы суреттер менің шығармашылыққа жасаған алғашқы қадамдарым екен. Бірақ ол уақытта біз үшін еңбекті жинап, сақтау деген түсінік болмаған. Салған суреттерім әр дәптерде, бір бұрышта, кейде сынып сөресінде қалып, ақырында жоғалып кететін. Дегенмен, сол жоғалған суреттердің әрқайсысы менің ішкі әлемімде із қалдырды.
Кейін мен училищеге оқуға түсуге бел буғанда Әбу ағайым мені барынша дайындады. Ол кезде емтиханда акварельмен сурет салу міндетті болатын, ал акварель – күрделі техника. Бояуды артық түсірсең, сурет бұзылып кетеді, аз түсірсең әсері жетпей қалады. Сол себепті ол мені он күн бойы жаттықтырды. Біз күн сайын қарапайым заттарды – кесе, қасық, жеміс сияқты тұрмыстық бұйымдарды бейнеледік. Әр суретті салған сайын бояудың мінезін, түстің нәзік ауысуын сезіндім. Әбу ағайдың әр кеңесі, әр түзеткен сызығы менің есімде мәңгі сақталды. Кейін өмір жолымда қанша ұстаз кездессе де, дәл сол алғашқы бағыт берген адамның ақылын ұмытқан емеспін.
– Пабло Пикассо: «Суретші – әр жерден: аспаннан, жерден, қағаздың сыбдырынан, өткінші формалардан, тордан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүрлі көріністерінен келетін эмоциялардың ортасы» депті. Әркім әртүрлі пайым айтса да қылқалам құпиясын меңгеру екінің біріне берілген қасиет емес қой. Жалпы, сіздің ұғымыңызда суретші деген кім, оның миссиясы не?
– Суретші – өз дәуірінің үнін естіп, оны қылқалам арқылы сөйлете алатын ізденімпаз тұлға. Ол – адам жанының нәзік қылын дөп басып, біреудің қуанышын бөлісіп, біреудің мұңына ортақтасатын сезім иесі. Суретші үшін шындықты дәріптеу мен әсемдікті әйгілеу – жай ғана мақсат емес, өмірлік миссия. Өнерге шын бойлау үшін адамзат ғасырлар бойы жасаған ұлы көркем мұраларды тану, түсіну, содан рухани нәр алу қажет. Себебі суретші – өз уақытының айнасы. Оның басты міндеті – бүгіннің тынысын, қоғамның бейнесін, уақыттың үнін келешек ұрпаққа жеткізу.
Біз бейнелеу өнеріне атүсті қарамай, оған терең таныммен, ішкі қабылдаумен үңілуіміз керек. Өйткені, сурет өнері – үнсіз сөйлейтін тіл, бірақ сол үнсіздікте тұтас бір әлемнің үні бар.
Суретшінің жазушыдан айырмашылығы – ол еңбегін басқа тілге аударып әуреленбейді. Өнердің тілі – адамзатқа ортақ, әмбебап тіл. Қай ұлттың өкілі болсын, әркім суреттен өз жүрегіне жақын мағынаны табады, танымымен және рухымен түйсінеді.
Кенептің тағы бір қасиетті миссиясы бар – ол мәдениеттерді тоғыстырып, ұлттарды жақындатады, адамзатты бірлік пен өзара түсіністікке ұйытады. Себебі сурет өнері – тек бояу мен сызықтың жиынтығы емес, ол – халықтың тарихы, болмыс-бітімі мен тіршілік тынысының көрінісі. Әр картина – ұлттың жанына түскен із, рухани айна.
– Сіздің ойыңызша, шынайы суретші атану үшін не керек? Табиғаттан дарыған қабілет пе әлде табандылық пен үздіксіз еңбектену ме?
– Суретшіге талант та, еңбек те қажет. Талант – мүмкіндіктің кілті, ал еңбек – сол мүмкіндікті өмірге әкелетін күш. Бірі болмаса, екіншісінің мәні жоғалады. Талант болмаса, еңбек бағытсыз, тек уақыт пен күш сарқады. Ал тек талант болса, ол шынайы шеберлікке жетпей, өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды.
Нағыз өнердің шыңы осы екеуінің үндестігінен туады. Талант суретшінің жолын көрсетеді, ал еңбек сол жолдағы әр қадамына мән береді, әр бояуына тереңдік қосады. Күнделікті еңбекте, үнемі ізденісте жүрген суретші ғана өзіндік стилін табады, ішкі әлемін бейнеге айналдырады және көрерменге шындық пен әсемдікті жеткізе алады.
Сондықтан мен үшін шынайы шеберлік – бұл талант пен еңбек арасындағы үйлесім. Екеуі бір-бірін толықтырып, бір арнаға тоғысқанда ғана суретші өз дәуірінің үнін сездіріп, өнерді мәңгілікке жеткізеді.
– Әрбір шығармашылық адамының ұнататын не болмаса бейімделген бағыты қылқаламыңыздан туған дүниелердің қатарында қандай көріністер басым?
– Негізі, тақырыптар әртүрлі. Дегенмен, табиғатқа ерекше басымдық беремін. Бүгінге дейін Қазақстанның 10-нан аса қаласында болдым. Сапар барысында сол шаһарлар мен ауылдық елді мекендердің архитектуралық нысандарын суреттеп, әлеуметтік-экономикалық өсуін бейнеледім. Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі мен табиғаты болады. Мәселен, жыл сайын Баянауылға ат басын бұрып, табиғатын кенеп бетіне түсіреміз әрі әріптестермен пікір алмасып, тәжірибелерімізбен бөлісеміз.
Табиғаттан бөлек, тарихқа да жиі үңілемін. Олардың арасынан «Қалмаққырылған» шығармасын ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек, ауыл мен балалық шақ тақырыптары да ерекше шабыт сыйлайды.
