Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі — облыстағы республикалық маңызы бар тарихи әрі мәдени ескерткіштер тізіміне енген мекеме. Жуырда музей басшылығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «ERG Көмек» корпоративтік қоры және «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен тарихи ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жөнінде үшжақты шарт жасасты. Нәтижесінде тарихи мекеменің қасбеті мен шатыры бойынша жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүргізу, қабырғалар мен іргетастың жерасты учаскелерін гидрооқшаулау көзделген.
Музейдің басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, осы жылдың 11 сәуірінде «ERG Көмек» корпоративтік қоры, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазқайтажаңарту» ШЖҚ РМК және облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында облыстық музей ғимаратын реставрациялау жұмыстарын жүргізуге демеушілік көмек көрсету туралы шартқа қол қойылған.
— Бір қызығы, біз қасбетті өз бетімізше қалпына келтіре алмаймыз. Бұл тек лицензиясы бар мамандар жүргізуі керек қалпына келтіру жұмыстары болып саналады. Ал ішкі жұмыстарды облыстық бюджет есебінен жыл сайын жүргізіп келеміз. Жуырда «Қазреставрация» РМК өкілдері келіп, ғимаратпен толық танысып шықты. Санаулы күндер бұрын олар өз жұмыстарын бастап кетті. Бұл жұмыстар тарихи нысанның сыртқы келбетін сақтай отырып жүргізіледі, — дейді А.Әлиақпаров.
Ал өлкетану музейінің құрамын-дағы Д.Багаев атындағы музей-үйінің де жағдайы мүшкіл. Өткен жылдары ағаштан жасалған көне ғимаратты көрші үйдің су құбырындағы ақаудың себебінен су басқан. Салдарынан есіктер жабылып, ашылмай қалған. Сондай-ақ, мекеменің қабырғаларында да мәселелер пайда болған.
Дегенмен, мәселелері шешілген тарихи мекемелер де бар. Мәселен, 2022 жылы Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейі 74 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Қосымша 40 миллион теңге жаңа экспозицияларға, мультимедиялық панельдер мен бағдарламалық жасақтамаға жұмсалған. 2023 жылы кезек Павлодар қаласындағы Әскери даңқ музейіне жеткен. Жоба сомасы 44 млн теңгені құрады. Ал жуырда мұндай жұмыстар Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музей-үйінде жүргізілді.
Айта кетейік, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі 1942 жылы құрылған. Музейдің негізі – экспонаттар, артефактілер, қор қоймасында сақталатын бірегей заттар.
— Көптеген музей коллекциясының қалыптасуы ғылыми зертханаларда зерттелетін сирек кездесетін артефактілермен байланысты екені белгілі. Музейде жыл сайын облыс аумағында археологиялық зерттеулер жүргізетін археологиялық зертхана бар. Зерттеу нәтижелері әртүрлі басылымдарда жарияланады, – дейді Арман Әлиақпаров.
Музей қызметкерлері, сонымен қатар, палеонтологиялық мұраны сақтау және зерттеумен айналысады. Палеонтологиялық ескерткіштерді зерттеу ғалымдарымен бірлесіп, олардың ішіндегі маңыздысы әлемге әйгілі неоген кезеңіндегі жануарлардың танымал жерлеу орны «Қазқонақ» ескерткіші болып табылады. Ол республикалық маңызы бар объектілер тізіміне енгізілген. Бұл ретте, музей қорынан палеонтологиялық коллекциялар каталогы шығарылды.
Бұдан бөлек, дамудың қазіргі кезеңінде музейлерде цифрландыруды қолдану өзекті. Музейде шетелдік келушілерге экскурсияны бес тілде тыңдауға мүмкіндік беретін аудио нұсқаулықтар бар. Қор есебін жақсарту мақсатында, музейде және оның бөлімшелерінде «АС-Музей» бағдарламасы орнатылып, экспонаттарды электронды каталогтау жұмыстары жүргізілуде.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.