«Сайлау дос, Сайлау іні, Сайлау ақын,
Кез келді сен жайлы да ойланатын.
Ауылдың жаратылған жүйрігісің,
Алматыға апарса бәйге алатын!»
Бұл — ақын Жүрсін Ерманның Сайлау Байбосынға арнаған өлеңінен үзінді. Жалпы, бір ақынның арман-мұратын, қаламының қуатын мың ақын жақсы түсінсе керек. Сайлау Әшенұлы — шынымен де топқа қосса бәйге алатын хас жүйрік. Оған қаламгердің қалың оқырман қауымның жүрегінен орын алған шығармалары дәлел. «Өмірге деген өкпесін өлеңге барып айтатын» арқалы ақын кітап жазудан бөлек, тәмсіл тарихтың көлеңкелі тұстарын зерттеп, өлкетану, тұлғатану бағытында да еселі еңбек етіп келеді. Жақында ақын, жазушы, өлкетанушы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосынмен сұхбаттасудың сәті түсіп, әдебиет пен тарихқа қатысты құнды дүниелерге қанықтық.
— Сайлау Әшенұлы, сізді қалың оқырман «Арқаның арқалы ақыны» деп алқалап жатады. «Ақыны жоқ ауылда жырға ғашық боп өскен арманшыл баланың» алғашқы өлеңі ат үстінде жазылыпты. Осы шығар-машылық жолыңыздың бастауына оралсақ… Кімдерді оқып өстіңіз? Кім бағыт-бағдар берді? Әңгімемізді сол кездегі әдеби орта жайлы бастасақ…
— Негізі, ақындықтың оқуы жоқ деп жатамыз. Шынында да солай ғой. Ақындық — адамға ана сүтімен берілетін табиғи дарын. Айталық, көп оқып, жорналшы боларсың, мүмкін біраз машақаттанып ортанқол жазушы боларсың. Бірақ сүйегіңе дарымаса, табиғат бермесе, ақын бола алмайсың. Абайдың шәкірті Көкбай ақын: «Ақындық – Алланың адамға берген сыйы деуші еді Абай жарықтық!» — демей ме. Бірақ осы күні өлең жазбайтын адам қалмады ғой. Әлеуметтік желіні ашсаң, өлең дегеннен көз сүрінеді. Бірақ оның бәрін поэзия деп қабылдай алмайсың.
Менде өлеңге деген құмарлық сонау бозбала күнімнен болды. Әрине, ешкім өлең оқы деп зорламайды ғой. Бірақ оқуға құмарлық деген сол, «ала қағаз» көрсең, көз салмай өте алмайсың. Газет-журналдан бірер шумақ өлең көрсең, оқығың кеп тұрады. Сол кезде аудан орталығында «Дружба» деген кітап дүкені болды. Барсам, соқпай кетпеймін. Жаңадан шыққан кітап болса дереу сатып алам. Әсіресе ақындардың өлең жинақтарын, сосын әдеби сын кітаптарды көп алатын едім. Қасымдағы ауылдың балалары сосын: «Осыны рас оқисың ба?» — деп таң қалатын. «Естелік» деген өлеңімде: «Ақыны жоқ ауылда, сенесіз бе, болып өсті сол бала жырға ғашық», — деп жазғаным сол кездер жайлы.
Ол кезде газет-журнал, кітап оқу деген керемет. «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» деген басылымдар әр үйдің төрінде тұратын кез. Әсіресе, «Жалын» журналы жыл сайын проза мен поэзиядан «жабық конкурс» жариялайды. Әлі есімде, бірінші бәйгесі мың сом болатын. Қазір арамызда бірі бар, бірі жоқ қаламгерлер: Жарасқан Әбдірашев, Дәуітәлі Стамбеков, Күләш Ахметова, Несіпбек Айтов, Есенғали Раушанов, т.б. ақын-дардың; Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қарауылбек Қазиев, Молдахмет Қаназов, Сейілбек Қышқашев, Қанат Жойқынбеков, т.б. прозашылардың жас кездері, барлығының шығармалары осы «жабық конкурста» бәйге алып жүретін. Мен сол кездерде газет-журналдарға шыққан жақсы өлеңдерді жаттап алатынмын (Жақсы өлең бірер оқығасын өзі жатталып қалады ғой). Сол өлеңдердің авторлар — бүгінде ақсақал жасына жеткен ақындар. Әлеуметтік желі беттерінде солардың кейбіріне жетпісінші, сексенінші жылдары жарияланған өздерінің өлеңдерінің бірер шумағын жазсам, қайдан білесің деп таң қалып жатады.
