Бүгінгі журналистердің басым бөлігі — бірнеше бағытты қатар қамтыған білікті мамандар. Олар заман талабына сай фотоға түсіріп, видеоны монтаждап, мәтінді де «қатырып» береді. Одан бөлек, біздің «Ertis Media» холдингі құрамындағы қызметкерлер көздің жауын алар түрлі қолөнер туындысын дайындап, атадан келе жатқан дәстүрді жалғастыруда. Оның барлығын бірінші рет ұйымдастырылған «ҚолөнерFest» фестивалі аясында тамашаладық.

Медиахолдинг басшылығының ұйытқы болуымен «Журналистер үйінде» ұлттық құндылықтарды ұлықтаған керемет кеш өтті. Оның барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылды.

Алғаш болып сөз алған серіктестік басшысы Руслан Билялов мұндай шаралардың шығармашылық ұжымдарды ұйыстырып, ортақ іске біріктіретінін атап өтті.

— Былтыр ұлттық киім күнін ұйымдастырып, әр редакция қызметкері нақышқа сай келетін киімдерімен көзге түсті. Биыл бұл идеяның аясын кеңейтіп, арнайы фестиваль ұйымдастыруды жөн санадық. Соның аясында қолөнер бұйымдарын дайындаумен айналысатын әріптестердің өзгелер біле бермейтін қырын ашып әрі шығармашылықтың шектеуі жоқ екенін көрсеткіміз келді. Шараға қатысушылар мен меймандар ұлттық тағамнан дәм татып, өнерімізді тамашалай алады, — деді Р.Билялов.

Айталық, «Halyq Radiosy» қызметкері Махаббат Кәмесхан қамшы өрудің қыр-сырын көрсетті. Сонымен қатар, қамшыны ұстау әдебін, оның әр түрінің түпкі мағынасын түсіндірді. «Звезда Прииртышья» ұжымы өздері тіккен киімдерін, тоқыған көрпелерін таныстырды. «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің қыздары күмістен әшекей жасау, тақия тігу өнерін көрсетті. «Saryarqa samaly» газетінің шеберлері де қалыс қалған жоқ. Басылым шолушысы Гүлжайна Түгелбай құрақ құраудың ерекшелігін айтып, өз қолымен тіккен көрпелерді көпшілік назарына ұсынды. Сол сияқты басылым шолушысы Нұржайна Шодыр кейінгі жылдары ұмыт болып бара жатқан өнер – ұршық иіруді қайта жаңғыртты. Сондай-ақ, жүннен арқан дайындауды көрсетті. Одан бөлек, шара барысында тоғызқұмалақ, бес асық сынды ұлттық ойын түрлерін ойнау бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

— Әр ана қызды үй шаруасына, қолөнерге баулып жатады. Сол сияқты менің анам да үнемі көрпе тігіп, байпақ тоқып, күнделікті тұрмыс-тіршілікте керек болатын заттарды дайындап, балаларына, немере-жиендеріне, туыс-туғанға, көрші-қолаңға таратып беретін. Анамның қасында отырып, оның әр ісінен үлгі алып, мен де тіге бастадым. Әр түрлі шараға керек-жарақты өзім тігіп аламын. Мәселен, балаларыма Наурыз мейрамына, жаңа жылдық мерекеге қажет арнайы киімдерді тігемін. Атап өтерлігі, қазіргі тігін машинамды қызым дүниеге келерде алған жәрдемақыға сатып алған едім. Сондықтан бұл көмекшім жұмысымның бір тартуы іспетті, — дейді әріптесіміз.

Ал Нұржайна Шодыр ұршық иіріп, арқан есті. Бұл өнерді әжесінен үйренген екен.

— Бұл — біздің ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан қолөнер түрінің бір түрі. Кішкентай кезімде әжемнің қолында өстім. Әжеміз үнемі ұршық иіріп отыратын. Сол кезде қызығушылық танытып, үйрендім. Жүннен жіп алып, одан байпақ тоқып алатынбыз. Сондай-ақ, бүгінгі фестиваль аясында арқан есуді көрсеттім. Ол да – үлкендерден үйренгенім. Қолөнердің бұл көне түрлерімен айналыспағалы біраз жылдың жүзі болды. Десе де, алдыңғы буыннан көрген-түйгеніміз әлі есте, — дейді ол.

Шараның шарықтау шегі біздің басылымның жауапты хатшысы Санитас Иманғазина мен «Aiqara.kz» ақпараттық порталының қызметкері Айбек Оралхан арасындағы қайым айтыс болды. Сөзді серік еткен өнерпаздар төл өнерімізді, салт-дәстүрімізді, фестивальдің мақсат-мұратын жырға қосып, өзара қағытпа қалжыңмен айтысып, кештің көркін келтірді.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – «Вернисаж» сән үйі ұсынған ұлттық киімдер дефилесі. Холдингтің жас қыздары ұлттық ою-өрнекпен өрнектелген киімдерді киіп, қызыл кілеммен жүріп өтті. Сол арқылы қазақи нақыштағы киім-кешектің сән-салтанатын көрсетті. Атап өтерлігі, шараға қатысушылар мен көрермендердің барлығы ұлттық нақыштағы киіммен келді.

«ҚолөнерFest» қадірлі мейманы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүрия Көбенова осындай шараның мәдениетті дәріптеу, ұжымдардың басын қосудағы рөлі зор екенін атап өтіп әрі журналистер қауымына үнемі ақпараттық қолдау көрсететіні үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлеріне ұлттық ойын – тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.

Кеш соңында «Ertis Media» ЖШС ұжымы қолөнер фестивалін челлендж ретінде «Ertis» телеарнасына жолдады. Ендігі ретте телевизия саласындағы әріптестеріміздің талантын тамашалайтын боламыз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.