Таяуда Қазақстан Жазушылар одағы мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы аясында еліміздегі 6 бірдей танымал қаламгерге құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақы табыс етілді.

Қаламы қарымды қауымды қолдауды мақсат еткен мұндай игі шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен, Қазақстан Жазушылар одағының арнайы ұсынысымен «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлық» – ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлына, «Мұзафар Әлімбаев атындағы сыйлық» – жазушы Мағрипа Қожахметоваға, «Иса Байзақов атындағы сыйлық» – әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекеге, «Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы сыйлық» – ақын, жазушы, публицист Сайлау Байбосынға, «Рамазан Тоқтаров атындағы сыйлық» – ақын, жазушы Ақын Алақанұлына және «Мәшһүр Жүсіп атындағы сыйлық» ақын, жазушы, әдебиеттанушы Серік Елікбайға берілді. Сыйлыққа ие болғандардың арасында үш павлодарлық қаламгер бар. Атап өтерлігі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов соңғы сәтте өзі ұсынылған сыйлықтан бас тартып, бұған Серік Төлеутайұлы лайықты деген шешімге келген екен. Бұл жөнінде Серік Елікбай фейсбук әлеуметтік желісінде: «Керекуге барып, әкіммен жолыққан әдебиет жанашыры, ұлт жоқшысы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы орынбасары Қасымхан ағаға да алғыс! Мәшһүр Жүсіп сыйлығына ұсынылған Қасымхан аға еді! «Мәшһүрдің мұңындай» романың бар сен лайықсың деп мені ұсынды. Рахмет, аға!», — деп жазды. Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Серік Елікбайдың айтуынша, ақын-жазушыларды ынталан-дыруға бағытталған материалдық қолдау аймақ басшысы Асайын Байхановтың жанашыр-лығымен жүзеге асқан. Ал оған ұсынылған қаламгерлерді іріктеп,ең лайықтысын ұсыну мәселесімен республикалық одақ айналысқан көрінеді.

— Ертіс-Баян өңірінен Ақын Алақанұлы мен Сайлау Байбосынның бұл сыйлыққа алғашқы болып ілігіп отырғанына қуаныштымын. Сексеннің сеңгіріне келген Ақын Алақанұлы ағамыз Моңғолия мен еліміздің әдебиетін дамытуға зор үлес қосты. Ал биыл 65 жасқа келген публицист Сайлау Байбосын әдебиетпен қатар, Алаш арыстарының ғұмырын зерттеу жолында да көп ізденуде. Олардың еңбегі қандай құрметке де лайық! —
дейді Серік Елікбай.

Н.АҚЫТЕГІ.