Биыл қазақ әдебиетінің бозторғайы атанған көрнекті ақын, жазушы, сатирик, журналист Сәбит Дөнентаевтың туғанына – 130 жыл. Ол 1894 жылы Семей облысының Кереку уезiне қарасты Ақсу болысында кедей отбасында туған. Руы – Арғын, оның ішінде Бәсентиін.
1907 жылы Маралдыдағы Жалемеддин медресесінде Нұралы деген молдадан төте жазу әдісімен хат танып, білім алған. Осыдан кейін Павлодар қаласының жанындағы Қасым қажы медресесінде оқыды. Одан кейін еліміздегі алғашқы арнаулы оқу орындарының бірі – Семей мұғалімдер семинариясында білім алды. Сәбит Дөнентаев — ХІХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің тарихында іргелі орны бар ағартушы-демократ ақындардың бірі. 1915 жылы Уфа қаласында «Ұсақ-түйек» деген атпен өлеңдерінің алғашқы жинағы жарық көрді. 1919–1922 жылдар арасында қазақ ауылдарында мұғалім, халық соты қызмет-терін атқарды. 1928 жылдан бастап «Қазақ тілі» газетінің редакциясында жұмыс істеп, барлық күш- жігерін қазақ әдебиетін дамытуға жұмсайды. Ал 1957 жылы шығармаларының академиялық жинағы шықты. С.Дөнентаевтың ақындық қызметі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – 1912–1918 жылдар арасы, екінші кезеңі – кеңес дәуіріндегі шығармашылығы, яғни 1918–1928 жылдар арасы. Ақынның «Заман кімдікі», «Досқа», «Замандастарға», «Балалық» және т.б. өлеңдері халықтың азаттыққа ұмтылу арманын суреттейтін реалистік шығарма болып саналады. Ақын шығармалары тақырып, жанр, көркемдігі жағынан да әр алуан болып келеді. Ол — өз дәуірінің қоғамдық шындығын кең көсіле жырлаған демократ ақын, сондай-ақ, қазақ әдебиетінің сатира жанрына өзінің стилін қалыптас-тырған ірі суреткер. Қаламгер журналистика саласында да өнімді еңбек етті. 1917-1919 жылдар аралығында «Алаш» партиясының үні болған «Сарыарқа» газетінің жұмысына қатысса, 1923 жылдан бастап, Семейдің «Қазақ тілі» газетінде жұмыс істеді. Өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындаұрпақ үшін орасан зор мұра қалдырды. Сәбит Дөнентаевтың қолтаңбасын қазақ әдебиетінің поэзия, проза, сатира және журналистика жанрларынан көре аламыз. Оның «Көркемтай» әңгімесінен бір ғана шығарма арқылы қазақ әдебиетінің тарихында қалуға болатынына көзіміз жетті. Ақынның мәңгілік мекені Семей жерінен бұйырды. 1933 жылдың 24 мамырында ауыр науқастан, атап айтсақ, көкірек, безгек ауруларынан қайтыс болды.
Тілеуберді САХАБА.