Жуырда ұлы дала ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай мұрасы – мәңгілік бағдар» атты ерекше аудиожинақ жобасы жарық көрді. Бұл – хәкім Абайдың терең мазмұнды Қара сөздерін заманауи форматта кең аудиторияға қолжетімді етуге бағытталған мәдени бастама.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Крендель» ЖШС бас директоры Мадина Тоғжанқызы ерекше аудиожинақ жобасына қолдау көрсетіп, жүзеге асуына атсалысты.
Аталмыш жобаның авторы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының белсендісі, «Halyq radiosy» радиосының тілшісі Елдос Төлеубаев балалық арманын орындағанына қуанышты.
– Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде «Абай оқуларына» қатысып, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы Абайдың қара сөздерін алғаш рет таспадан тыңдап, болашақта дәл осылай оқып шығуды арман еттім. Араға 24-25 жыл салып, көптен күткен жоспарым іске асты. Астана қаласынан арнайы Жанна Қабдешқызы деген кәсіпкер демеушілік танытып, жобаның жарыққа шығуына зор үлесін қосты. Бұдан былай бұл аудиожазба ашық түрде таратылады. Оны «Aiqara», «Halyg radiosy» сайттарынан тыңдауға болады. Алдағы уақытта облыстық, қалалық депутаттардың қолдауымен қоғамдық көлік – трамвайлар мен автобустарда Абайдың Қара сөздері қойылса деген ойым бар, – дейді Елдос Төлеубаев.
Екі жарым ай уақыт аралығында аудиожазбаны өңдеуге атсалысқан дыбыс режиссері Алтынгүл Омарова партия атынан марапатқа ие болды. Өңір тарихында із қалдыратын жобаны қолға алған өскелең ұрпақтың жанашырлары бастаған істі әрі қарай дамытуды көздеуде.
Жиынға келген жан-жақты сала қызметкерлері бүгінгі жастардың кітап оқуға қызығушылықтары оянып, аудиожазбадағы терең ойлы нақыл сөздері саналарына жететініне сеніп, жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында өңіріміздің жоғары оқу орындары, мәдениет мекемелері мен ақпараттық ұйымдарына ұлы Абайдың қара сөзі жазылған аудиожазба таспасы табыс етілді.
Салтанат ҒАББАС.