– Біреулер суретті саудаға айналдыру өнердегі тазалығыңды жоғалту десе, енді біреулер керісінше Құдай берген талантыңды кәсіпке айналдырып, табыс табу керек дегенді айтады. Осы екі пікірді ақтайтын уәж де табылады. Сіз қайсысын құптаған болар едіңіз?
— Меніңше, онда тұрған ештеңе жоқ. Себебі, картинаны салуда қолданатын барлық материалды өз қаражатыңнан сатып аласың. Бір жағынан отбасыңды асырауың қажет, екінші жағынан тапқан қаржыңның тең жартысы материалдарға кетеді. Ал олардың бағалары, әрине, қымбат. Мәселен, жақсы рамка 25–30 мыңнан басталса, сапалы кенептің шаршы метрі
15 мың теңгеге бағаланады. Ал картина ұзақ сақталып әсерлі көрінуі үшін сапалы кенепке салынуы керек.
Осыдан шамамен 5–6 жыл бұрын жұмыстарыма қызығушылық танытып, сатып алатын адамдар болатын. Алайда соңғы жылдары бұл бәсеңсіп қалды. Қазіргі уақытта бірқатар туындым Қарағанды, Өскемен, Семей, Түркістан, Тараз, Атырау секілді қалалардың музей қорында сақтаулы тұр.
— Өзіңіз бүгінде Қазақстан Суретшілер одағының Павлодар облысы бойынша төрағасысыз. Бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып кетсеңіз…
— Жыл басынан бері облыста бірқатар шара өтті. Мәселен, республикалық «Ұлт өркениеті» атты көрмені ұйымдастырдық. Ондағы туындыларда қылқалам шеберлері қазақ халқының салт-дәстүрін бейнеледі. Оған қоса, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы секілді республикалық мәнге ие мерекелерге орай көрмемізді өткіздік. Кейбір суретшілеріміз республикалық деңгейдегі көрмелерге қатысты. Олардың қатарында Өскемен қаласында Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына орай өткен көрме бар. Жылдың соңында өзіміздің есептік көрмемізді өткізуді жоспарлап отырмыз.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы белгілі суретші, жерлесіміз Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылдығына орай кең көлемді симпозиум өтіп, оған бес елдің суретшілері қатысты. Оларға екі ай бұрын тапсырма берілді. Тапсырма ретінде оларға қазақ тарихына және тұлғаларына немесе шығармаларына қатысты тақырыптар ұсынылды.
– Жеке көрмелерін жиі өткізу суретші шығармашылығын шыңдауға қалай әсер етеді? Жалпы, көрмеге көзқарасыңыз қалай?
– Суретшілердің көрмелерін тамашалау — әрдайым ерекше тәжірибе. Себебі, олар суретшінің шығармашылық әлеміне енуге, жаңа стильдер мен техникаға үйренуге мүмкіндік береді. Біреуінің бояу қолдануы таң қалдырса, біреуінің композициялық шешімі жаңа ой тудырады. Әр көрме өзімен бірге жаңа идея мен шабыт әкеледі.
Көрмелер арқылы тек туындыларды көріп қана қоймайсың, сонымен қатар әр суретшінің ойлау тәсіліне, дүниетанымына көз жеткізесің. Бұл әр суретшінің шығармашылығын бағалауға, кем тұстарын түзетуге, алдағы туындыларға жаңа бағыт табуға көмектеседі. Сондықтан өзге суретшілердің жұмыстарын бақылау — үнемі дамудың, шеберлікті шыңдаудың бір жолы.
– Суретшілер мемлекет, қоғам тарапынан қандай көмекке мұқтаж? Олардың беделін көтеру, еңбегіне деген сұранысты арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Мәселелер жетерлік. Еліміз Тәуелсіздігін алғанына 30 жылдан асты. Алайда Заңымызда «суретші» деген сөздің өзі көрсетіліп жазылмаған. Соның себебінен қылқалам шеберлері Үкімет тарапынан нақты қолдау көре алмай отыр. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, шын мәнінде керемет дүниелер жасалар еді. Мысалы, өткен жылы Нағымбек Нұрмұхаммедовтің
100 жылдығына арналған симпозиумды ұйымдастыру үшін қаншама хат жазып, кедергілерді жеңуге тура келді. Осы орайда бастамамызға қолдау білдірген облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасына алғыс айтамыз.
Тағы бір өкініштісі, қазақтың өзіне тән бояуы мен ұлттық тақырыбы шетте қалғандай. Кей жас суретшілер батыстың өнеріне еліктеп, өздерінің нені салғанын түсінбей жатады. Ал бояуы мен тақырыбы жоқ сурет – сурет емес. Дегенмен, «қазағым», «елім» деп ойлайтын, ұлттық дәстүрді сақтап, шынайы шығармашылыққа берілген суретшілеріміз де баршылық. Осындай азаматтар арқылы ғана біз ұлттық бояуымызды, мәдени мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізе аламыз.
– Қазіргі жас суретшілердің аяқ алысы қалай? Сіздердің іздеріңізді басып келе жатқан талапкерлер туралы не айтасыз?
– Қазіргі жас суретшілердің болашағы жарқын. Олар дәстүрлі шеберлікті жаңа технологиялармен ұштастырып, шығармашылығын кең әлемге паш етіп жатыр. Жаңа талапкерлер өнерге жаңа ой, жаңа тыныс әкеледі. Бұл шығармашылықтың дамуына серпін береді, мәдениетке жаңа леп қосады. Бәсеке олардың талғамын шыңдайды, шеберлігін арттырады, ал бастысы, жас таланттар өз жолын тауып, өнер әлеміне өз ізін қалдырады.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңызға толағай табыстар тілейміз!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.
