Күні бүгінге дейін көптеген республикалық, халықаралық фестивальдердің жүлдегері қатарынан табылып жүрген Ж.Аймауытов театры биыл да өз көрерменін жаңа туындылармен қуантпақ. Жемісті жұмыс істеп жүрген ұжым еңбек демалысынан зор ықыласпен оралып, бірден жаңа қойылымдардың дайындығына кірісіп кетті.

Жуырда өнер ұжымы 36-ншы маусымын «Шәмші» спектакль-концертімен бастады. Аталмыш қойылым ән өнерінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Ұлы композитор әндерінің шығу тарихына баса назар аударылып, қазақ вальсінің королі Шәмшінің жалпы ән өнеріндегі тұлғасы жаңаша форматта сахналанды. Қойылымдағы әр әнге арнайы би қойылып, музыкалық туындыға айналған.

– «Шәмші» қойылымымен сахна шымылдығын, жаңа маусымды ашуды ұйғырдық. Себебі, аталмыш спектакльде барлық ұжым түгел қамтылған. Басты рөлді ойнайтын Бейбіт Шәнім ағамыз бен Бауыржан Егінбай қойылымды ашты. Алдағы уақытта ұйымдастырылатын «Ертіс Баян» І республикалық театрлар фестивалі – осы маусымның жауһары деп білеміз, – деді Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.

Қойылымның авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов. Негізгі кейіпкерлер – Шәмші мен оның шабыты.

– Шәмші – басынан талай қиындықты өткерсе де, оған мойымаған адам. Ол еркіндікті аңсады. Сол асқақ сезімдегі концертте көрініс тапты. Театрымыздың 36-ншы маусымына халыққа керемет көңіл-күй, әнмен шашу шашқандаймыз, – дейді басты рөлді сомдаған белгілі актер, ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім.

Әртістер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитордың 19 танымал әнін шырқады.

Соңғы жылдары Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры сахна өнерін қалыптастыру барысында шетелден режиссерлер алғызып, репертуарлық мазмұнды байытуға ден қоя бастады. Осының нәтижесінде, труппа әртістері театр мамандарынан кәсіби білім алып, актерлік шеберлік пен режиссураның қыр-сырын ұға бастады. Театрда отандық және шетелдік шығармалардан құралған репертуар біртіндеп түзіліп келе жатыр. Соның ішінде қазақ театр өнеріндегі режиссураның керуен көшінде өткен жылы Жүсіпбек театрының бас режиссері лауазымына тағайындалған Сергей Левицкий де бар. Қазақстанға келгеннен бері Алматылық Ғ.Мүсірепов театрына «Оптимистік трагедия», Павлодарлық Ж.Аймауытов театрына «Ричард ІІІ» қойылымдарын қойып, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген режиссер, биыл да Жүсіпбек театрына өзінің авторлық туындысы — үлкендер мен балаларға арналған спектакль-шоуын ұсынайын деп отыр. Қойылымның пластикалық шешімін қоюшы режиссер — Игорь Леонидович Григурко Ресейден арнайы шақыртылған маман ретінде таңдалды. И.Л.Григурко — режиссер, пластика, пантомима және сахна қозғалысының педагогы. «ЧелоВЕК» театрының негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі. Бурятия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Сол себепті, театр артистері режиссерден мол тәжірибе жинап, жаңа маусымға тыңғылықты дайындықпен, ерекше толқыныспен оралғалы отыр.

Сонымен қатар, маусымның басы театр үшін фестивальдермен басталмақ. Нақтырақ айтқанда, биыл Өскемен қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен, Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалі өтеді. Аталмыш өнер додасына жақында ғана премьерасы болған «Менің атым Қожа» (реж.: Ж.Садықов) драмасы қатыспақ.

Жаңа премьералардан бөлек, театр ұжымы көптеген үлкен қалаларға, аудандарға гастрольдік сапарға шығу жоспарлануда. Сондай-ақ, еліміздегі бірқатар театр фестиваліне жолдама алып жатқандығын хабарлайды.

 

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.