Ұлттық киім қай ұлттың болмасын салт-дәстүрі мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Осы орайда Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз — Ұлттық киім күні деп белгіленді. Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында өткен шара да атаулы күнге орайластырылды. Ұлттық мәдениетті дәріптейтін мәдени шара қала тұрғындары мен қонақтарын қазақтың бай дәстүрімен таныстырып, ұлттық нақыштағы сәннің әсемдігін паш етуге бағытталды.
Бүгінгі жаһандану мен жаңару жағдайында ұлттық нақышқа деген ықылас қайта оянды. Дәстүрді заманауи сән трендтерімен үйлестірген этно-стиль танымал трендке айналуда. Қазақстандық дизайнерлер осы бағытты дамытып, ұлттық нақыштағы элементтері бар киімдерді тігіп жүр. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы «Ханым» ательесі.
Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған «Ханым» ательесі кішкентай баладан бастап егде жастағы адамдарға арналған ұлттық киімдерді тігумен айналысады. Сонымен қатар, этно сөмкелер мен қыз жасауына арналған заттарды да пішіп тігеді.
Ательенің негізін қалаушы Айзат Байтенова көп уақыттан бері ұлттық киімдерді тігетін ателье ашуды жоспарлаған. Осы арқылы кәсіпкер тек ұлттық мерекелерде киетін киімдерді күнделікті өмірде киіп жүруді және оларға ерекше реңк беруді мақсат еткен.
— Ұлттық киім — қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты. Дегенмен тек Наурыз мейрамында әспеттеліп жатады. Осыдан кейін «Неге ұлттық киімдерді бүгінгі заманғы стильмен байланыстырып күнделікті өмірде киетін киімдер қатарына қоспасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, киімдердің макетін дайындай бастадым. Ал дизайнер мен 5 тігінші сызбасын дайындап тікті. Киімдер итальяндық маталардан дайындалған. Оны Алматы қаласынан арнайы алдырттық. Өйткені, жергілікті дүкендерде бағасы қымбат болды. Алдағы уақытта сатылымға шығаратын боламыз. Ал жалпы коллек-цияның дайындалуына 1 айға жуық уақыт кетті, — дейді
кәсіпкер.
Тігінші Зарина Сқақова балалардың киімдерін тігумен бұрыннан бері айналысады. Сөзінше, мұндай іс оған ерекше шабыт сыйлайды. Ал мұндай сән көрсетілімдеріне алғаш рет қатысып отырғанын атап өтті.
– Әр блок үшін он бірегей модель дайындалды. Біз әр киімнің реңктерден бастап кішкентай элементтеріне дейін бірге талқыладық. Біз сәнді, ыңғайлы және барлығына тартымды болатын топтама жасауды мақсат еттік. Ұлттық киімдер қашанда сәннен қалған емес. Жылдан-жылға қайта жаңғырып, сұраныс артып келе жатқаны көңіл қуантады, – дейді Зарина.
Көрсетілім үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде күнделікті киюге болатын, қазақи өрнектермен көмкерілген заманауи киім үлгілері таныстырылды. Әрбір ою белгілі бір мағынаға ие. Тіпті Мұқағали Мақатаевтың «Қасиетті тілімнен түңілмедім» өлеңімен үйлескен өрнек композициясы ұсынылды. Екінші бөлім қазақ әйелінің өмір жолын бейнелейді. Бір түсті матадан тігілген, әр жасқа лайықталған көйлектер арқылы бүлдіршін қыздан дана әжеге дейінгі кезең суреттеледі. Ал үшінші бөлім халқымыздың «Тұсау кесу» дәстүріне арналды. Бір жастағы сәбилерге арналған ұлттық киім үлгілері ұсынылып, салттың маңызы айшықталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.