Қазақ театры: ізденістер мен іркілістер

Жел 4, 2025

Театр – сезім мен ойдың тоғысқан тұсы. Көрер көзге, жүрекке ерекше ләззат сыйлайтын өнердің бірегей әлемі. Павлодардағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры да көрерменге жаңа спектакльдер ұсынып, шығармашылық ізденістен танбағанын дәлелдеп келеді. Ел ішінде де, шетелдерде өткен фестивальдерде де жүлделерге ие болып, ұжым өзінің кәсіби деңгейін көрсетіп келеді. Биыл өнер ұжымы өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өтуде. Алайда бұған дейін осында алғашқы театрдың болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Театрдың тарихы тереңде

1938 жылы Павлодар Семей облысынан бөлініп, жеке облыс ретінде құрылды. Жаңа облыс орталығында әртүрлі мекеме мен басқармалар ашылып, аудандық деңгейдегі газеттер облыстық мәртебеге ие болды. Сол кезде өңірде қазақ театры да ұйымдастырылып, өз есігін айқара ашты.

Театрдың алғашқы директоры және режиссері – Орал облысының тумасы, сол кездегі облыстық музыкалы драма театрының қоюшы режиссері Қадыр Хамзин болды. Павлодардағы тұңғыш театрдың алғашқы сахна шымылдығы белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылды. Басты кейіпкерлерді жас әртістер – Қапиза Хамзина (Айман) және Бықия Асылбекова (Шолпан) сомдады. Сол жылдары театр Рахымбаева, Балтабаева, Шәкіров, Қабылғазин, Баталов, Мұхамеджанов, Тоқаев, Жұмабекова, Есжанов, Нұрма-ғамбетова сияқты қазақ өнерінің дарынды жастарымен толықты.

Жас ұжым мен оның жетек-шісінің еңбегі тез бағаланды. Бір жылдан соң Қадыр Хамзин Алматыға шақырылып, астаналық театрдың шығармашылық тобына жетекшілік етті. Ал Павлодар театрының басшысы қызметіне Н.Атаханов тағайындалды.

Ұлы Отан соғысы жылдары ел қиындыққа тап болды. Халықты жауға қарсы күресте ерлікке, батылдыққа, бірлікке шақырған өнер ұжымдарының қатарында Павлодар облыстық қазақ драма театры да болды. Ашылғанына небары екі-ақ жыл толғанына қарамастан, театрдың материалдық-техникалық жағдайы толық дайын болмағанымен, ұжым өз репертуарын және шығармашылық жұмыстарын ел алдындағы міндетке сай үйлестірді. Сол кезеңде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыры» сияқты патриоттық драмалары, сондай-ақ Николай Гогольдің «Ревизоры» сияқты класси-калық шығармалар сахнаға қойылды.

Соғыс жылдары кескі-лескен ұрыс алаңына айналған елдің батыс жағындағы қалалардан Қазақстанға өндіріс кәсіпорындары көптеп көшірілді. Жергілікті мекемелер, кәсіпорындар өз ғимараттарын оларға босатып берді. Себебі, эвакуацияланып келген зауыттар соғысқа қажет қару-жарақ шығарумен айналысатын. Қазақ театры ғимараты «Октябрь» зауытына берілді. Сол кезде үйсіз, күйсіз қалған жергілікті қазақ театрының ұжымына облыс аудандары мен ауылдарын аралап, гастрольдік қойылымдар қойып, концерт беру міндеттелді. 1942 жылдан 1945 жылға дейін ұжым үнемі ел аралаумен болды. Алғашқы гастрольдік сапарға шыққан бір Павлодар ауданының өзінде
39 концерттік бағдарлама қойылып, оған 2 909 көрермен қатысқан.

Театр ұжымы сапар үстінде жүріп те жаңа спектакльдер әзірлеумен айналысты. Олар негізінен уақыт талабына сай саяси-патриоттық, ерлік тақырыбындағы қойылымдар болатын. «Амангелді», «Қобыланды», «Орыс адамдары», «Ревизор» секілді спектакльдер көрерменге ұсынылды.

