Облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында еліміздің Тәуелсіздігі жолындағы тұңғыш қадамы – Республика күні кең көлемде аталып өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, мемлекеттік мекеме өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер қауымы қатысты. Мемлекетіміз үшін маңызды мерекеге жиналғандарды аймақ басшысы құттықтап, жерлестеріне жылы лебізін білдірді.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз — байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз» деп баса атап өтті. Бұл мерекеде терең мағыналы ұғым жатыр. Қуатты ел тек халықтың бірлігі арқылы жасалады. Отанымыздың негізгі тірегі — халқымыз! Сондықтан еліміздің өркендеуі жолында баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Әрбір шаңыраққа ырыс-береке ұяласын. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – біздің парызымыз. Ендеше, еліміздің ертеңі жарқын, Тәуелсіздігі тұғырлы болсын! — деді Асайын Қуандықұлы.
Ұлттық мереке қарсаңында облыстың бірқатар тұрғындары еліміздің дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл ретте ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар адам «Құрмет», III дәре-желі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Бірлік», «Шапағат», «Жомарт жан» медальдарына лайық деп танылды. Аймағымыздың 25 тұрғыны кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Олардың қатарында Ақсу қаласының еңбек ардагері Қуат Азамбаев, «Халкъан барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Михаил Аушев, Торайғыров университетінің профессоры Қанат Ахметов бар. «Эльпида» облыстық грек ұлттық-мәдени орталығының басқарма мүшесі Владимир Ифандопуло Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ, маңызды жиында Асайын Қуандықұлы облыстың Құрметті азаматы атанғандарға куәлік пен төсбелгілер табыстады. 7 жерлесімізге «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыс әкімінің ұсынысы негізінде Павлодар облыстық мәслихатының шешімімен қоғам қайраткері Марғұлан Дәнел Әлкейқызы, білім саласының ардагері Жеңіс Мейірман, қоғам қайраткері Алтынбек Нұхұлы, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Райымбек Ахметов, білім саласының ардагері Бақыт Бексейітова, денсаулық сақтау саласының ардагері Мұрат Сүлейменов, мәдениет саласының ардагері Виктор Поликарпов облыстың Құрметті азаматы атанды.
Марапат иелерін жергілікті өнерпаздар құттықтап, ән мен күйден шашу шашты.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.