Қарапайым қадамнан кәсіпке дейін

Сәу 2, 2026

Бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласының тұрғыны Гүлназ Қадыр қолына өнімдерді таныстыратын шағын каталог пен сөмке алып, түрлі мекемені аралап, ұлттық нақыштағы күміс әшекейлерді сатумен айналысатын. Ал бүгінде ол – өз цехы, 14 адамнан тұратын командасы бар және күн сайын ондаған тапсырыс қабылдайтын табысты кәсіп иесі. Оның компаниясы айына 7-8 млн теңге айналым жасап отыр.

Гүлназ Қадыр Май ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін Павлодар мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын үздік тәмамдайды. Кейін отбасын құрып, жолдасының қызметіне байланысты Талдықорған қаласына қоныс аударады. Сол жерде ол айтыскерлер, ақын-жазушылар ортасына түсіп, ұлттық мәдениетті тереңірек тани бастайды. Бұл орта оның дүниетанымына айтарлықтай әсер етеді. Дегенмен, 2014 жылы отбасымен Павлодар қаласына қайта оралады. Сол уақытта бала күтімімен үйде отырған Гүлназ уақытын тиімді пайдаланудың жолын іздейді. Ол зергерлік бұйымдармен айналысу идеясын қолға алады.

– Алғашында менде небары үш түрлі әшекей жиынтығы ғана болды. Ал қаржы жетіспегендіктен, өз дүкенімді ашу мүмкін болмады. Сол себепті күн сайын түрлі мекемелерді аралап, өнімдерімді ұсынып жүрдім. Әрбір әшекей-
дегі ою-өрнектің мәнін түсіндіріп, оның ерекшелігін жеткізуге тырыстым. Ай сайынғы табысым 100–150 мың теңге шамасында болса да, бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау болды.

Уақыт өте келе тұтынушылар саны артып, 2018 жылы серік-тестерімен бірге екі шағын дүкен ашады. Бірақ нарықтағы өзгерістерге байланысты 2022 жылы бұл дүкендер жабылады. Бұл уақытта тұтынушылар онлайн саудаға көбірек бет бұра бастаған еді. Осы сәтте Гүлназ бағытты өзгертіп, толықтай өндіріс саласына өтеді. Алғашында былғары өнімдер мен ұлттық жиһаз дайындауды қолға алғанымен, бұл бағыттарда қиындықтар туындайды. Соңында ол қабырғаға арналған этно-декор өндірісіне тоқтайды.

Бүгінде оның цехында кілт ілгіштер, медаль ілетін тақталар, сағаттар және ұлттық ою-өрнекпен безендірілген паннолар жасалады. Ең сұранысқа ие өнім – шежіре бейнеленген қабырға декоры. Бұл өнімге еліміздің әр өңірінен күн сайын оннан астам тапсырыс түседі.

Өнімдердің жеңіл тасымалдануы мен онлайн сатылымға бейімділігі бизнестің қарқынды өсуіне жол ашты. Бір жыл ішінде онлайн айналым 84 пайызға артқан. Қазіргі таңда «Qazoner Group» компаниясында 14 адам жұмыс істейді. Цех таңғы 8.00-ден кешкі 22.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Кәсіпкердің басқарудағы ерек-
ше тәсілдерінің бірі – ай сайын өткізілетін «операциялық күн». Бұл күні Гүлназ немесе оның жолдасы менеджер рөлін атқарып, тапсырыс қабылдап, тұтыну-шылармен тікелей жұмыс істейді. Мұндай тәжірибе бизнес процестеріндегі кемшіліктерді анықтап, оны жетілдіруге мүмкіндік береді.

Кәсіптің дамуы барысында Гүлнәз тағы бір маңызды идеяға келеді. Ол – қазақтың дәстүрлі «ортеке» өнерін жаңғырту. Ұлын домбыра үйірмесіне берген кезде, балалардың назарын ұстап тұру қиын екенін байқайды. Сол кезде ол домбырамен бірге қолданылатын – ортекені еске алады. Бұл ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ерекше өнер түрі. Алайда нарықта мұндай өнімнің жоқтығын көрген кәсіпкер оны өзі өндіруді қолға алады. Қаржылық модель жасап, жобаның тиімді екеніне көз жеткізеді. Кейін «She’s Next» бастамасына қатысып, 16 мың үміткердің арасынан үздік үштікке енеді. Нәтижесінде, ол 2 млн теңге көлемінде грант жеңіп алып, бұл қаражатты жаңа өндірісті іске қосуға бағыттайды. Жуырда ортеке өндірісінің тұсауы облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында кесілген болатын.

Гүлназ Қадырдың айтуынша, табыс – күнделікті еңбектің нәтижесі. Ол өз білімін жетілдіруге ерекше мән береді. Осы уақытқа дейін жеке дамуына 4-5 млн теңге инвестиция салған. Бүгінде кәсіпкердің басты мақсаты – «Qazoner Group» компаниясын Қазақстандағы үздік 100 брендтің қатарына қосу.

Айдана БОРАНБАЕВА.