Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған ақын-жазушылардың мандайалдысы, балалар әдебиетінің қара нары Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, зор үлес қосқан талантты ақын, шебер жазушы еді. М.Әлімбаевтың қаламынан туған жырлар ән-
дерге арқау болып, жүз сексенге жуық өлеңі әнге айналды.

Ақын қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасы — мақал-мәтелдерді жинап қана қоймай, өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударумен айналысқан. Мұзафар Әлімбаевтың «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» жинақтары мен зерттеулері бар. Халқымыздың отты ақыны Қасым Аманжоловтың «Мұзафар – қазақ мақалының маршалы» деп айтқаны да осыдан болар. Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаев «Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірмегем» деп жазған. Бұл күнде халық арасында кең қолданылып жүрген аталы сөздердің авторларын көбіне біле бермейміз. Естісек те, есімізде қалмаған болар. Әсіресе «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген күнделікті ауызекі қолданысқа еніп кеткен ой орамдарының иесі ақын Мұзафар Әлімбаев екенін көбіміз білмеуіміз де мүмкін. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, публицист, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгердің ой орамдары қашан да мәнін жойған емес. Бүгінде халық жадынан орын алып, күнделікті қолданысқа еніп кетті. Мақал-мәтел ретінде айтылып жүргендері жетерлік. Ақынның «Естай-Қорлан», «Менің Қазақстаным», «Ту тіккен» секілді эпикалық туындылары жыр сүйер жұрттың жүрегіне жол тауып, таңдаулы шығармалар қатарынан орын алды. Ондаған жылдар бойы ауыздан түспей шырқалып келе жатқан «Ақмаңдайлым», «Өзің де жігіт, қызықсың», «Маралдым», балаларға арналған «Мұғалім ол біздің», «Көшпелі фонтан», «Бесік жыры», «Қартаймайсың, жан ана» қатарлы көптеген ән-өлеңдері халықтың сүйікті туындысына айналды. Қаламгердің естеліктері мен эсселері, мақал-мәтелдері мен көңіл күнделіктері де — оқырмандар көңілінен шыққан тартымды дүниелер. Халықтың ауыз әдебиеті — қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді зерттеп, жинастырған «Маржан сөз», «Мақал-мәтелдер» секілді кітаптары халықтың күнделікті қажетсінер дүниесіне айналды. Мұзаға — aйтулы публицист, мaйталман аудaрмашы, әдебиет зерттеушісі. Ақынның бұл қырлaрының қай-қайсы да — қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар мәуелі бұтақтар. Онысы үздіксіз әрі жемісті қырлары еді. Шындығын айтсақ, бізге, үлкендер үшін Мұзағаның өлең-жырының барлығы да қымбат. Дей тұрғанмен, қалaмгер есімі атaлса болды, aлдымен балалар ақыны М.Әлімбaйдың ойға орaлары анық. Мұзафар Әлімбаев жас буынға арнап көркем шығарма жазумен ғана шектелмеді. Ол қазақ балалар әдебиетіне толассыз кадр тәрбиелеген «Балдырған» журналын өз қолымен ұйымдастырып, ширек ғасыр үлгілі басшылық жасады. «Балдырған» балалар әдебиеті үшін оқушы мен жазушы арасындағы алтын көпір іспетті болғанын айтуымыз керек. Аталмыш журнал арқылы М.Әлімбаев кішкентай оқушыны ұлағатты сөзге тәрбиелеп қана қойған жоқ, оларға шынайы көркем шығарма сыйлайтын жас таланттар тәрбиешісіне де айнала білді. Балалар әдебиетінің көптеген өкілдері әдебиетке келу жолында өздеріне Мұзафар Әлімбаевтың шапағаты тигенін мақтанышпен баяндайды. Ақынның Қ.Ыдырысов, М.Жаманбалинов, Қ.Мырза Әли, Ж.Сқақов, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Баянбаев, Е.Өтетілеуов, Е.Елубаев, С.Оспанов және т.б. іні-қаламгерлер жөніндегі мақалалары осындай тәрбиелік мәнге ие. Әлемдегі қай елде болмасын балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Неге десек, балаларға арнап қызықты шығар-малар жазу — екінің бірінің еншісіне тие бермейтін қасиет. «Бесік жырынан» басталатын балғындар өлеңінің әйтеуір бір құдіреті бар. Соған қарағанда, ән-өлең бала бойына ана сүтімен бірге таралатын болуы керек. Әйтпесе, бөбекті әлдиімен ұйықтатып, сонымен оятатын бұл өлеңде не құдірет бар?! Бөбектерге арнап өлең жазудың қиындығы да осында болса керек. Өйткені, ол барлық жырдың нәрі, барлық жырдың басы ғой… Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы Мұзафар Әлімбаев деп баға беруімізге болады. Керекудей киелі топырақта Мұз ағамыздай тума таланттың дүниеге келуі – заңдылық. Ақиық ақын ағамыз қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегін тапты. Өз заманының майталманы Мұхтар Әуезовпен қатар жүріп, жазушының ұтымды ойларын ұрпаққа жинақтап, қалдырған ақынның еңбегі де өлшеусіз. Ақын шығармаларында өлең, өлең-ойын, өтірік өлең, тақпақ, ертегі, санамақ, мазақтама, жұмбақ, метаграммалар, шарадалар, жаңылтпаштар, т.б. ішкі жанр үлгілері жиі ұшырасады. Өлең-жырларының басты тақырыбы — еңбек. Еңбек тақырыбындағы өлеңнің бірі — «Он саусақ». Өлең жөнінде автор былай дейді: «Еңбек қозғалыстан, әрекет етуден басталады. Екі саусақты біріктіру де, онымен ине ұстау да — еңбек. Енді одан әрі не түйме қадалады, не киім тігіледі. Өстіп еңбек екі саусақтан, аздан, кішкенеден өрбиді. Ал үш саусақ біріксе, қалам ұстауға, хат жазуға, білім алуға жарайды, он саусақ кіріссе, үй де салынады, жол да жасалады. Саусақ арқылы адамдарды мегзеп тұрғанымды алғыр балалар өздері-ақ аңғарады». 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балаларға арналған жыр кітабы үшін ақынға Мемлекеттік сыйлық берілді. М.Әлімбай балалар әдебиетінің қалыптасып дамуына өзінің әр жастағы баланың ой-өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі әрі тапқырлығы жағынан әр алуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін танытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған. Өлеңдерін оқып, тіл ұстартқан бүлдіршіндеріміз қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерін, қазақ сөздерінің ғажайып нәрін Мұзафар ағамыздан үйреніп келеді.

 

Ботакөз Сағымбек,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.