Міне, осы поэзияға деген құмарлық ақыры ақындыққа алып келді. Бірақ мен кешірек бастадым, отызға таяғанда. Әуелі аудандық, сосын облыстық газеттерден бастап, республикалық басылымдарда ара-тұра шығып жүрдім. Бір ғажабы, қай редакцияға апарсам да, «ой, сен қай жақтан жүрген ақынсың, өлеңдерің керемет қой» деп алып қалып жариялайтын. Бірақ өлеңнің шындап соңына түскен жоқпын. Егер қоғамда өзгеріс болмағанда, солай ауылда жүре берер ме едік, кім біледі. Егемендік алғасын ауылдардан күй қаша бастады, сосын қоныс аударып, аудандық газетке жұмысқа тұрдым. Міне, осы кезден бастап журналистік, ақындыққа кәдімгідей бет бұрдым. Жыр мүшәйраларына қатыса бастадым, әуелі облыстық, сосын республикалық бәйгелерде өлең, поэмаларым үнемі бас бәйге, бірінші, екінші жүлделер алып жүрді. Кейін он шақты жыл «Жас Алаш» газетінің солтүстік аймақтардағы меншікті тілшісі болдым. Сол кезде қаламы өткір журналист ретінде республика жұртшылығына жақсы танылдым.
— Ал бүгінгі әдеби орта жайлы не дейсіз? Қазіргі жас қаламгерлердің аяқалысы қалай?
— Мүмкіндігінше жас ақындардың өлеңдерін оқып жүрем. Жақсы өлең жүйрік ат секілді көзге ұрып тұрады ғой. Баяғыда өзіңді де бірер өлеңіңнен танып, марқұм Арман Қаниға «жақсы ақын өсіп келе жатыр» деп айтып едім.
Қазір өлең жазатын жастар көп, оның барлығы керемет еді десек, құдайға күнәлі болармыз. Әлі де еліктеудің төңірегінде, ізденіс үстінде жүргендер бар. Сондай-ақ, «түсініксіз» өлең жазатын жастар көбейіп кетті. Сұрасаң, Тыныштықбектің стилімен жазамыз дейді. Тыныштықбек — өз әлемі бар ақын. Оның «түсініксіз» өлеңінің астарында үлкен философия жатыр. Ал енді оған еліктеймін деп адам түсінбес шалдыр-шатпақ бірдеңені жазу – өлеңге қиянат. Өлең деген — оқып алып, сосын бас қатырып шешуін іздейтін жұмбақ емес. Абайша айтсақ, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі» керек.
Қазір әлеуметтік желі деген бар. Аймақтағы жас ақындардың жақсы өлеңдерін оқысам, дереу пікірімді қалдырам. Мысалы, Ақсу мектебінде оқитын Еркебұлан Тіленіш деген баланың болашағы бар екені көрініп тұр. Мұхаметқали Зарықұлы деген жігіттің де өлеңдері ұнайды. Бірақ кімге де болсын көп оқу керек. Жыраулар поэзиясын, бүгінгі мықты ақындарды. Сосын ақын болам деген жастар кеңес уақытында жазылған әдеби сын мақалалар жинағын көбірек оқуы керек. Бұл поэзияны, жалпы әдебиетті танып-түсіну үшін үлкен методикалық құрал есебінде.