Облыстық архивтердегі құжат-тардың бірінде: «Павлодар қала-сында майдан жүріп жатқан қалалардан көшірілген өнер ұжымдары көп болды. Мысалы, Ленинград қаласынан «Танец красок» эстрадалық ансамблі, М.Горький атындағы Киев мемлекеттік театры, Харьков драма театры, онымен қоса Новосібір, Омбы облыстарының арнайы үгіт бригадалары үнемі келіп, облысты аралап, өнерлерін көрсетті» делінген.

Бір өкініштісі, жауға қарсы күресте жұртшылықты жанкешті жұмысқа жұмылдыруда бар күш-жігерін жұмсап жүрген облыстық театр ұжымын облыс басшылығы көркемөнерпаздар деңгейінде ғана бағалаған. Ұжымның жұмысы жайлы сөз болғанда оны Бесқа-рағай ауылдық халық театрына теңеп, солармен қатар атайтын болған. Осының салдарынан әртістердің тұрмысы Үкімет қаулысына қарамай, тылдағы еңбеккерлердің ортасында ең төмені болған. Ұжымдағы 32 адамның ішінде жалғыз көркемдік жетекші Н.Атаханов қана соғыс жағдайына байланысты азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінің бірінші категориясына іліккен. Жеті адам одан төменгі категория бойынша қамтамасыз етілген. Ұжымның басқа мүшелері тылда жұмыс атқарып, тамақты тегін алатындардың есебіне кірмеген. Облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша ғылым мен мәдениет қызметкерлеріне ай сайын берілетін 400 грамм майға,
1 800 грамм ет-балық өніміне, 1 200 грамм жармаға қазақ театры ұжымыың мүшелерінің қолы жетпей қойды.

Гастрольдік тіршілікке көнген қазақ театрының жағдайы кейіннен облыс басшыларын ойландырмай қоймады. Облыстық өнер ісі жөніндегі бөлімінің меңгерушісі С.Рахымбаева 1944 жылдың
7 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А.Қазақбаевқа хат жолдап, өнер ұжымының басынан кешіп отырған қиын жағдайды реттеу жөнінде көмек сұраған. Бәлкім, сол хаттың әсері болар, игі шешімдер қабылдана бастады. Осы кезде тұспа-тұс келген Ұлы Октябрь революциясының 27 жылдығы аясында Павлодар қазақ драма театрының 5 жылдығы аталып өтілді. Белсенді ісімен танылған ұжымның қажырлы еңбегі ерекше аталып, жоғары баға берілді. Театрдың көркемдік жетекшісі Нүриден Атахановқа, әртістер Рахымбаеваға, Балтабаева мен Шәкіровке «Республикаға еңбек сіңірген әртісі» атағы беріліп, театр әртістері Қабылғазин, Баталов, Мұхаметжанова, Тоқаев, Жұмабекова, Есжанов, Нұрмағанбетова және суретші Кретинин секілді өнер иелері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды.

1944 жылдың 30 қыркүйегінде еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Макин мен атқару комитетінің хатшысы Рахимовтың қолдары қойылған «Облыс тұрғындарын театралды қызметпен қамтамасыз етуді жақсарту» деген шешім қабылданады. Өкінішке қарай, бұл шешімде негізінен Павлодарда орыс театрын ашу туралы ғана сөз болады. Осыдан кейін кешікпей қазақ драма театрының статусы өзгеріп, ауданаралық колхоз-совхоз театры болып қалады.

Елуінші жылдардың аяғында тың жерлерді игеру науқаны басталып, жаппай орыстандыру саясаты етек алып, ұлттық мектептер жабыла бастады. Ауданаралық қазақ театры алдымен Павлодардан Лебяжі ауданының орталығына аударылып, соңынан мүлдем жабылып тынды.

