Павлодарлық жас айтыскер Бексұлтан Қайдаров халықаралық байқауда топ жарды. Алматы қаласында халықаралық деңгейде ұйымдастырылған дәстүрлі сайыста Қырғызстан мен Моңғолия, Өзбекстан елінің суырып салма ақындары да бақ сынады.
Таяуда Алматы қаласында «Менің пірім – Сүйінбай» атты дәстүрлі сегізінші халықаралық жас ақындар байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш байқауда өңіріміздің намысын қорғап, Марғұлан университетінің екі студенті бақ сынады.
Қырықтан астам жас айтыскер қатысқан байқауға павлодарлық үш ақын қатысты. Оның бірі Алматы қаласында оқығандықтан, сол өңірдің намысын қорғады. Қатысқандардың ішінде қаламызда білім алып жатқан ақтөбелік айтыс- кер Нұрсерік Еділбай да бар.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, ақындарға қозғайтын тақырып айтыс болатын күні бірақ айтылған. Бұл үміткерлер ішінен нағыз суырып салма шешенді анықтап, үздігін табу мақсатында істелген болса керек. Бірақ ел атынан шыққан жастар үмітті ақтады. Барлығы да табан астында сөз тауып, өнерімен жиылған көпті тамсандырды.
Халықаралық жыр жарысы 2 күн жалғасты. Ақтық сынға алғашқы іріктеуден сүрінбей өтіп, бабы шапқандар ғана жолдама алды.
Шешуші бәсекеде бірін-бірі озған, сөзді тауып айтатын ақындар қалды. Ал олардың шеберлігі мен дайындығына қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның өзі бастаған әділ қазылар тиісті бағасын берді.
— Бұл — жаңадан басталған шаруа емес. Студенттердің 8 жылдық тарихы бар айтысы. Халықаралық жарыс. Соның ортасында отырмыз. Кеше іріктеу болды. Іріктеуден 40 ақыннан 18-і ғана өтті. Біраз талантты жастардың сұлбасы көрінгендей болды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман.
Қорытынды бойынша қазақтың «Үш бәйтерегі» Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған аламан айтыстың бас жүлдесін жерлесіміз Қайдаров Бексұлтан, ал 1-орынды Моңғолия атынан қатысқан Әділхан Іңкәрбек, 2-орынды қызылордалық Дильназ Ержігіт, 3-орынды қырғыз ақыны Ырыскелді Қалыбекұлы мен қазақстандық қос өнерпаз қанжығасына байлады.
Жыр жарысында таласқа түскен өзге жүлделер де лайықты иесін тапты. Жалпы, бұл жарыстың басты мақсаты – айтыс өнерін жастар арасында насихаттау, дәстүрді жаңғырту және ақындардың шешендік өнерін шыңдап, төл өнерді дәріптеу.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен іске асқан бұл жас ақындар айтысы биыл 8-рет өтіп отыр. «Менің пірім – Сүйінбай» атты суырып салма ақындар арасындағы халықаралық жарысқа осы жолы 40-қа жуық ақын қатысты. Еліміздің әр өңірінен шыққан ақындарымыз шетелдің сөз мергендерімен түрлі тақырыпта сайысты.