— Сіз әдебиетте кенжелеп қалған сатира жанрында да қалам сілтеп жүргеніңізді білеміз. Алдағы уақытта драматургия, детектив жанрына баруыңыз мүмкін бе? Шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз…
— Сатира жанры қай дәуірде де өзекті болған ғой. Ертедегі қазақ ақындарын оқып отырсаңыз, тұнып тұрған сатира. Олардың сөзі сонысымен құнды. Себебі, ел ішіндегі бай-манаптарды, «айкәпір» атанғандарды сынайды, әжуалайды. Бүгінгі айтыскер ақындар сатира мен сынды айтпасыншы, кім тыңдайды оларды? Абайды оқыңыз, ол да сатира: «Жамантайдың баласы Көжек деген, әркімге өсек тасып безектеген. Досын барып досына жамандайды, шіркінде ес болсайшы сезед деген» немесе «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап, түйеде қом, атта жал қалмады елге тығындап…».
Кеңес дәуірі әдебиетінің бастауындағы Бейімбет, Ілияс, Жүсіпбек, Қадыр, т.б. оқыңыз, тұнып тұрған сатира. Бұл жанр кейінгі заманда да қадірін жойған жоқ. Кешегі Оспанхан, Үмбетбай Уайдин, сонау Ақтөбеде жатқан ағамыз Төрежан Мәндібай, Сақтапберген Әлжіков, Ғаббас Қабышев, Шона Смаханұлы, Көпен Әмірбек секілді сатирик қаламгерлердің жолын бүгінгі XXI ғасырға Мұхтар Шерім, Қабдырахман Отарбай, Нұрлыбек Жұбатқан, т.б. қаламгерлер жалғастырды.
Мен сатираны кейінірек, 2005 жылдары бастадым. Сол кезде Алматыда үлкен форматпен шығатын «Жас Қазақ» деген газет болатын, көбінесе сол басылымда, басқадай газет-журналдарда әзіл әңгімелерім көп жарияланды. Бүгінде менің сатиралық дүниелерімнің біразы әлеуметтік желілерде жүр. Авторы көрсетілмегесін, қайсыбір әңгімелерімді адамдар вацап арқылы өзіме жіберіп жатады. Кейбір әңгімелерімді біреулер орысшаға аударып жариялап жүр. Тіпті, шымкенттік бір ақсақал адам менің әңгімелерімді өз атынан газеттерге беріп, кітабына кіргізіп жіберіпті. Жай ескертіп айттым, бірақ онымен заң жүзінде сөйлесуді керек деп таппадым.
2016 жылы бірнеше сатиралық әңгімелерім үшін дәстүрлі «Алтын қалам» сыйлығын алғам. Сол жылдары «Депутаттың бәтіңкесі» деген шағын әңгімелер жинағым да шыққан. Бірақ таралымы аз және әдеби ортадан алыс болғасын, бізге жарнама да жоқ қой. Сонымен ұмыт болып қалады.
Енді алдағы жоспар жөнінде айтсам, XVIII ғасырдағы Ерейментау жерінің тарихы, Бөгенбай батыр төңірегінде бір дүние жазғым келіп жүр. Негізі шығарманың «сүйегі» басымда дайын десе де болады. Тек отыру керек. Драма демекші, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өмірінен жазылған «Жанкүйік» деген бір пьесам бар еді, соны театрларға өткізе алмай жүрмін, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қойылса жақсы болушы еді.
— Өткен жылы жарық көрген «Ажалын жоғалтқан адам» атты романыңыз қалың оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Бұл рома-ныңыз шынайы оқиға желісімен жазылған ба?
— Иә, өткен жылы жарық көрген «Ажалын жоғалтқан адам» романымды оқырмандар өте жылы қабылдап жатыр. Жоғары оқу орындарында, мектептерде, кітапханаларда біраз кездесулер өтті. Жергілікті тіл ғалымдары мен қаламгерлер кәдімгідей дөңгелек үстел өткізіп талқылады. Бұл Керекуде бірінші рет болған осындай отырыс қой деймін.