Қайта түлеген өнер ордасы

Дегенмен, тоқсаныншы жылдары ұлттық республикаларда жергілікті халық тарихына, ұлттық тіл мәселесіне көзқарас біртіндеп өзгере бастады. Бүкіл шығыс халықтарына ортақ Наурыз мейрамын тойлауға мүмкіншілік туды. Осы тұста Павлодарда қазақ театрын қайта ашу керек деген пікірлер де жиі айтыла бастады.

1989 жылы облыстық мәдениет басқармасы облыстық атқару комитетінің қолдауының арқасында бұл жұмысты іске асыруға тікелей кірісті. Алдымен театр ісін ұйымдастырып, басқарып, алып кететін мамандарды қарастыру қолға алынды. Бірақ, іс оңай болмады. Алғашқыда облысымыздан мұндай адамдар табыла қоймады. Басқа қалаларда қазақ театрында жұмыс істеп жүрген мамандармен келіссөздер жүргізілді.

Театрдың ашылуына белсенділік танытқан азаматтардың бірі, ардагер журналист Мұхит Омаров  былай деп еске алады:

«Адамдардың көбі театр ашамыз дегенге аса сене қоймады. Тек бірден бұл істі қолдап, «театр ашуға әбден болады» деп сенім білдіріп, өзі оны басқаруға келіскен Ерсайын Қандержанұлы Тәпенов болды. Ол кісі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері еді. Ерсайын Қандержанұлы сөзінде тұрып, Павлодарға келіп, бірден білек сыбана іске кірісіп кетті. Театр директорлығына Иса Байзақов атындағы облыстық филар-мония директорының орынбасары Бектас Титайұлы Тапалшинов алынды.

Алдымен сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша облысымызда театр ашуға рұқсатты Қазақстан мәдениет министрлігінен алдық. Министрден бастап театр басқармасының қатардағы маманына дейін күмән айтып, сенімсіздік білдірді. Қазақ театрын біздегідей басқа ұлттары басым, жергілікті халық ана тілінен орыс тіліне бейімделіп бара жатқан жерде ашу керектігін алға тарттық. Қазақ тілін үгіттеп, қаншама қаулы қабылдап, сансыз жиналыс-мәжіліс өткізген жұмысты бір театрдың өзі-ақ атқарады деп  дәлелдедік. Сол кездері біздің уәжімізге құлақ асып, қолдаған Қазақстан мәдениет министрі Мәнура Мерғалиқызы Ахметова болды.

Республикалық деңгейде мәселе оңтайлы шешілгеннен кейін қазақ театрын ашу жөнінде Павлодар облыстық атқару комитеті 1990 жылдың 13 наурызында №56/5 қаулы қабылдады. Театрдың басшылары, директоры мен бас режиссері тағайындалды.

Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтының сол кездегі ректоры, белгілі театр сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әшірбек Сығаевтың қолдауының арқасында музыкалы комедия бөлімшесінің соңғы курс студенттері толығымен жаңа театрға өндірістік тәжірибеден өтуге жіберілді. Олар кейін толығымен театр труппасына қабылданды».

1990 жылдың 7 желтоқсанында аталмыш театр Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясымен өз шымылдығын ашты. Содан бері бұл күн театрдың негізі қаланған күн болып есептеледі. Тәжірибесі мол Ерсайын Тәпеновтің басшылығымен жас театр өзге өнер ордалары ішінде алдыңғы қатарлы театрға айналды. Бірден драматургиялық қойылымдар сахналанды. 1992 жылдың Қазақстан Республика-сының Үкіметінің қаулысымен театрға Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді.

Жылдан-жылға театр сахналық шеберлігін шыңдай түсті. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжановтың басшылығымен оркестр жұмыс атқарды. Олардың арқасында күрделі туындыларды сахналауға мүмкіндік туды. Театрдың жас әртістері Т.Атамбек, М.Байжұманова, Г.Қайырбекова, Г.Саймасаева, Б.Шәнім, Д.Ұябай вокалдық орындаушылық өнерлерімен ерекше көзге түсіп, гастрольдік сапарға жиі шығып тұрды.

