Қазақ дубляжінің шарықтауы

Ақп 20, 2025

Биыл қазақ өнеріне үлес қосқан зиялылардың 100 жылдығына байланысты шаралар ерекше орын алуда. Солардың бірі — қазақ кино өнеріне зор еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Қуат Әшірбекұлы Әбусейітов. Жуырда «Алып өнердің асыл нары» атты әдеби музыкалық кеш өткізілді. Ән мен күйге бөленген кеште байқауға қатысқан мектеп оқушылары бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қуат Әбусейітов Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Еңбек жолын өңіріміздің қазақ драма театрынан бастап, кейін Алматыдағы актерлар дайындайтын киномектепте оқуын жалғастырып, өнерін шыңдайды. Өнер мектебін үздік тәмамдаған дарынды тұлға «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистенті, дубляж режиссері қызметтерін атқарады.

Қазақ дубляжінің негізін қалаушыларының бірі – Қ.Әбусейітов режиссерлік қызметінде әдебиет пен ғылымның біртуарларына 30-дан аса телевизиялық фильм арнап түсірген. Оның ішінде қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, драматург жазушы Жүсіпбек Аймауытов және ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров бар. Сондай-ақ, 500 фильмді қазақ тіліне аударған дубляж режиссері ретінде танылды. Оның әйгілі жазушы Дихан Әбіловпен бірге түсірген екі сериялы «Ақын арманы», Ермек Серкебаев жайлы «Бәрі сен үшін», «Сераға», «Ғалым ауылында» сияқты хроникалық фильмдері бүкілодақтық экрандарда көрсетілді. Одан бөлек, жан-жақты шығармашыл тұлға ән салумен қатар музыкалық аспаптарда шебер ойнап, замандастарын өнерімен тәнті еткен.

Мәдениет қайраткері Қуат Әбусейітов кинорежиссер ретінде қазақ кино дубляж өнеріне айтарлықтай еңбегі сіңді. Осы орайда, жуырда мектептің оқушылары арасында «Менің өлкем» атты бейнеролик байқауы өткен. Оқушылар туған өлкесіндегі өнегесі мол, тарихқа бай мәдени орталықтарды аралап, қысқаша баяндамаларын дайындаған. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

– Біздің музейдегі Қуат Әбусейітовтің қоры құжаттарымен, фотосуреттерімен және қолданылған жеке заттарымен толықтырылды. Сонымен қатар, «Сыр сандық» кітабы да бар. Биыл жоспар бойынша белгілі түлғалардың мерейтойларына орай өтетін көрме шараға қатысуымыз керек. Жас буынның өлкетануға байланысты байқауға қатысуы да даңқты жерлесімізді танып-білуіне зор ықпал етеді, – деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Жанболат Абайхан.

Әдеби кеште жергілікті әнші-домбырашылардың орындауында қазақтың дәстүрлі әндері шырқалды. Сондай-ақ, кеш қонақтары актердің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрмені тамашалады.

 

Салтанат ҒАББАС.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.