Бұл романның алғашқы жартысы сонау 2015 жылы «Жұлдызда» жарияланған. Роман шығысымен сол жердегі қыз-келіншектер менімен хабарласып, керемет шығарма екен, қалған жартысын тез жіберіңіз, бастырамыз деген. Оған менің жайбасарлығым бөгет болып, кітапты былтыр ғана бітірдім. Бір ғажабы, оқыған адамдардың барлығы хабарласып, романның ұнағанын айтады. Кейіпкерлердің прототипі бар ма деп сұрайды. Енді осы жөнінде бірер сөз. Ертеректе бір адаммен кездейсоқ кездесіп қалып, соның айтқан әңгімесі есімде қалған. Сол қозғау болды да, әрі қарай дамытып жаздым. Негізі, ойдан құралған дүние. Кітап оқиғалары өзімнің өмірде естіп, ойға түйгендерім, жазушылық қиялымнан туған оқиғалар. Мысалы, Арғын образы арқылы қазақ жігітінің сынбас жігері мен төзімділігін, батылдығын көрсеткім келді. Құралай бейнесін жасағанда, өзім білетін әйелдердің жақсы қасиеттерін беруге тырыстым. Түрмедегі оқиғалар жайлы сол жақтың тірлігінен хабардар бір ағамызбен ақылдасып отырдым. Әскердегі оқиғалар жайлы десантта болған бір замандастың әңгімелерінен штрихтар алып қостым.
Кітапты жазып бастамас бұрын қандай форма қолдансам деп ойланып, әдебиетте бұрыннан бар параллелизм әдісін қолдандым. Соным дұрыс болған екен. Өзің байқаған шығарсың, шығармада нәзіктің пен қаталдық, сатқындық пен сенгіштік, зұлымдық пен адалдық қатар өрбіп отырады. Мұның барлығы оқырмандарды тарту үшін. Драматизмнің, новеллистиканың экшннің элементтері бар. Ара-тұра кейіпкер монологы беріледі. Беріліп жаздым, кейде жазып отырып көзімнен жас шығып кеткен кездері де болды. Осы кітапты оқыған кейбір адамдар да хабарласап, көзімізге жас алдық деп жатыр.
— Сіз, әдебиеттен бөлек, бұл күндері Ерейментау-Ертіс-Баян-Семей-Қарағанды өңірінің тарихын, киелі жерлері мен тұлғаларын іздеп зерттеп жүрсіз. Өлкетану бағытындағы жұмыстарыңызбен бөлісе кетсеңіз...
— Біраз жылдардан бері осы өлкетану тақырыбын қаузап келемін. Оның себебі, әр өлкенің өткеніне қатысты бүгінде аттары ұмытылып кеткен талай тарихи тұлғалар, оқиғалар бар. Кеңес дәуірінде біраз адамдардың аттарын атауға болмады. Кейін тәуелсіздік жылдары да оларды іздейтін ешкім болмай жатыр. Бұл адамдардың арасында кімдер жоқ дейсіз. Ақын мен жазушы да, батыр мен би де, көсем мен шешен де, Алаш зиялылары да, дін қайраткерлері де, әулие-әнбилер, бақсы-балгерлер де бар. Осылар енді ізделмесе, біржола ұмыт қалары анық. Сондықтан аттары өлмесін деп, солар жайлы ел есінде қалған үзік-үзік әңгімелерді жинаймын. Бір жерде әңгіме білетін қария бар деп естісем, арнайы іздеп барып жолығам. Қазір Баяндағы Нығмет Жәмінұлы секілді қариялар болмаса, сөз ұстаған құймақұлақ қарттардың көбі кетіп қалған.
Бүгінге дейін өлкетану тақы-рыбында «Ерейментау», «Қызылтау – құтты мекен, киелі аймақ», «Қанжығалылар», «Есімдері жүрсін деп ел есінде…», «Қорғалжың» секілді кітаптарым шыққан.
— Халық сізді тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып жүрген ақадал тұлғатанушы ретінде де жақсы таниды. Сіз Қадыр Тайшықов, Нәсір Ноғаев тәрізді көптеген ұлт тұлғалары жайлы танымдық мақалалар жазып, тарихи деректермен дәріптедіңіз. Биыл — Қадыр Тайшықовтың 125 жылдық мерейтойы. Қаламгер тойы қалай өтуі тиіс? Жалпы, осы тұлғатану бағытында қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
— Өлкетанумен айналысқасын, әрине, ол тарихи тұлғалармен байланысты болады. Кез келген құжаттың тасасынан аты ұмытылған бір адам шыға келеді. Көп іздену керек. Қазір мұрағаттық құжаттар қолжетімді. Алматыдағы Орталық архивтен, Ұлттық кітапханадан, Омбы, Семей, Қарағанды архивтерінен біраз нәрсе табуға болады.