Театр ұжымының еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Театрдың бас режиссері Ерсайын Тәпенов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», әртіс Рәуза Тәжібаева «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атақтарына ие болды. Мұхтархан Манап «Құрмет», Сейітжан Тәжібаев пен Бейбіт Шәнім «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бекболат Оқасов, Ақмарал Әбдірахманова, Айсұлу Балтабаева секілді әртістер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаттары атанды.

1995 жылы Египеттің Каир қаласында Халықаралық театрлар фестиваліне «Айман-Шолпан» спектаклімен қатысып, лауреат атанды. 2002 жылы Д.Исабековтің 60 жылдық мерейтойына арналған республикалық фестиваліне «Әпке» спектаклімен қатысып, «Ең үздік режиссер» аталымын,  ал актер С.Бекболатов бұл атақты Омар рөлі үшін иеленді. 2004 жылы Қостанай қаласында ХІІ республикалық театрлар фестивалінде Еврипидтің «Медея» спектакліндегі Медея үшін «Ең үздік әйел ролі» аталымымен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ж.Чайкина марапатталды.

2014 жылы Жүсіпбек Айма-уытовтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Осы оқиғаға байланысты маусым айында Павлодар қаласында республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальде жергілікті театр қойылымы үшін арнайы сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, театр ғимараты алдында Ж.Аймауытовқа арналған ескерткіштің ашылуы болды.

Араға 10 жыл салып, яғни Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылды-ғына орай театр қабырғасында «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі ұйымдастырылды. Өнер додасында іріктеудің алғашқы кезеңінен сүрінбей өткен 11 театр ұжымы өнер көрсетіп, үздік деген туындыларын сахналады. Жергілікті театр «Ричард ІІІ» трагифарсымен (режиссері С.Левицкий) облыс әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі.

Өнер ордасының жетістіктері бұл ғана емес. Өнер ұжымы жыл сайын республикалық, халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, арнайы жүлделерге ие болуда. Мәселен, 2023 жыл театр үшін табысты жылдардың бірі болды. Сол жылдың 31 наурызында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы мен халықаралық театр күніне орай өткен халықаралық комедиялық  театр фестивалінде театр ұжымы К.Гольдонидің «Венециялық егіздер» комедиясымен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» аталымын жеңіп алды. 24 қыркүйекте КСРО Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІI респуб-
ликалық «Сын-шын болсын» театр фестиваліне Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан»
қойылымымен қатысып, «Үздік ансамбль» аталымымен марапат-талды. 4 қазанда Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақ-станның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалінде театр Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен өнер көрсетіп, «Б.Римова атындағы арнайы жүлде» аталымына және «AMANAT» партиясының арнайы жүлдесіне  ие болды. 14 қазанда мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театр-ларының XXIX республикалық фестивалiнде «Ұждан» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» аталымын иеленді. 2 қарашада Ресей елінің Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалінде жоғарыда аталған қойылыммен өнер көрсетіп, «Үздік ансамбль» аталымын жеңіп алды. Ал 15 желтоқсанда  «Қазақстан театрлары – 2023» атты мониторинг барысында Ж.Аймауытов театры 54 театрдың ішінен үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, театр басшысы Арман Темірбек – «Жыл театр менеджері», «Ұждан» спектаклі – «Жылдық актерлік ансамблі» және «Шетелдік режиссердің жыл қойылымы аталымдарымен, театр актерлері Бауыржан Манатбекұлы – Ричард рөлі үшін «Жыл актері», Рахат Халық – «Ричард ІІІ» спектакліндегі Бекингем рөлі үшін «Екінші пландағы жыл актері, Талжібек Атамбек – «Ричард ІІІ» спектакліндегі Королева ана рөлі үшін «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы», Медет Садығазин Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектакліндегі және Темірлан Мұқатай У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектакліндегі эпизодтық рөлдері үшін «Эпизодтық рольдегі жыл актері» аталымдарына ие болды.

Осылайша, қайта түлеген қазақ театры 35 жылдық мерейтойын жаңа табыстармен қарсы алуда. Шамың сөнбесін, қазақ театры!

Айдана БОРАНБАЕВА.