Баянауыл — ғылым, мәдениет және өнер саласында еңбек сіңірген қайраткерлер отаны. Талай талантты азаматты бесігінде тербеген сұлу өлкенің әр тасы талай сыр сақтап жатқаны анық. Биыл осы киелі мекеннен түлеп ұшқан шоқтығы биік тау тұлғалардың мерейтойы кең көлемде аталып өтпек.
Тұмса табиғатымен ерекшеленетін Баянауыл өлкесінде елімізге белгілі тау тұлғалар дүниеге келді. Олардың арасында биыл мерейтойлары аталып өтілетін Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов, Кемел Ақышев, Халел Арғынбаев, Суат Әбусейітов секілді қоғам қайраткерлері мен Шоң би Едігеұлы, Шорман би Күшікұлы сияқты ұлы дала даналары бар.
Жуырда Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен Баянауыл ауданында ұлы тұлғалардың киген киімдері мен ұстаған заттары және жазған кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
— Тарихи-мәдени мұраны сақтау – стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи тәжірибе – ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына. Көрмеде аталмыш тұлғалардың музей қорымызда сақталған жеке заттары мен киген киімдері және жазған еңбектерінің түпнұсқалары әкелінді, — деді Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлы.
Аталған шара барысында алғаш болып сөз алған Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Елдос Бөриев келешек ұрпақ осындай ұлы тұлғалардың есімін есте сақтауы үшін бүгінгі аға буын өкілдері толассыз қызмет ету қажет екенін айтты.
— Осы жылы жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы республика деңгейінде аталып өтілмек. Алғашқы шаралар да басталып кетті. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары хабар таратуда. Жыл соңына дейін өзге де тұлғаларымыздың мерейтойын атап өту жоспарда бар, — деді Е.Бөриев.
Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері бұл көрме облысымыздың өзге аудандары мен шекаралас облыстарда да ұйымдастырылса екен деп тілге тиек етті.
Ұлы тұлғалардың қызметін насихаттауға арналған шара халық арасында кең танылған әндер шырқалған танымдық сазды кешке ұласты.
Өз тілшіміз.