Иә, биыл Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы. Бірақ сол Қадырдың Ертіс-Баян өңірі үшін қадірі болмай қала ма деп қорқып тұрмын. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Асайын Байхановтың атына хат жолдағам. Кейін Баянауыл ауданы әкімінің атына хат жазып, арнайы барып жолықтым. Енді нәтижесі не болары белгісіз, күтіп жүрмін.
— Шорман мен Едіге билердің жатқан жерін тауып, басына ескерткіш орнатылуына атса-лыстыңыз. Орайы келгенде осы орасан зор еңбекті де ортаға салсақ…
— Ерейментау жерінде тек Едіге мен Шорман билер ғана емес, бүгінде Баянаула жерінің мақтанышы болып жүрген талай тұлғалар жатыр. Мысалы, Баян жерін жайлаған – Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Майлытон, Шегір руларының түп атасы Құлболды әулие Шуманақұлы, Абылай заманында Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр Толыбайұлы, XVIII ғасырдың белгілі жырауы Көтеш Райұлы, Мәшһүр Жүсіптің аталас туысы Өтеміс абыз Жанайдарұлы, Сілеті өзенінің бойында Күлік Жанақ әулие Жаңабатырұлы секілді адамдар жатыр.
Бұлардың ішінде Едіге мен Шорман билердің жерленген жерлері картада көрсетілген. Сол тұстан ағып өтетін Едіге деген өзенше, Шорман қарасуы деген жерлер бар. Сонау Көкшетаудың бауырында Мәдениет деген ауылдың іргесінде Торайғыр би Едігеұлы жатыр. Ел азаматтарын ұйымдастырып, осы кісілердің бәрінің басына ескерткіш тас орнаттық. Енді тек Жанақ әулие мен Өтеміс абыздың басында ғана белгі жоқ.
— Жақында Мәскеу қаласына арнайы іссапармен барып қайт-қаныңызды естідік. Ол жақтан қандай олжамен оралдыңыз? Тарихи сапарыңыз жайлы тарқата кетсеңіз…
— 2014 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығы аталғанда, Мәскеудегі Ваганьков зиратында жатқан жазушының басына барып, Қызылтау жерінен топырақ апарып салып, дұға оқытып келіп едік. Бұл Жүсекең өмірден өткесін 83 жылдан кейін ғана арнайы іздеп барған делегация болатын. Содан бері 10 жыл-
дан аса уақыт өтті. Былтырғы жазда облыс басшысы Асайын Қуандықұлына өтініш етіп едім, сөзімді жерге тастамай, қаражат бөліп, С.Торайғыров университетінің кафедра меңгерушісі Айман Зейнулина қарындасым екеуіміз барып қайттық. Ол үшін облыс басшысына айтар алғысым шексіз, Алла абырой берсін деймін!
Мәскеуде «Қазақ ұлттық автономиясы» деген ұйым бар екен. Сол жердегі қандастарымыз қарсы алып, табанымызды жерге тигізген жоқ. Мәскеу қаласындағы – Ваганьков, Дон, Коммунарка деген үш үлкен қорымға барып, зиярат еттік. Ол жақта Жүсекеңнен басқа – Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, т.б. көптеген жақсыларымыз жатыр.
— Сіздің тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Ақбеттау» журналының негізін қалап, киелі өлкенің тарихынан сыр шертетін аталмыш журналды үздіксіз шығарып келе жатқаныңызды білеміз. Бұл күндері газет-журнал оқитын адам қалмады деп жатады. Жалпы интернетпен жарысқан баспа ісі жайлы не дейсіз? Оқырманмен байланыс орнатудың жолы қайсы?
— Осы өлкетану мәселесі бойынша, 2017 жылы Баянауыл жеріндегі белгілі ақсақал Мұрат Рахметовтің қолдауымен «Ақбеттау» деп аталатын тарихи-танымдық, әдеби-көркем журнал ашқан болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін тоқтаусыз шығып келеді. Осы уақыт ішінде танымал тарихшы, өлкетанушылармен, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Астана жоғары оқу орындарындағы ғалымдармен байланыс ұстап келемін. Соның нәтижесінде тарихи-зерттеу бағытындағы көптеген қызықты мақалалар, әңгімелер жарияланды. Жергілікті қаламгерлердің түрлі тақырыптағы шығармалары да үзбей басылып тұрады.
