Екібастұз қаласы үшін биылғы күз ерекше есте қалмақ. Өйткені, кеншілер мен энергетиктер шаһарында алғаш рет ұлттық өнердің алтын қазығы саналатын қазақ драма театры өз шымылдығын түрмек. Бұл – қаланың мәдени өміріндегі айтулы оқиға, өңірдің рухани дамуы жолындағы үлкен қадам.
Жаңа театр ұжымы бүгінде жасампаздықпен еңбек етуде. Қазірдің өзінде 18 кәсіби театр әртісі жұмысқа қабылданып, сахнаға шығуға дайындық үстінде. Олардың көпшілігі Астанадағы «Шабыт» пен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясынан арнайы шақыртумен келген. Ал театр қызметкерлеріне бес қызметтік пәтердің бөлінуі – мәдениет пен өнер саласына деген нақты қамқорлықтың көрінісі. Бұл – руханиятқа жасалған шынайы қолдау.
Жаңа театрдың ашылуы жолында қажырлы еңбек еткен ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнер жанашыры Талғат Сағынтаевтың еңбегі зор. Оның табандылығы мен сенімі нәтижесінде Екібастұзда қазақ драма театрының шырағы жағылмақ.
— Бұған дейін Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында еңбек еттім. Кейін театрдағы қызметімді тоқтатып, бір жылдай жеке іспен айналыстым. Ал 2021 жылы осы Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет сарайына менеджер болып қызметке орналастым. Араға жарты жыл салып, осы мекеменің директоры қызметіне ауыстым. Өзім театр саласының маманы болғандықтан театр ашу ойы үнемі мазалайтын. Бүгінде сол мақсатым жүзеге асырылып отыр, — дейді театр директоры.
Жаңа театр қазанның 29-30 күндері алғаш рет көрерменін қарсы алып, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасын сахналамақ. Өнер ұжымының ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасын таңдауы тегін емес. Себебі «Қош, Махаббат» мәңгілік сезім мен адамдық биік құндылықтарды дәріптейді. Премьераның режиссері – талантты жас режиссер Бибіажар Дихан. Спектакльде еліміздің әр аймағынан келген кәсіби және жас әртістер өнер көрсетеді.
Бұл премьера – Екібастұздың мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Жаңа театрдың ашылуы қала тұрғындары мен қонақтарына рухани серпіліс сыйлап, өнер мен мәдениеттің жаңа тынысын ашары анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