Кез келген басылым оқылымды болу үшін жазбагерлерге ізденіс керек. Журналист ізденімпаз болса, мақала да қызықты болады. Мақала қызықты болса, басылым оқылымды болады. Бүгінде электронды ақпарат құралдары дәуірлеп тұрғанда, баспасөз оқу азайып барады. Дегенмен, журналымның өз аудиториясы бар.
Қазақстанда ең көп жазылған жер Баянауыл өңірі секілді. Бірақ қарап отырсаңыз, әлі де жазылмағаны, зерттелмегені көп сияқты. Жаңағы өзің айтып отырған Жүсіпбек Аймауытов, ағайынды Қадыр Тайшықов пен Насыр Ноғаевтар (Насыр арғы атасының атына жазылған), Алаш қайраткері Ахметолла Барлыбаев, тұңғыш зиялылар – Сәлемхат және Айнамхат Күленовтер, Қазақ көркем әдебиет баспасының тұңғыш директоры Рақымжан Жаманқұлов, әнші-композитор Жарылғапберді Жұмабайұлы, әнші Қырықбай Жұмабекұлы, ақын Дәрібай Баяндыұлы, Едіге би Төлебайұлы, Торайғыр би Едігеұлы, Жанақ әулие Жаңабатырұлы, Үкібай би Найзабекұлы, Өтеміс абыз Жанайдарұлы, Айтмағамбет әулие Исабайұлы, Амалдық сопы Мағамбайұлы, Бақтыбай Бәкіұлы, Омар дәрігер Тайтекеұлы, Түйте әулие Дүйсенейұлы, Көпей сопы Сермұхаметұлы, Кәркей қажы Атажанұлы, Шұғай халфе Кенебайұлы, Ыбырай дуана Әліпбайұлы, Ерейментау өіңірінде жасап өткен Саққұлақ би Бапанұлы, Бекше шешен Жәнібекұлы, Қорғалжың жерінің тумалары атақты Мариям Жагорқызы мен Үлебай сал Әнетұлы, т.б. адамдар жайлы көптеген дүниелер басылды.
— «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Көпшілік біле бермейтін Сіздің композиторлық қырыңыз да бар екен. Сөз бен саз үйлесім тапқан шақтарыңызбен бөлісе кетсеңіз…
— Ән шығарумен әуестенетін қаламгерлер көп қой. Жасырақ кезімде мен де өзімше біраз айналдырғам. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында заман өзгеріп, қайтадан «қазақ» болып шуласып жаттық қой. Ол кезде бәрі жаңалық, бәрі қызық. Әлі егемендік ала қойған жоқпыз, бірақ «жел оңынан шығып» жатқан кез. Сол уақытта «Қазағым» деген толғау шығарып едім. Кейбіреулер оны осы күнге дейін айтып жүреді. Аталмыш толғауда сол уақытта айтуға болмайтын біраз нәрселерді қосқам. Ақмолада (ол кезде Целиноград) Тың игерушілер сарайында (бүгінгі Конгресс-холл) ақындар айтысы болды. Осы шарада жаңағы «Қазағым» деген толғауымды бірінші рет көптің алдында орындадым. Сол кезде халық деген қол соғып орнынан тұрып кеткен еді. Өзім де таң қалғам. Кейін Ерейментауға келген сапарында осы толғауымды тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа да орындап беріп едім.
Тоқсаныншы жылдары Ерейментауда мәдениет үйінде жұмыс істеп жүргенде «Ерейменнің аруы», «Армангүлім», «Сен онда он жетіде ең», «Ауылдың мақпал кештері-ай» деген секілді бірнеше ән шығарғам. Оны сол жақта жергілікті әнші қыздар осы күнге дейін орындап жүреді.
— Әңгімеңізге мың алғыс! Шабытыңыз шабандамасын!
Сұхбаттасқан – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.